Жәннәт қандай?
Жәннәт қандай?
4 ай бұрын 2426

Жәннәттың бейнесін және жәннәт тұрғындарының шаттығын ойлаңызшы әрі өткінші дүниені қанағат тұтып, пейіштің орнына дүниені таңдағандардың өкінішін елестетіңізші!

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің былай дегенін жеткізеді:

«Пейіштің қоршауының (дуалыныңбір кірпіші күміс, бір кірпіші алтыннан (күміс және алтын кірпіштерден өрілген). Оның топырағы - заъфараннан, ал батпағы (слағы) - мисктан (мускус, иіс су)»1.

Осы хадистің басқа бір нұсқасында: «Шақпатасы (щебень) інжу-маржаннан» деген сөз кездеседі.

Алла елшісінен пейіштің топырағының түр-сипаты жайында йудейлердің бірі (Ибн Сайяд) сұрады. Сонда Ол (с.а.у.): «пейіштің топырағы – әппақ ақ ұн (тәріздес), оның иісі мисктің иісіндей хош иісті» - деп жауап берді2.

Сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің жеткізген хадисінде Алла елшісі (с.а.у.) пейіштегі үйлер жайында былай деп өтеді:

«Жәннәтта іші сыртынан, сырты ішінен көрінетін бөлмелер (үйлер) бар. Оларды Алла Тағала – ашты тамақтандырғандарға, сөзі жұмсақтарға және түнде жұрт ұйықтап жатқанда намаз оқитындарға әзірледі». (Тирмизи, «сүнән»).

Басқа бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Пейіште тесік інжу моншақтан төрт бұрышты шатырлар бар (яғни, кіретін есігі бар інжуден шатырлар бар). Оның еңі – алпыс миль (шамамен 115 шақырым). Әр бұрышында шатырдың иесінің (мүміннің) жұбайлары тұрады. Бір бұрыштағыларды, келесі бұрыштағылар көрмейді. (Шатырдың иесі) мүмін оларды (әр бұрышында қоныстанған жұбайларын) кезіп, аралап жүреді»3.

Сахаба Әбу Һурайрадан (радияллаһу анһ) жеткен тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Кімді Алла Тағала ақырет күні шараппен сусындандырғаны қуантса, оны осы дүниеде ішпесін. Және де кімді Алла Тағаланың ақырет күні жібек киіммен киіндіргенін қаласа, оны осы дүниеде кимесін»4.

Басқа бір хадисте былай делінеді:

«Жәннәттағы ең төменгі жағдайдағы тұрғынның бір әшекей бұйымы, осы дүниедегі бүкіл халықтың әшейкейлерімен салыстырылса, Алла Тағаланың пейіште пендесіне тағатын бір әшекейі – бүкіл дүние жүзіндегі барлық әшекейден артық болар еді»5.

Әнәс ибн Мәликтен жеткен бір хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) былай баяндайды:

«Пейіште базар бар. Оған жәннәттағылар әр жұма сайын барып тұрады. Олар барған заматта солтүстіктен бір самал жел еседі. Жүздеріне және үстеріндегі киімдеріне себіледі. Сол кезде олардың көркемдіктері мен сұлулықтары артады. Көріктері мен сұлулықтары артқан күйі жұбайларына барған кезде, оларға жұбайлары: «Аллаға ант етейін, бізден кеткеннен кейін бұрынғыдан да көрікті, бұрынғыдан да сұлу болып келіпсіз» деп айтады. Олар да (күйеулері де жұбайларына): «Аллаға ант етейін, сендердің де көріктерің мен сұлулықтарың артыпты» деп айтады»6.

Сахаба Әбу Һурайраның айтысына қарағанда бір кісі Алла елшісінен:

- Бізге жәннәттағылардың киетін киімдері жайында айтыңызшы! Олардың киімдері жаратыла ма, әлде өріле ме? - сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір сәт үндемейді. Қасындағылар болса, сұраушының сұрағына күліп жібереді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оларға:

- Білмейтін адамның білетін адамнан сұрағанына күліп отырсыңдар ма?! - дейді де, сөзін жалғап: «Жәннәт жемістері киімдерді екі рет шығарады» деп жауап береді. Яғни, жеміс ағаштары жылда немесе аптада екі рет бұршақ атып, сол бұршақтан киімдер шығады деп түсініктеме берілген.

Сахаба Әбу Һурай (с.а.у.) Алла елшісінің былай дегенін жеткізеді:

«Пейіште бір ағаш бар, бір атты кісі оның көлеңкесінде жүз жыл жүрсе де, көлеңкесі бітпейді. Қаласаңдар мына аятты оқыңдар: «Ұзарған көлеңкелер..». («Уағиға», 30)7.

Журәйр ибн Абдулла деген кісі былай деп әңгімелейді:

«Саффах деген жерге келген едік. Сол жерде бір адам ағаштың түбінде ұйықтап жатыр екен. Үстіне күн түсуге жақын қалыпты. Қасымдағы жігітке мына қайыс төсенішті апарып, төбесіне қалқалап қойшы дедім, күн тимесін деп. Жігіт барып, мен айтқандай көлеңкелеп қойды. Біраздан кейін әлгі ұйықтап жатқан адам оянды. Қарасам сахаба Сәлман Фәриси екен. Барып сәлем бердім. Сосын ол маған:

- «Уа, Журайр, Алла үшін кішіпейіл бол. Кім осы дүниеде Алла үшін кішіпейіл болса, Алла Тағала қиямет күні оның дәрежесін көтеріп қояды, - деді. Сосын әріқарай: - «Қияметтің қараңғылықтары» деген не екенін білесің бе? - деп сұрады. Мен: «Білмеймін» дедім. Ол (р.а.): «Ол деген, осы дүниеде адамдардың бір-бірлеріне зұлымдық қылып, әділетсіздік жасаулары!» - деді. Кейін жерден бір кішкентай ғана қоқысты қолына алып маған: «Уа, Жүбейр, егер пейіштен осы тәріздес кішкентай қоқыс іздесең де таппайсың» - деді. Мен оған: «Уа, Абдулланың әкесі, сонда құрмалар мен ағаштар қайда болады?» деп сұрадым. Ол (р.а.): «Олардың тамыры інжу мен алтыннан, ал жоғарғы жағы жеміс-жидек болады» деп жауап берді» - деп Журайр әңгімесін аяқтапты.

Бұл айтылғандардан бөлек пейіш жұртшылығына дүниеде бұрын көрген және бұрын-соңды көрмеген көптеген нығметтер мен ырзықтар беріледі. Оның бәрін бір мақалаға сыйдыру, әрине мүмкін емес. Сондықтан да, бүгінше осы келтіргенмен шектелейік. Алла Тағала баршамызды пейіш иелерінен еткей! Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин! 


 

1Имам Тирмизидің «Сүнәнінда» келтірілген.
2Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
3Бұхари, Мүслім.
4Табарани: «әл-Әусат»; Нәсәи: «сүнәнуль Кубро». Сахих.
5Табарани: «әл-Әусат».
6«Сахих Мүслім».
7Бұхари мен Мүслім жеткізген.

0 пікір