Жеті нәрсе мархұмның артынан барып тұрады
Жеті нәрсе мархұмның артынан барып тұрады
1 жыл бұрын 10994

Кісі дүние салғаннан кейін бүкіл жиған-тергені, дос-жарандары, көрші-қолаң, туған-туыстары қалады. Онымен бірге көрге кіретін жалғыз ғана нәрсе бар, ол - осы дүниеде істеген жақсылы не жаманды істері. Егер артында жақсы істер қалдырып кетсе, сауабы, ал жаман істер қалдырып кетсе, күнәсі барып тұрады. 

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған кісінің артынан жеті игі істің сауабы барып тұратындығын білдірген. Ол жайында, сахаба Әнәс ибн Мәлік (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігін жеткізген: 

«Жеті түрлі істің сауабы өлгеннен кейін де қабірдегі пендеге жылдам барып тұрады (немесе үзіліссіз барып тұрады):

1) Біреуге білім үйреткен болса. (Білім үйреткен адамының сол білімін өзгеге үйреткен жағдайда, оның сауабы мархұмға барып тұрады).

2) Тоған қазса. (Тоған - өзен арнасынан суармалы алқапқа тікелей тартылған үлкен арық, канал. Қазған каналындағы суынан пайдаланған кісілердің, ол судан ішкен жан-жануарлардың, суғарылып піскен жемістердің сауаптары мархұмға барып тұрады).

3) Құдық қазса.

4) Құрма ағашын (не басқа жеміс ағашын) отырғызса. (Отырғызған ағашының көлеңкесінде біреу саяласа немесе жемісінен құс, жан-жануар, адам жеген болса, бәрінің сауабы барып тұрады).

5) Мешіт салса.

6) Құран кітапты (не басқалай пайдалы бір кітапты) мұра қылып қалдырса. (Қалдырған Құран кітабы оқылған сайын сауабы барып тұрады).

7) Өлгеннен кейін артынан жарылқау тілеп тұратын бала қалдырса. (Артында Құран оқитын, намаз оқитын ұрпақ қалдырса, ол ұрпағының бағыштаған Құраны, берген садақасы, оқыған намазының сауабы, жасаған дұғасының сауабы мархұмға барып тұрады)»1

Осылардың сауаптары өлген кісінің артынан кешікпей қабіріне барып тұрады екен. Алла Тағала мархұмдардың қабірін жарық қылсын!


1  Шейх Әлбәни: «Сахихут тәрғиб»; әл-Бәззәз; Ибн Хаббан; әл-Бәйһәқи: «Шуъабуль Имән», №3449 хадис. Хасан лиғойриһи.

Нұғман Тұрғын

0 пікір