Алланың "әл-Ғаффар" есімінің тәпсірі
Алланың "әл-Ғаффар" есімінің тәпсірі
4 ай бұрын 1830
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

әл-Ғаффар (الغفار).

Ғаффар Алла әрнәрседе әсемдікті көрсетіп, ұсқынсыз жеккөрінішті нәрсені жасырды. Күнәлар да ұсқынсыз жаман нәрселерден болып саналатындықтан, Алла Тағала оны да (қалаған пендесінен) осы дүниеде жасырады және ақыретте жазасын кешіреді. «Әл-Ғафр» сөзінің тілдік мағынасы «жасыру» демек.

Алла Тағаланың жасырған нәрсесінің біріншісі - пенденің денесіндегі ұсқынсыз жеккөрінішті жерлері. Алла Тағала көрер көзге ұсқынсыз көрінетін жерлерін пенденің ішіне жасырып, сыртын әсемдікпен қаптаған. Пенденің іші мен сыртында қаншама лас және таза нәрселер бар! Іші - ұсқынсыз, сырты әсем. Пендеге қарашы, не нәрсені сыртқа паш еткен, ал не нәрсені ішіне жасырған! (Бұл - бірінші жасыру).

Алла Тағаланың пенде үшін жасырған екінші нәрсесі - жаман ойлары мен теріс пиғилдары. Алла Тағала пенденің жаман ойлары мен теріс пиғылдарын жүректің сыры қылды, әрі, ол сырға ешкім қол жеткізе алмайтындай қылды. Егер, пенденің көкейіндегі азғырынды ойлары мен қулығын, қиянаты мен жаман ойларын жұртқа паш етер болғанда, ол адамды халық жек көрер еді, тіпті жанын алып, оны өлтіруге дейін барар еді. Ендеше, қарашы, Алла Тағала пенденің сырлары мен кемшіліктерін өзге адамдардан қалай жасырған!

Алла Тағаланың жасырған үшінші нәрсесі - пенденің күнәсін жасыруы. Хақ Тағала пендесі мақсара болмасын деп, өзгелерден оның істеген күнәсін жасырады. Тіпті Алла Тағала пендесінің күнәсін, істеген жақсылықтарына қарай жойып, жаман ісін, жақсы іске ауыстыратындығын уәде еткен, бастысы жүрегінде иманы болып, мұсылман күйінше жан тәсілім еткен болуы шарт.

Ескертпе:

Пенденің бұл қасиетті «есім шәрифтен» алар үлесі келесідегідей: пенде де өзгелердің кемшілігін жасыруы тиіс, ешкімнің айыбын бетіне баспауы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір сөзінде былай деген: «Кім бір мүміннің (жасырын) кемшілігін жасырса, қиямет күні Алла Тағала да оның кемшілігін жасырады» деген. Біреуді ғайбаттаушы, өзгенің айыбын тіміскілеп жүретін адам немесе жамандыққа жамандықпен жауап беретін кекшіл адам, хадисте айтылған сипаттан ада (яғни, пенденің кемшілігін жасыру қасиетінен). 

Ондай қасиетке - Алланың жаратқандарының тек жақсы жөнін айтушылар ие. Ешқандай жаратылыс кемшіліксіз емес. Оның артықшылығы бар болғаны секілді, кемсін тұстары да бары анық және сүйкімді жері бар болғаны секілді, ұқсынсыз жөні де жоқ емес. Ендеше, жаратылыстардың жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отырушы кісі, хадисте айтылған қасиетке ие адам.

 Риуаттарға қарағанда Иса пайғамбар (салауатуллаһи алейһи) өзінің хауарилерімен бірге өліп жатқан бір иттің жанынан өтіп бара жатады. Сасыған иісі жер-көкті алып жатыр екен. Хауарилер: «мына өлексе неткен сасық еді!» - дейді жиіркеніп. Сонда Иса ғалейһиссәләм: «тісі қандай әппақ еді!» - деген екен, әрнәрсенің тек жақсы жөнін ауызға алу керектігін ескертіп1.


1Имам Ғазали: «әл-Мақсадуль Әснә» (Алланың көркем есімдерінің тәпсірі) атты кітабынан. Араб тілінде. 

Қазақшалаған А. Қасым. 

 

0 пікір