"Діни ағымдар 6 топқа бөлінеді...": Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) қысқаша ағымдар жайында
"Діни ағымдар 6 топқа бөлінеді...": Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) қысқаша ағымдар жайында
23 күн бұрын 2253

Біліп қой! Әртүрлі діни ағымдарды алты топқа бөлуге болады. Олардың әр екеулері бір-біріне қарама-қайшы ұстанымдағы ағымдар. Атап айтсақ:

Алланы жаратылыстарға ұқсатушылар (тәшбиһ) мен керісінше сипаттарды жоққа шығарушылар (таътыйль);

(Пенденің еркіндігі жоқ дейтін) Жәбрия мен (керісінше адам барлық ісін өзі жаратады дейтін) Қадариялар;

Әзіреті Әлиді кәпір деген Харижиттер мен керісінше (пайғамбар дейтіндей оны асқақтататын) шиіт Рафизилер. (Бұлар бір-бірлеріне қарама-қайшы ағымдар, осы жөнінен ол алты топты үш топқа бөліп қарайды).

Ал «Әһлу сунна уәл жамағат» деп аталатын «Суннит» жолындағылар болса, олар - дінде Орта жолды ұстанатындар. Суннит жолындағылар Алланың сипаттарын «тәшбиһке» бармастан немесе керісінше сипаттарды жоққа шығармастан, аят-хадистерде келген күйінше қабыл етеді.

1) Бұдан түсінетініміз: (Алланың ағзасы бар деп, Оны жаратылыстарға ұқсататын) Мүшәббиһа ағымдары мен кейбір Алланың сипаттарын жоққа шығарушылардың ұстанған жолдары - Шайтанның жолы. 

2) Жәбрия ағымы мен Қадария ағымдарының қай-қайсысы да тура жолдан ұзақ. Кім пенденің қалау еркіндігі жоқ, адам істеген істеріне жауап бермейді (не істесе де Құдай істетіп отыр, адамның таңдауы жоқ) десе, яғни, пендедегі «кәсб»-ті жоққа шығарса, ол адам - Жәбрия ағымына тән адам. (Кәсб - пенденің ықтиярымен істейтін іс-қимылдары).

Ал кім адамның бүкіл іс-қимылын Құдай емес, адамның өзі жаратады (және әркімнің тағдыры өз қолында десе), ол адам - тағдырды жоққа шығарушы Қадария ағымына тән адам.

3) Рафизи ағымы мен Харижи ағымдарына келсек, олар да тура жолдан ұзақ ағымдар.

  • Рафизилер - Пайғамбар (с.а.у.) отбасын (және оның ұрпағынан болғандарды) шектен тыс жақсы көргенімен, кейбір сахабаларға тіл тигізіп, оларға деген дұшпандықтарында артық кетіп жатады.
  • Харижилер - сахабаларға қарасты ұстанымдарында қаттылық танытқандары соншалық, Пайғамбар отбасына жау болып, Әзіреті Әлиді залымдықпен және күпірлікпен айыптады.

4) Ал Әһли Сунна уәл Жамағат жолындағылар, яғни, Сүннит жолындағылар - орта жолды ұстанды. Олар Пайғамбардың отбасын және сахабалардың бәрін тегіс жақсы көрді. Алла Тағала Суннит жолындағыларды сахабалардың біріне тіл тигізуден сақтады. Сүннит жолындағылардың сахабаларға тек мадақ пен мақтаудан басқа айтарлары жоқ. Барлық мақтау мен алғыс әрі шүкіршілік бір Аллаға ғана тән!1


1  Имам Ғазали, «Раудатут Толибин». №5 бөлім.

Абдусамат Қасым

0 пікір