Дін ілімін үйренушілер үш түрлі болады
Дін ілімін үйренушілер үш түрлі болады
1 жыл бұрын 4183
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Біліп қой! Ілім ізденуде адамдардың пиғылы үш түрлі болады:

- Бір кісі бар, ілім ізденудегі көксегені - ақыреттік азығы. Мақсаты – бір тек Алла ризалығына қол жеткізу және ақыретін сақтап қалу. Ол – жетістікке жеткендерден.

- Бір кісі бар, ілім оқудағы ниеті – осы дүниедегі тіршілігіне жәрдемші болсын деп оқиды. Ілім оқып, атақ-абыройға және мал-дүниеге қол жеткізейін деген ниетпен оқиды. Ондай ғалым рухани әлсіздігін және ниетінің жүзіқаралық екендігін іштей жүрегімен сезеді. Бұндай кісі өзін қатерге дұшар етушілерден. Егер ажалы тәубе етпей тұрып келсе, ақтық демі жаман болады деген қауіп бар, олай болған жағдайда, оның жағдайы Алланың қалауына қалады (Алла қаласа, кешіреді, қаламаса кешірмей белгілі мерзім тозаққа салып жазалайды). Бірақ ажалы келмей тұрып тәубе етіп үлгерсе және алған іліміне амал етіп, амалда осалдық танытқан жерлерін толтырса, ол жетістікке жетушілердің қатарынан болады, сөзсіз тәубе - кісіні күнәдан пәк қылады.

- Үшінші бір кісі бар шайтан иектеп алған. Ол алған ілімін мал-дүниесін көбейтуге, атақ-абыройымен мақтануға және соңынан ілесушілердің қатарын арттыруға бір құрал ретінде көреді. Дүниелік қалауына қол жеткізу үшін, алған ілімімен барлық жерге кіріптар болады. Алайда, оның іші-сырты дүниеге деген құштарлыққа толы болуымен қоймай, ол ғалымдарша киінгеніне қарай, ғалымдар ұқсап сөйлейтініне қарай, оның да Алланың құзырында өзіндік орны бар деп ойлайды. Ондай кісі – құрдымға кетушілерден және алданған ақымақтардан. Өйткені, өзін «ізгі жандар қатарынанмын» деп ойлауы оның көкейінде «ақыретте де құтылушылардан боламын» деген үлкен үміт пайда етеді, ал онысы оның тәубеге келуіне кедергісін келтіреді. Ол Құдай Тағаланың мына бір қасиетті сөзінен хабарсыз: «Ей, иман еткендер! Өздерің істемейтін нәрселерді неге айтасыңдар?» (Саф сүресі, 2).

Ондай адамдар Алла елшісінің (с.а.у.) былай деп айтқан адамдардың қатарынан:

«Мен сендер үшін Дәжжалдан гөрі Дәжжал емес әлдекімдерден қорқамын» - дейді Алла елшісі (с.а.у.). Сонда қасындағылар: «Олар кімдер, уа Расулалла?» - деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Жаман дін ғалымдары» - деп жауап береді.

Өйткені, Дәжжалдың (Тажал) көздеген мақсаты белгілі – адастыру. Ал мынау сияқты ғалымдар ауыздарымен және сөз жүзінде адамдарды дүниеге берілмеуді насихаттаса да, өзінің іс-әрекеттерімен және рухани халімен адамдарды керісінше дүниеқоңыздыққа шақырып тұрады. Хал тілінің әсері – сөздің әсерінен көбірек. Оның үстіне, адамдардың жаратылысы естіген сөзге ергеннен гөрі, көзбен көрген амал-әрекеттерге сай бой түзеуге бейімдірек болып келеді. Мұндай алданған ғалымдардың адамдарды сөздерімен дұрыстағанынан гөрі, іс-әрекеттерімен бұзғаны көбірек болады. Өйткені ғалымдар дүниеқорлыққа салынбаса, діни сауатсыз адам дүниеге берілуге батылы жетпес еді. Осылайша оның алған ілімі пенделердің күнәға батып, Аллаға қарсы келулеріне себепкер болды.

Сөйте тұра, оның надан нәпсісі (пейіштен) үмітті, онымен қоймай (соңынан ерушілердің және дүниесінің көп болуын) күтеді. Кейде ол алған ілімі үшін оны Алла нығметке бөлеуі керек деп ойлайды және өзін Алланың көп пенделерінен артық санайды.

Ей, ілім алушы талаба! Бірінші топтағылардан болуға талпын. Екінші топтағылардан болудан сақтан, бұлардың қаншасы тәубеге келуге асықпай, ақырында ажалы жетіп, тәубе етуге үлгере алмай, қасырет құшты. Және де, әсте, үшінші топтан болам деме! Олардан бірі болсаң, құтыларыңа үміт жоқ, дұрысталам деуің де бекер. Құр босқа құрдымға кетесің1 

(*Талаба - шәкірт).


 1Имам Ғазали: «Бидаятуль Һидая». Араб тілінде.

Тәржімалаған Абдусамат Қасым

 

 

0 пікір