Ғұлама Имам Мәтуриди «истиуәны» жоққа шығара ма?
Ғұлама Имам Мәтуриди «истиуәны» жоққа шығара ма?
8 ай бұрын 2307 Суретте Имам Мәтуридидің жазып қалдырған тәпсір кітабы

Әлхамдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Қазіргі сәләфит-уаһабит бағытындағы мұсылмандар Имам Мәтуридиді және Әшғария ғалымдарын Алланың сипаттарын жоққа шығарады деген сөздер айтып, адасушылықпен айыптап жатады. Осылайша, бұл тақырыптарды терең білмейтін немесе дінге енді бет бұрғандарды жергілікті Мәтуриди мәзхабынан жирендіріп, өздерінің қатарына қосқылары келеді.

Шындығында, Имам Мәтуриди де, Әшғари ғалымдары да Алланың сипаттарын жоққа шығармайды. Керісінше Алланың біраз сипаттарын жоққа шығаратын Мұғтәзилит сияқты ағымдарды сынайды. Және де «Алланың сипаттау - өзгелерге ұқсату болмақ» дегендерге де қарсы: «есімде ұқсастық - екі нәрсенің ұқсастығын тудырмайды» деп, Алланың кейбір фиъли сипаттарының адамдарда да болуы Жаратушы мен жаратылғандардың ұқсастығын тудырмайды дейді. Сөйтеді де:

«Алла Тағала өзіне қойған есімдермен аталады және өзін сипаттаған сипаттармен сипатталады» дей келе, Алланың Құранда айтылған есімдері мен сипаттарын толық қабыл ететіндігін білдіреді Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ)1. Имам Мәтуридидің бұл сөзінің қай жері сипаттарды жоққа шығару?

Ал сәләфиттер Имам Мәтуридидің «истиуә» сияқты мүтәшәбиһ сөздерге «тәуил» жасап, оның дұрыс мағынасын таңдап бергеніне қарап «Имам Мәтуриди сипаттарды жоққа шығарады» деп жала жабады. Негізінде Имам Мәтуридиге «тәуил» жасайды деп қарсы келетін сәләфиттердің өздері «тәуил» жасайды. Тәуил деген не? Тәуил деген екі ұдай мағына білдірер мүтәшәбиһ аяттардың мағыналарын анықтау және арасынан ең лайықты мағынаны таңдау болып табылады. Сәләфиттер де "истиуә" сияқты аяттың сөздік мағынасын таңдайды, бірақ оның беткі яғни, «тәшбиһке» (Алланы жаратылыстарға ұқсатуға) жетелер мағынасын береді. Олардың қате жөні де осы. Мәселен, хадисші, фақиһ Имам Нәуәуи (р.а.) ондай аяттың беткі мағынасын қабылдау қате деген. Ибн Кәсир де беткі, тәшбиһке жетелейтін мағынаны қабылдау қате деген.

Ендігісі, Имам Мәтуриди «истиуә» сөзін немесе "басқаша айтқанда" «истиуә» сипатын жоққа шығара ма?

Имам Мәтуриди аятты да, аяттағы «истиуә» сөзін де жоққа шығармайды. Ол (р.а.) сәләфиттер сияқты ол сөзге «отырды», «орнықты», «мекен тұтты» деген сияқты қате мағыналар беруді жоққа шығарады. Имам Мәтуриди айтады: истиуә сияқты мүтәшәбиһат аяттарға не:

1) ешқандай мағына бермей, сол күйінше иман етіп, мағынасына Аллаға қалдыр, яғни, «тәфуыйд» жаса,

2) не болмаса, мағына бергің келсе, арасындағы дұрыс мағынасын, яғни, Алланы жаратылыстарға ұқсатып қоймайтын мағынасын таңда дейді.

3) Онда да, «оның мағынасы осылай» деп кесіп айтпа дейді. Өйткені, ең нақты мағынасын Алла біледі.

4) Әйтсе де, Алла Тағала кейбір тақырыптарда «тереңдей ме, тереңдемей ме» деп пендені сынаған. Сондықтан, мұндай мәселелерде ең дұрысы «тәуәққуф» жасап, мағынасын қазбаламай тұрақтаған абзал дейді ғұлама.

Мысалы, Имам Мәтуриди өзінің «тәухид» атты ауқымды ақида еңбегінде истиуәға қатысты пікірін былай деп баяндаған:

  • «Біз «истиуә» сөзінің астарында Алла Тағала нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз». 
  • «(мағына берілетін болса) «ар-Рахману ъаләл ъарши истәуә» деген аятқа Құранда айтылғанға (мухкәм аяттарға) сай және жаратылыстарға ұқсатып жібермейтіндей етіп мағынасын беру керек».
  • Сондай-ақ: «ол аяттың ұғымы мынадай», - деп те кесіп айта алмаймыз. Одан өзге де (тәшбиһті тудырмайтын) мағынаға келуі мүмкін... 
  • Бір мағынаны кесіп айтпастан Алла тағала аталмыш аяттың астарында нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз.
  • «Истиуә» сөзінің мағынасын (жорамалдайтын кезде) кісі өзінің өзге жаратылыстардан ұққаны бойынша жорамалдауы дұрыс емес. (яғни, ойында, қиялында қалыптасқан көрініске сай немесе беткі мағынасына сай мағына беруге болмайды, мысалы, Алланың өзіне тән қолы бар, он саусағы бар деген сияқты).
  • «Истиуә» аятының мағынасын жорамалдағанда, сөздің әдемірек мағынасын таңдауға мүмкіндік барда, оның ең нашар мағынасын таңдау дұрыс емес».
  • «Алла пенделерді кейбір мәселелердің мағынасын түсіну үшін тереңдемей тұрақтай ма деп сынаған. Мысалы, пейіш пен тозақ, хуруф мұқаттаъа т.б. аяттарда айтылған мәселелер сияқты... (сондықтан да, истиуя деген сияқты аяттарға тереңдеместен тұрақтаған абзал-ауд.)»2. 

Қарап тұрғандарыңыздай, Имам Мәтуриди (рахимаһулла) «истиуә» сынды мүтәшәбиһ аяттарға иман етіп, оның ақиқаттығын мойындайды, бірақ ондай аяттарға «тәшбиһке» жетелейтін, яғни, Алланы жаратылыстарға ұқсатып қоятын мағыналар беруді дұрыс емес деп есептейді. Мұның қай жері адасушылық?... 

Әлхамдуллиләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым


1  Имам Мәтуриди: «Китабут тәухид» - Алланың сипаттары жайында.
2  Имам Мәтуриди: «Китабут тәухид» - Арш аятына түсініктеме.

 

0 пікір