ҚАДІР ТҮНІ (өлең)
ҚАДІР ТҮНІ (өлең)
1 жыл бұрын 3316
Нағашыбай Қабылбек

 

Бұл түндей түн болмайды, нұрын шашқан,
Көктегі жұлдыздар да жымыңдасқан.
Бұл түні қара тас та тебіреніп,
Бұл түні жазылады тағдыр-дастан.

Бұл түннің құдіреті – алған баурап,
Періштелер түседі көктен саулап.
Бұл түні жер бетіне береке орнап,
Алланың кешірімімен кетер жайнап.

Бұл түні құран түскен нұрға бөлеп,
Сол үшін қайтарылмас дұға-тілек.
Бұл түнге жасырылған нығметті,
Табады құлшылыққа қанған жүрек.

Бұл түнге жеткен де бар, жетпеген де,
Көп салауат айтайық, өткен күнге.
Рамазанның соңғы тақ он күндігін,
Не жетсін ғибадатпен өткізгенге!

Бұл түн сондай қадірлі мың айдан да,
Алла шуақ төгеді мұңайғанға.
Алла қуат береді құлағанға,
Алла бәрін төгеді сұрағанға!

Ақиқат – айтылған сөз құрандағы,
Қадір түні - момынның Иран бағы.
Кімде-кім осы түннен шеттеп қалса,
Жақсылық атаулыдан құр қалғаны.

Бұл түнде құран оқы, дұға жаса,
Құлшылық болмақ емес одан аса.
Бұл түні Раббысына жалбарынған,
Жетеді зор байлыққа шын қаласа...

0 пікір