Имам Мәтуриди діннің төрт түйіні жайында: «ислам», «иман», «таным» және «тәухид»
Имам Мәтуриди діннің төрт түйіні жайында: «ислам», «иман», «таным» және «тәухид»
8 ай бұрын 2196 суретте Имам Мәтуридің "тәухид" атты ақида кітабы
Абдусамат Қасым

Имам Ағзам Әбу Ханифаның сенім негіздерін дамытушы ғұлама Имам Мәтуриди де «иман» мен «ислам» терминдерін бөліп жарып қарамайды. Имам Мәтуриди бойынша «иман» мен «ислам» терминдері тілдік тұрғыда әртүрлі мағынаны білдіргенімен, шариғи тұрғыда екеуі синоним сөздер. Мысалы, қалайша «адам», «пенде», «ер адам», «пәленше» деген сөздер айтылуда әртүрлі болғанымен, түбінде бәрі бір нәрсені білдіріп тұрған болса, иман мен ислам ұғымдары да солай. 

Десе де, Имам Мәтуриди ислам мен иман терминдерін айнымас бір сөз деп те есептемейді, олардың да өзіндік жеке мәндерінің барын да жоққа шығармайды. 

Төменде Имам Мәтуридидің діннің төрт түйіні - ислам, иман, мағрифа (білу, тану) және тәухид екендігін атай келе, бұлардың әрқайсысының мән-мағынасын қысқаша былай деп түсіндіріп өткен:

1) Ислам деген, Алла Тағаланы кәйфиетсіз (қандайсыз, яғни, жаратылыстарға ұқсатпай-ауд.) тану. Оның (исламның) орны - кеуде. Өйткені Құранда: «Алла кімнің көкірегін Ислам үшін ашса...» деп келеді1.

2) Иман - Алланың құдайылығын тану (маърифәту әл-үлуһия). Оның (иманның) орналасқан жері - жүрек. Құранда: «Иман жүректеріңе кірмеді...» деп келеді2.

3) Таным, білім (мағрифа) - Алла Тағаланы сипаттарымен тану. Оның орналасқан жері - ақыл. Ақыл - жүректің ішінде болады.

4) Тәухид - Алла Тағаланың жалғыздығын, даралығын тану. Оның орналасқан орны сыр. Сыр - ақылдың ішінде. Осы мағынада Құранда: «Алланың нұрының мысалы - ішінде жарық бар шамдал сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек бейне інжудей бір жұлдыз...» деп келеді3.

Ендеше, осы төрт түйін бір емес, бірақ бір-бірінен бөлек те емес. Осы төртеуі топтасып дінді құрайды, - дейді Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ). 

Имам Мәтуридидің осы анықтамасына қатысты, XIV(14)-ғасырда өмір кешкен Шәфиғи-Әшғари мәзхабының дін ғұламасы Имам Сүбки (рахимаһуллаһ) өзінің еңбегінде: «Әбу Мәнсур әл-Мәтуридидің осы анықтамасы өте керкем анықтама, оның бұл танымы - сопылардың жолы (немесе танымы)» деп баға беріп өтеді4

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Құран, «Зүмәр», 22 аят: «Алла Тағала Құранда: «Алла кімнің көкірегін Ислам үшін ашса..., оның Раббының нұрына бөленгені емес пе?..».
2  Құран, «Хужурат», 14 аят: ««Бәдәуилер: «Иман келтірдік» (мүмин болдық) деді. Оларға былай де: «Сендер иман келтірмедіңдер. Тек мұсылман болдық деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді...».
3  Құран, «Нұр», 35 аят.
4  Имам Сүбки: «әс-Сәйфуль Мәшһур».

0 пікір