Субаренданың Исламдағы үкімі қалай?
Субаренданың Исламдағы үкімі қалай?
2 жыл бұрын 3093

Ассалям алейкум! Субарендамен айналысу шариғатта харам ба?  

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм, Батыр!

«Субаренда» деген, өзі жалдаған дүниені басқа адамға жалға беру ісі. Шариғатта мұндай іс-амалға рұқсат етілген. Үкімі - мубах. «Мәжәлләда»[1] мынадай ереже айтылады:

«Жалға алушы кісі (арендатор) жалға алған дүниесін қабылдап алмай тұрып өзгеге жалға бере алады, егер онысы жылжымалы емес мүлік болса. Ал жылжымалы мүлік болса (қабылдап алмай тұрып) өзгеге жалға бере алмайды»[2].

Бұл ережеден үш үкімді түсініп отырмыз:

  1. Субарендаға рұқсат.
  2. Жылжымалы емес мүлікті иесімен келісім жасасқаннан кейін, қабылдап алмай тұрып, өзгеге жалға беру келісімін жүзеге асыруға болады. Мысалы, үй, жер, кеңсе сияқты.
  3. Жылжымалы мүлікті қабылдап алғаннан кейін ғана өзгеге жалға бере алады.

Осы тұрғыда мынаны ескерген жөн:

Жалға алушы кісі жалға алған мүлікті - өзінің пайдалануға құқы бар ауқымда ғана өзгеге жалға бере алады. Өзі пайдалануға құқы жоқ сала үшін өзгеге жалға бере алмайды. Мысалы, бір үйді «тұрамын» деп жалға алған ол, өзгеге дүкен ашуға немесе ұстаханалыққа, яки наубайханалыққа жалға бере алмайды[3].

Жалға алушы қандай мүліктерді өзгеге жалға бере алады?

Жалға алушы кісі жалға алған дүниесін өзгеге жалға бере алуы үшін, ол дүние – «пайдаланылуы адамдарға қарай әртүрлі болып келетін» сипаттағы дүние болмауы тиіс. Мысалы, киімді алалық. Киім кию адамның киісіне қарай өзгереді: Біреу күтіп киеді, біреу күтіп кимеді деген сияқты. Демек, киімді жалға алса, оны өзінен басқаға жалға бере алмайды екен. Сондай-ақ, әшекей бұйымдар да солай. Өзі жалға алған болса, оны өзгеге жалға бере алмайды, өзгеге тағып жүруге бере алмайды. Ескілікті кітаптарда міністі де осы категорияға жатқызған[4]. Әрине, мүлік иесінің рұқсаты болса ол басқа. 

«Субаренданың» мезгілі

Жалға алушы кісі өзінің жалға алған дүниесін өзгеге - өзі жалға алған мезгілден көп уақытқа бере алмайды. Мысалы, бір кісі бір ғимаратты бір жылға жалға алды делік. Ол кісі егер өзгеге жалға беруді шешсе, бір жылдан артық уақытқа бере алмайды[5].

Жалға беретін құны

Субарендаға беруші жақ, өзгеге жалға берер кезде өзінің жалға алған құнынан қымбат сұрауына құқылы. Мысалы, өзі жүз мың теңгеге жалға алған болса, субарендаторға жүз елу мыңға бере алады. Арадағы артық ақша оған тиесілі. Мүлік иесі онысына ортақтаспайды.

Сондай-ақ, арендатор жалға алған дүниесінің төлемақысын үш айда беріп тұруға келісіп, ал өзі айма-ай ақыға өзгеге жалға берер болса, оған рұқсат. Мүлік иесі онысына қарап, айма-ай төлеп тұруын талап ете алмайды, келісім бойынша алады.

Мүлік иесінің қарсылығы  

Мүлік иесінің жалға беретін кезде «өзі ғана қолдану керек, басқаға жалға беруге болмайды» деп талап қойса, ол талабы заңды ма?

Ханафи мәзхабында ондай талаптың - мүлікке қарай үкімі өзгереді. Яғни, егер жалға берген мүлкі - «қолданылуы адамдардың қолданысына қарай өзгеретін сипатта» болса, мүлік иесінің ондай талабы орынды. Арендатор да, өз кезегінде оның талабына сай, ешкімге жалға бермеуі тиіс. Мысалы, киім, әшекей бұйымдар, мініс т.б.  

Алайда, мүліктің қолданылуы адамдарға қарай өзгеретін сипатта болмаса, ондай жағдайда мүлік иесінің талабы орынсыз. Мысалы, бір кеңсені жалға алған арендатор, мүлік иесі «өзгеге жалға бермейсін» деген талабына қарамастан оны өзгеге жалға бере алады[6]. Дегенмен, ұрыс-керіс, түсініспеушілік орын алмас үшін о баста «субарендаға» берілу тармағын келісімшартқа кіргізіп қойған абзал. Аллаһу аъләм. Уәлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Мәжәллә:  Османлы билігінің соңғы кезеңдерінде дін ғұламалары тарапынан Ханафи мәзхабы негізінде құрастырылған «Ислами азаматтық кодексі». 19 ғасыр. Толық атауы: «Мәжәлләтуль Ахкамиль Ъадлия» (مجلة الأحكام العدلية).
[2] «Мәжәллә»: 586 бап.
[3] Али Хайдар: «Дүрруль Хуккам шарху Мәжәлләтиль Ахкәм»: 586 баптың түсіндірмесі.
[4] Али Хайдар: «Дүрруль Хуккам шарху Мәжәлләтиль Ахкәм»; Мұхаммед Холид: «Шәрхуль Мәжәллә»: 587 баптың түсіндірмесі.
[5] Али Хайдар: «Дүрруль Хуккам шарху Мәжәлләтиль Ахкәм». 587 баптың түсіндірмесі.
[6] Али Хайдар: «Дүрруль Хуккам шарху Мәжәлләтиль Ахкәм». 587 баптың түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым