Харижит ағымының пайда болуы және Харижилік сананың өзгешеліктері
Харижит ағымының пайда болуы және Харижилік сананың өзгешеліктері
8 жыл бұрын 6943 akikat.kz

Харижиттер исламға сенгенімен ой-өрісі мен ойлау қабілеті таяз адамдар еді... Олардың түсінігінде білімT мен танымнан гөрі үнемі іс-әрекет жоғары тұратын.  

Харижилік – исламның алғашқы ғасырында саяси мақсатта пайда болған, діни-саяси тақырыптарда әсіре көзқарас, іс-әрекеттерімен танылған топ. Бастапқыда хазірет  Әлимен бірге жүрген бұл топ Сыффин шайқасы кезінде Құранның төрелігіне жүгінуді талап еткендерді қолдаған. Бірақ шайқастан кейін берілген үкімге қарсы шығып, төрешілер мен оны құптағандарды  күпірлікпен айыптаған.   Әуелгіде толықтай саяси мақсатта пайда болған бұл топ көп өтпей өздерінің әрекеттерін дұрыс деп көрсету әрі өздерін қолдайтындарды жинау үшін «Үкімді тек Алла шығарады» деген Құран аятын ұрандатып өз мүдделеріне пайдаланған («Әнғам» сүресі, 57-аят).   Харижиттер әр кезеңде маргиналды ағым болудан аспай, шамамен әр ғасырда түрлі атау, түрлі әрекеттермен төбе көрсетіп отырған. Бүгінгі күні де басқа атау яки кейіппен әрекет жасайтын маргинал топтар көптеген мұсылман елдерде өз қызметтерін жалғастыруда. Бұл мақалада харижилердің қалыптасу процесі мен соларға тән сана-сезімдік ерекшеліктер жайлы қысқаша мәлімет беріледі.  

 

Харижиліктің пайда болуы мен қалыптасу процесі

«Харижи» – «ел-жұрттан, діннен, ақиқаттан алыстаған немесе заңды халифаға қарсы шыққан және басқару жүйесіне бағынбай негізгі жұрттан бөлінгендерге» берілген атау [1, 132 б.] Тіпті бұлар жайлы кейбір хадистерде «Марика» яғни, жебенің садақтан шыққанындай діннен (тез) шыққандар делінген*. Бұл ағым өкілдері өздеріне «Алла мен пайғамбардың разылығы үшін жанын пида еткендер» (Бақара сүресі, 207) деген мағынада «шари», «шурат» (жанын пида еткендер) деген сипатты қолдануды дұрыс көрген. Бұған қоса, олар «харижи» атауын барынша маңызын жоғарылатып өзгелердей емес, «Кәпірлердің арасынан кетіп, Аллаға және пайғамбарына хижрет жасағандар» (Ниса сүресі, 100) деген мағынада да қолданған [2, 137 б.].  

Хазірет пайғамбар (с.а.у.) бақилық болғаннан кейін мемлекетті басқарушының кім болатындығы, қалай тағайындалатындығы, міндеті мен жауапкершіліктерін атқармаған жағдайда оған қандай шара қолданатындығы туралы Құран мен сахих хадистерде нақты айтылмағандықтан, кейбір түйткілді мәселелер туындады. Алғашқы халифа хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мен ізбасары хазірет Омар (р.а.) саяси проблемаларды шешу үшін өз заманының талаптарын ескеріп, ислам қоғамының ынтымағы мен бірлігін нықтап, мемлекетті күшейтетін саясат ұстанды [2, 137 б.]   Халифа хазірет Осман (р.а.) кезеңінде кейбір мәселелер өршіді. Халифа он екі жылдық халифалық кезеңнің алғашқы алты жылында әуелгілер секілді елді әділ басқарды. Алайда екінші алты жылында кейбір әкімдердің жіберген қателіктері халықтың наразылығын тудырды. Бірақ халық әкімдер себеп болған бұл келеңсіздіктерді халифа Османнан (р.а.) көрді. Бұған қоса, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыда жасалған өзгерістер билікке наразы халықтың санын арттыра түсті. Нәтижеде өзге дін өкілдерінің де араласуымен Куфа, Басра және Мысыр секілді аймақтарда күшейген наразы топтар Мәдина қаласына баса-көктеп келіп, халифаны сынға алды, қорқытты, соңында шейіт етті.      

Осы сұмдық оқиғадан кейін хазірет Әли (р.а.) амалсыз халифалыққа келісіп, міндетті қолына алуға мәжбүр болды әрі мұсылмандардың бірлігін сақтауға күш салды. Алғаш қолға алған маңызды ісі хазірет Осман (р.а.) дәуірінде тағайындалған әкімдерді ауыстыру болды. Алайда Шам әкімі Мұғауия Османның (р.а.) өліміне хазірет Әлиді жауапты деп тауып, оған серт бермей (биат), билікті Хашими әулетіне ұстатпайтынын айтты. Осы оқиғалардың ізін ала хазірет Әли үмбеттің ынтымағы мен бірлігін қалыпқа келтіру мақсатында оларды өзіне бағындыру үшін Шамға қарсы жорыққа шықты. Сыффин соғысы осындай оқиғаның нәтижесінде орын алды. Мұсылмандар арасында саяси тұрғыда билік әлсіздігі осылай пайда болды. Харижилердің пайда болуында осы дағдарысты кезең мен билік әлсіздігінің әсері айтарлықтай.     

Харижиліктің пайда болуына әлеуметтік, экономикалық, саяси, діни бірнеше факторлар әсер еткен. Анығында ешбір діни-саяси қозғалыс бір ғана себептің нәтижесінде тумайды және бірден пайда болмайды. Әлеуметтік мазмұндағы ағымдар тізбектелген оқиғалардан кейін, көптеген себептердің әсерімен, ұзақ мерзім ішінде пайда болады. Олар осы орайды өздеріне тиісді пайдаланды. Харижиліктің пайда болуында да әлеуметтік өзгерістер, әсіресе урбанизация үдерісінің ықпал еткені байқалады. Харижилер – бастапқыда бәдәуи яғни, дала халқы болған. Ислам дінін қабылдағаннан кейін біртіндеп отырықшылдыққа көше бастаған тайпалар арасынан шыққан. Олардың едәуір бөлігі бұл үлкен әлеуметтік өзгерісті көтере алмады. Өйткені шөлдегі тайпа өмірі мен тайпа мүддесі бірінші кезекте тұрғандықтан, тайпаны негізге алатын түсінік шешуші рөл атқарды. Сондықтан тайпа мүшелері қандай жағдай болмасын бір-біріне сенуі керек, көмектесуі керек және өз тайпаларын басқалардан қорғауы тиіс. Осы себепті олар өздеріне жақтаспағандарды дұшпан санап, түс – ақ пен қарадан ғана тұрады деп біліп, дос-дұшпан түсінігін соған қарай анықтаған. Осы түсінік уақыт өте келе тек өздерін ғана «ақиқатқа жеткен топ» деп білуге, өздерімен бірге болмаған өзге мұсылмандарды дұшпан (кәпір) санауға, мүмкіндік туған сәтте оларды жазалау керек деген түсінікке негіз қалағаны байқалады. Нәтижеде Османның (р.а.) шейіт етілуімен бастау алған саяси оқиғалар, әсіресе Әмауи-Хашими (әулеттері) арасындағы текетірестер, қоғамдық шұғыл өзгерістер, отырықшылықтан (урбанизация) туындаған түйткілді мәселелер, азат ету жорықтарымен (фатх) ислам шекарасының кеңеюі, жаңа елдердің ислам дінін қабылдауы секілді бірнеше факторлар «Харижиттер» деген атауға ие осындай топтың пайда болуына ықпал етті.   Харижиліктің тарихы Сыффин соғысы (36/657), төрешілерге жүгіну және соның нәтижесінде хазірет Әлидің әскер тобының жікке бөлінуімен басталған [3, 131-160 б.] Жәмал соғысынан кейін Куфаға барып, мемлекетті сол жерден басқаруды қолға алған мүміндердің әміршісі хазірет Әли мұсылмандардың саяси бірлігін тұрақтандыру үшін Шам тұрғындарын тағы бір рет өзіне бойсұнуға (биат) шақырды. Бірақ олар бойсұнбай, нәтижеде соғысудан басқа шара қалмады. Айналып келгенде, Сыффин шайқасында хазірет Әли басқаруындағы Ирак әскері мен Шам әскері бетпе-бет келіп, ұзаққа созылған соғыс нәтижесінде хазірет Әли басым түсті. Амр ибн Астың пікіріне құлақ асқан Мұғауия өз әскерлеріне Құран парақтарын найза ұшына іліп, ирактықтарды Құран үкіміне жүгінуге шақыруға бұйрық берді. Куфалықтардың бір бөлігі (кейіннен бұлар «харижи» деп аталады) осы саяси ойынға алданып, хазірет Әлиді үкімге тоқтауға шақырды. Оқиға барысында кейіннен бұл топ хазірет Әлиден бөлек кетті. Сөйтті де Әли, Мұғауия, Амр ибн әл-Ас және төрешіге жүгінген бүкіл мұсылмандарды күпірлікпен айыптады.   Хазірет Әлиден бөлектенген осы топ мұсылмандар арасында террорлық әрекеттерге ерік беріп, өз пікірлеріне қосылмағандарды аяусыз өлтіре бастады. Харижиттердің бұл қылығынан қауіптенген хазірет Әли Мұғауиямен соғыспай тұрып Харижи мәселесін шұғыл түрде шешуді жөн көрді. Сол үшін Нахриван және Нухайла шайқастарында оларға ойсырата соққы берді. Бірақ бұл соғыста аман қалған кейбір харижиттер хазірет Әлиге қастандық жасап, шейіт етті (Хижри 40 ж. 21-Рамазан, милади 661 ж. 28-қаңтар). Харижиттер бастапқыда көсем ретінде таңдап, жолында жандарын пида етуге дайын халифаларын өздеріндей ойлап, пікірлеріне қосылмағаны үшін әуелі кәпір деп айыптап, артынан осылай шейіт еткен.       

Әмауилер дәуірінде де харижиттердің көтерілістері басылмады. Әсіресе хазірет Хасан халифалықты Мұғауияға тапсырған уақытта харижиттердің қарсылығы одан сайын күшейіп кетті. Олар тек өздері жоспарлаған көтерілістермен шектеліп қалмады. Әмауилерге қарсы бағытталған кез-келген көтерілістерге көмек беріп отырды. Десе де әкімдерінің қатаң бақылауға алып, қатаң шара қолдану нәтижесінде бұл көтерілістерде айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алмағанын айтуға болады.   Аббаситтер дәуірінде де харижиттер үшін өркен жаю мүмкін болмады. Кейбір көтерілістерін мемлекет дер кезінде басып отырды. Өз ішінде бірнеше топқа бөлінген харижиттер алғашқы екі ғасыр ішінде жойылып тынды. Алайда Басраға орталықтанған Ибадия тобы заман өзгерісі мен уақыт ағысына бейімдеп, әсіре көзқарастарын жұмсартыңқырап әлі де жалғасып келеді. Бұл топты қолдаушылар Солтүстік Африкада Тахартта Рустамилер мемлекетін құрып бір жарым ғасырдай өмір сүрген. Қазіргі таңдағы Оман сұлтандығы Ибадия орталығы болып саналады. Бұған қоса, Алжирдің ішкі бөлігінде, әсіресе Бербери тайпаларында, Зангибарда Ибадиялық кең тараған.   Бірақ осы жерде мына мәселені де айта кеткен жөн. Ислам мәзһабтарының тарихи дереккөздерінде Ибадия – харижиттердің жалғасы ретіне көрсетіледі. Бірақ қазіргі заманғы мәзһабтар тарихын зерттеушілер Ибадия мүшелерінің бұл пікірді құптамайтынын, өздерін харижиттерден бөлек санап, тіпті ерте дәуірдегі харижиттерді жиі сынға алатындықтарын айтады [4]. Осы себепті мәзһабтар тарихы деректеріндегі бұл көзқарасты қайта қарастырып, Ибадиялықтар өздерін қалай танытатын болса, оларды солай қабылдау қажеттігі байқалып отыр.      

 

Харижиттік сана және оның ерекшеліктері

Ислам тарихы дереккөздерінде алғашқы харижиттердің құлшылыққа берік, зүхд (дүниені көзге ілмейтін), тақуа әрі ықыласты, идея мен дінге әсіре берілген, қатаң, қызу қанды, соғыс пен өлімнен тартынбайтын, Құранды жатқа әрі көп оқитын, аяттарды үстірт түсінетін, насстың (құран мен хадис) тек сыртқы формасына берілетіндігі секілді ерекшеліктері аталады. Әрине бұл ерекшеліктер олардың санасынан туындауда. Өздері дұрыс көрген мәселені бір ғана дұрыс осы деп қабылдайтын, иланған нәрселеріне соқырша жабысатын харижиттер өзге мұсылмандардың дәлеліне ешқашан илікпейді. Қанша жерден ақиқаттығы анық көрінсе де өздеріне қарсы пікірдегілердің көзқарастарымен келіспейтін. Бір жағы бәдәуилік тұрмыстан келгендіктен пікірталастарда тым қатал, дөрекі мінезге басатын. Бұған қоса, олардың құлшылыққа құлай берілетіні, күндерін оразамен, түндерін намазбен өткізетіндігі айтылады. Аталған дереккөздерде олардың бір жағынан тақуа, ықыласты екендігіне назар аударылса, екінші жағынан олардың есерсоқтығы мен есалаңдығы, қаталдығы, сеніміне шақыруда өзін байыпты ұстай алмайтындығы, өз пікірін күшпен өзгеге қабылдатуға тырысатындығы секілді әсіреліктері де айтылады. Харижиттік сананы түсіну үшін тағы тереңірек үңілгенімізде, олардың ойлау өрісінің тар, сол баяғы қанына сіңген бәдәуи логикасымен іс-әрекет жасайтынын көреміз. Шөлде қарабайыр өмір сүру салтындағы үстірт дүниетанымы діндарлығына да әсер етіп, діннің нәзік тұстарын түсіне алмағаны, осы тұрғыда Құран үкімдерін білетін, түсінетін мәдениетті адамдар болмағанын әрі Құран туралы мағлұматтарының тым үстірт екені байқалады.   

Харижиттер осы таяз түсінікпен өзге топтарды ғана сынамайтын, өз іштеріндегі іс-әрекеттерге де дәл сол түсінікпен баға беретін. Мысалы, Нафи ибн Әзрақ өзімен бірге Әмауилерге қарсы шықпаған Басра харижиттерін және олардың көсемі Абдулла ибн Ибадты күпірлікпен айыптаған. Өзі  секілді харижит болғанына әрі бүкіл өмірін соған арнағанына қарамастан Ибн Ибад жетекшілерінің өзін бөлектеуіне әрі күпірлікпен айыптауына ұшыраған.   Харижиттердің негізгі ерекшелігі діни білімсіздік пен аяттарды үстірт түсіну болды. Олардың Құранды шала түсінетінін ұғыну тұрғысынан хазірет Алидың Абдуллаһ ибн Аббасты олармен кездесуге жіберіп тұрып айтқан кеңесі маңызды. Хазірет Әли харижиттермен пікірталаста Ибн Аббасқа аяттарға қарағанда анағұрлым нақты әрі түсінікті пайғамбардың практикалық (фиили) сүннетінен дәлел келтіруін тапсырды. Өйткені Құрандағы аяттардың сияғына (аяттардың сүре ішіндегі мағыналық тұтастығы – ауд.) қарай өзгеретін түрлі мағыналары бар. Харижиттер болса бұны түсінетіндей емес, өздерінің дұрыс көргенін дінге әкеліп таңатын қисынмен жүрген жандар еді. Айтқандай, Харижит көсемдерінің бірі Нәжда ибн Амир «Кімде кім кішігірім күнә жасаса немесе өтірік айтса, әрі осыларды табанды түрде істесе, ол адам мүшрік. Ал табандап тұрып алмай зина жасаса, ұрлық жасаса және арақ ішкен жан (өз жақтасы болу шартымен) мұсылман» дегені дереккөздерде айтылады [5, 64 б.] Дереккөздерде кездесетін осыған ұқсас басқа да оқиғалардан харижиттердің діни үкімдерге Құран мен сүннетке біртұтас күйде жалпы қарап емес, жалқы түрде ғана қарап, асығыстық танытқанын түсінеміз. Бұл болса берген үкімдерінде олардың жаңылуына, қайшылыққа ұрынуына әрі көбіне келіспеушіліктер туындап, жіктелулеріне жол ашқан.    

Енді бар жағынан харижиттер «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» принципін орындау барысында исламға өрескел қайшы қылықтарға жол берген. Исламға үндеу деген атпен мұсылмандарды өлтіруге дейін барған әсірелік байқатқан. Олар шынайы иман тек өздері ұстанғандай болуы керек деп бек иланғандықтан, өзге мұсылмандарды қайтадан дінге және иманға шақыру керек, бұған бойсұнбаған жағдайда оларды өлтірген жөн екенін алға тартып, мүмкіндік туа қалғанда соны іс жүзінде көрсеткен.      

Харижиттердің сенімінде амал – иманға кірді. Басқаша айтқанда, құлшылықты кем атқарған не күнә жасаған адамның иманы кем [6, 149 б.]. Осы себепті олар құлшылығын орындамаған немесе күнә жасаған мұсылманның күпірлікке ұрынғанын, ал иман етіп барып күпірлікке ұрынған адам тәубе етпеген жағдайда өлтірілу керек деп есептейді. Осы себепті күнәһар мұсылманды өлтіру олар үшін діни міндет. Хазірет Осман мен хазірет Әли секілді кейбір құрметті сахабаларды осындай түсінікпен өлтірген.  

 

Харижиттердің зорлық-зомбылықты заңдастыру жолдары

Харижиттер «әмр бил-мағруф» (жақсылыққа үндеу) және «жихад» ұғымдарына сүйеніп, исламның атынан күш көрсету мен террорлық әрекеттерді негіздеуде еді. Негізінде «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» ұстанымы ислам дінінің әрбір мұсылманға жүктеген міндеті. Құранда «Сендер (Раббыларыңның қалауымен) күллі адамзаттың игілігі үшін анықталған ең қайырлы үмбетсіңдер. Әрдайым жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға кәміл сенесіңдер» делінген (Әли Имран сүресі, 110 аят). Хазірет пайғамбар (с.а.у.) де: «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл иманның ең әлсізі» деген (Мүслим. Иман. 78). Мұсылмандар осы бұйрықтарды негізге алып, жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыяды. Бұл өзі жалпылама міндет екеніне қарамастан, харижи түсініктен әсерленген кейбіреулер осы бұйрықты түрліше орындауда.     

«Жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» принципін орындау барысында әһли сүннет ғұламалары күш қолданудың дұрыс еместігіне пікір тоғыстырған. Айталық, Әбу Ханифа осы міндетті орындау барысында Ислам үмбетін басқарып отырған, ел бірлігіне жауапты мемлекет басшысына қарсы шығу, қарулы күрес ұйымдастыру, үмбет бірлігіне осылай қауіп төндірудің жақсылыққа емес, жамандыққа, бүлікке шақыру екенін білдіріп, осы ерекшелігі себепті харижиттерді қатты сынаған. Әһли сүннет ғұламаларының айтуынша, қоғамда жаңа әділетсіздіктер, бүлік пен тәртіпсіздіктің шығуына жол бермеу мақсатында «мәжбүрлеп істету міндетін» тек ресми мекемелерге қалдыру керек. Жеке тұлға мен үкіметтік емес ұйым өкілдері болса білім беру, ағарту және ескерту секілді бейбіт жолдарды ұсыну әрі жақсылыққа орта әзірлеумен шектеледі.    

Харижиттердің «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» міндетін орындауына келсек, олар бұл мәселеде мейлінше қатал әрі мейірімсіз. Олар мемлекет басшылығына қарсы көтерілістерінде «Үкімді тек Алла ғана береді» (Лә хүкма иллә лиллаһ) деген мағынадағы аяттармен ұрандатса, жеке тұлғаларға қатысты «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» принципін негізге алады. Хазірет Әлиге, кейіннен Әмауилерге, Аббаситтерге қарсы шыққанда да осы ұрандарды қолданған. Бүкіл көтерілістері мен террорлық әрекеттерін осы ұрандармен заңды етіп көрсетуге тырысқан. Бөлек көзқарастағы кейбір мұсылмандарды «жақсылыққа үндеу» принципінің талабымен өлтіріп отырған. Осы міндетті орындау барысында олардың қаншалықты әсірелікке ұрынғанын Абдулла ибн Хаббаб ибн Әрат пен аяғы ауыр әйелін шейіт етуі оқиғасынан-ақ көруге болады. Бір топ харижит Басра маңында Абдулла ибн Хаббаб пен керуеніне кезігіп қалады. Харижиттер Абдулладан кім екенін сұрағаннан кейін оның көңілін жайландырып, тек сұрақтарға дұрыс жауап беруін қалады. Әуелі хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омар туралы көзқарасын сұрады. Абдулла олардың ізгі кісілер екенін айтты. Хазірет Осман туралы сұрағанда, оның бастапқыда да, соңында да дұрыстықтан таймағанын айтты. Хазірет Әли туралы сұрағанда, «Ол Алланы сендерден артық таниды, сендерден артық діндар, көзқарасы да сендерге қарағанда анағұрлым дұрыс» деп жауап қатты. Бұл жауаптарды ұнатпаған харижиттер ашуланып былай деді: «Сен әуестігіңе еріп, оларды істерімен емес, тек аттарымен ғана таниды екенсің. Аллаға ант етейік, сені аяусыз түрде өлтіреміз!» Артынша аяғы ауыр әйелі екеуін бірге өлтірді [7, 56 б.]. Харижиттердің бұл астамдығын хазірет Әли естігенде, мән-жайды анықтау ісін Харис ибн Мүрраға табыстады. Харис ол жерге жетер-жетпес харижиттер сөзге келместен оны да өлтіріп тастады. Осы және осыған ұқсас оқиғалар харижиттік сананың қаншалықты қауіпті екенін әрі хазірет Әлидің бұлармен соғысуының қаншалықты маңызды әрі мағыналы екенін көрсетуде.    Хазірет пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) таңдаулы сахабасын өлтіріп тастайтындай деңгейде тым шектен шыққан харижиттік топтар бұны өздері мақсат тұтқан «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» міндеті үшін жасады. Бірақ осы міндетті орындау барысында ірі бүліктің отын тұтатқандарын аңғармады. Өйткені олар дін талабымен мұсылмандарды өлтіруге жол ашты әрі осындай түсініктегі адамдарға жөн сілтеді. Қазіргі күнгі ықпалды радикалды топтардың негізгі көздегені момын мұсылмандар екенін назарға алсақ, харижиттік сана-сезімнің мұсылмандарға күш көрсетіп, террорлық жасауының ешбір кезеңде өзгерместен әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын өкінішпен айтуға болады.        

 

Қорытынды

Қазіргі таңда Ислам географиясының түрлі аймақтарында түрлі атаулармен діни мотивтегі зорлық-зомбылық әрекеттерінің ықпал етіп отырғаны байқалуда. Діни мотивтегі зорлықшыл әрекеттердің ең басты себептерінің бірі иләһи үкімдердің практикалық ұстанымында анықталған тұжырым әркелкілігі және кейде иләхи бұйрықтардың түпкі мақсатын бұрып, кереғар мәнде жасалатын тұжырымдар екені күмәнсіз. Тұжырымдардың тек қана біреуін дұрыс деп біліп әрі осы пікірлерді маңайындағы адамдарға күшпен қабылдатуға тырысу кісіні фанаттыққа итермелейді. Екінші бір жағынан діни мәтіндер өз біртұтастығы әрі болмыс мақсаты назарға алынбастан, жалқы тұрғыда ғана қолға алынғанда, өте-мөте жат пиғылдылар қолымен зорлық, террор және шиеленістің бір талабы ретінде ұсынылуда. Сондықтан да діннен көзделетін игілікке толықтай қол жеткізу үшін әуелі оны дұрыс түсіне білу керек. Өйткені қате түсінілген дін фанатизм, өмірді қиындату секілді кері нәтижелер тудырып, әрі халықты қиындыққа душар етеді, әрі жұртты діннен бездіріп, дінге кесір тигізеді. Дінді қате түсіну, қиындату, діни фанатизм және діни қысым секілді дін атынан жасалған керітартпа әрекеттердің дінге тигізген кесірі бөтен күштер тарапынан дінге қарсы жасалған әрекеттердің дінге тигізген кесірінен де ауыр. Тарихтан адамды діннен алыстатудың ең тиімді жолы діни қысым жасау, ал ең сәтсіз әрекеті дінге қысым жасау болғанын көреміз.     Қорыта келе мынаны айтуға болады: харижиттік  дүниетаным ислам тарихының белгілі кезеңінде ғана төбе көрсетіп, кейіннен жоқ болып кетті деу қиын. Харижиттік сананы тудырған факторларға ұқсас жағдайлар белең алған қай уақыт пен елде болсын, діни сипаттағы зорлықшыл әрекеттердің орын алуы бек мүмкін. Харижиттік санадан бастап, жеке мүдделеріне қол жеткізу үшін діни мотивті зорлықшыл түсінігін қару ретінде қолданған маргинал топтарға лайықты ең дұрыс шешім жолы, ол – исламның әсемдіктерін: сүйіспеншілік, бейбітшілік, бауырмалдық пен бақытты қамтамасыз ететін білім беру жолына көңіл бөлу.

1. Шахристани, Әбіл-Фатх Мұхаммед ибн Абдулкарим, әл-Миләл уән-Ниһәл (Әмир Әли Мәнһа Әли Хасан Фаур), Бәйрут. 2008.
2. Булут Халил Ибрахим. Дунден бугуне сияси-итиқаи ислам мезхеплери тарихы. Анкара. 2013.
3. Шахристани.
4. Орхан Атеш. Гүнүмиз Умман Ибадиясы. У.Ү.Сосиял билимлер енститусы. Бурса. 2007
5. Абдулкахир Бағдади. Мәзхаблар арасындаки фарклар (ауд:Е.Рухи Фығлалы). Анкара. 1991. 64 б. 
6. Әбу Мути Макһул ибн Фадл ән-Нәсафи. Китабур-рад әла әһлил-бида уәл аһуаид-дәлла. (Саид Бахчиван), Кония 2013.
7. Бағдади.  
* Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Бұл кісінің ұрпағынан жебенің садақтан шыққанындай (марика) діннен тез алыстап кететін жандар шығады». (Қараңыз: Бұхари, Мағази. 61; Мүслим, Зекет. 144-145). 

0 пікір