Тендерді ұтып алған кісі тауарды кешіктірген жағдайда «тұрақсыздық айыппұлын» төлейді, сол шариғатта дұрыс па?
Тендерді ұтып алған кісі тауарды кешіктірген жағдайда «тұрақсыздық айыппұлын» төлейді, сол шариғатта дұрыс па?
2 жыл бұрын 2096

Әссәләәмуъаләйкум! Тендерменайналысқанмын, өнім берушімін, келісімшартта мынандай пункт бар сол дұрыс па? 7.3 Тауарды жеткізу мерзімін өткізіп алған жағдайда, тапсырыс беруші Өнім берушіден ол міндеттемелерін толық орындамаған жағдайда мерзімі өткен әрбір күн үшін шарттың жалпы сомасының 0,1 % мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) ұстайды (өндіріп алады) не міндеттемелерін тиісінше орындамаған (ішінара орындамаған) жағдайда мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттемелер сомасының 0,1 % мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) ұстайды (өндіріп алады). Бұл ретте тұрақсыздық айыбының (өсімпұл) жалпы сомасы Шарттың жалпы сомасының 10 %-ынан аспауға тиіс. Мадияр.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Тендерді» шариғат тілінде «әл-Мүнәқоса» дейді. Оның басқа бір баламасы«әт-Тәурид» деген терминмен белгілі.

Тендер саудасы негізінен алып қарағанда адал сауда болып есептеледі. Бірақ,оның қолданыстағы кейбір түрлерінің шариғатқа томпақ келетін тұстары бары анықталған1. Мысалы, тендерге қатысушылардың өздерінің меншіктерінде жоқ тауарды сатулары, төлемнің төленуін кейінге қалдыру т.б. Десе де, бір сыпыра дін ғалымдары тендердің қолданыстағы бұндай түріне қажеттілік тұрғысынан қарап, олардың томпақ жөндерін шариғат ережелерімен ұштастыруға тырысқан.

Енді сауалдағы мәселеге келсек. Тендерге қатысқан саудагерге келісілген тауарды кешіктіргені үшін, айыппұл төлету шарты шариғат жөнінен дұрыс па? Қазіргі таңдағы Ислам ғұламаларының ортақтаса қабыл еткен ережеде былай делінеді: «Түпкі негізгі өтемі «қарыз» болып саналатындардан басқа, барлық сауда келісім-шарттарында «айыппұл төлеуді» шарт қоюға болады»2. Ал қарызға негізделген келісім-шарттарда айыппұл төлеу шартын қою «өсімді» тудыратындықтан, дұрыс емес3.

Осы қағидаға сай айтқанда, тендер арқылы ұтып алған бір нысананы дер кезінде соғып аяқтай алмағаны үшін айыппұл төлеу шартын қою дінге терістігі жоқ деуге болады. Өйткені бұл «қарызға» негізделген сауда түрі емес. Сондай-ақ, сұрақта сұралған бойынша, тендер арқылы сатқан тауарын дер кезінде жеткізе алмай, келісімдегі уақытынан кешіктірген жағдайда «тұрақсыздық айыппұлын» төлеу талабы да дінге қайшы емес4. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.


1) Ғалым Шейх Тақи Усмани: «әл-Муъамәләт» атты жинағында тендердің бір түрі саналатын «әт-Тәурид» түрінде төрт қайшылықты тұсын көрсеткен, 2/106 бет. 
2) Халықаралық Ислам Фиқһ кеңесі, «Рияд» қаласы, 2000 жыл, он екінші отырыс. «әш-Шартуль Жәзәи».
3) Мысалы, бөліп төлеуге зат аларда төлемін уақытынан кешіктірген жағдайда, айыппұл төленеді деген шартты қою шариғатқа қайшы, себебі бұл қарыз, ал қарызды кешіктіргені үшін қосымша өтем ақы алу «өсімді» тудырады, өсімжеу дінде харам іс.
4) Кей зерттеуші дін мамандары «тауарды кешіктіргені үшін алынатын айыппұлды шариғатқа қайышы санаған». (Шейх Хасан әл-Жәһәри: "Ъуқуд әт-Тәурид уәл Мунәқаса").
Қосымша қараған дереккөздер: Ибраһим Махмұд: «әл-Мұнақаса»; Дүбян ибн Мұхаммед: «әл-Муъамәләтуль Мәлия», 8 том. - «әт-Тәурид уәл Мунақаса», 475-571 бет аралығы; Хисәмуддин әл-Әфәнә: «Китабуль Фәтәуә» - «Ғаромәтут-тәхир»; Шейх Хасан әл-Жәһәри: «Ъуқуд әт-Тәурид уәл Мунәқаса».

 

 
Абдусамат Қасым