«Мүміндердің бәрі – Рахманның достары...»: Имам Тахауи
«Мүміндердің бәрі – Рахманның достары...»: Имам Тахауи
3 жыл бұрын 11886
А. Қасым
«Мүміндердің бәрі – Рахманның әулиелері (достары). Алланың құзырында олардың ең қадірлілері – Құдайға ең көп итағат ететіндері және Құранды ең жақсы ұстанатындары». Имам Тахауи. 

«Әулие» сөзі – араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Уәли - «жақын» деген мағынаны білдіреді. Мұны қазақша «дос» десек болады. Алланың досы. Дос деп, жанашыр, қамқор, жанына жақын, қайғыда да, қуанышта да жанынан табыла білетін әлдекімді айтамыз.Пенде – Аллаға жақын болып, оның бұйрықтарын екі етпей, тыйғанынан тыйылып жүрсе, ол - «уәли» саналады. Яғни, «Әулие» саналады. 

Құран Кәрімде: «Оның достары тек тақуалар» - деген аят бар. Осы аятта «Әулие» сөзі қолданылады. («Әнфәл» сүресі, 34).

Тағы бір аятта: «Біліп қойыңдар! Алланың достарына ешқандай қауіп жоқ және олар қайғырмайды», - делінген. («Юнус» сүресі, 62).

Демек, уәли немесе әулие сөзі пендеге қолданылғанда – Аллаға тағат-ғибадатымен және тақуалығымен жақын болған пендені айтады екенбіз. Ол, өзінің Жаратушысына жақындығы себепті үлкен дәрежеге жететіндігі соншалықты – нәтижесінде Алланың махаббатына кеңеліп, Пайғамбарымыздың тілімен айтқанда, Алла оның көрер көзіне, естір құлағына, ұстайтын қолына, жүретін аяғына айналады (астарлы мағынада). Ол не сұраса Алла Тағала оған беретін болады. Егер, ондай пенде Алладан пана тілесе, Алла оның панасы болады. Мұндай пендені «Әулие» дейміз. Алла Тағаланың  ондай пендесіне деген махаббаты, сүйіспеншілігі сондай, бір құдси хадисте былай деген: «Кім менің әулиеме (досыма, әулие пендеме) жапа шектірсе, мен оған соғыс ашамын!» - деген. (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Әбу Һурайрадан жеткен).

Осы құдси хадистегі «әулиеме...» сөзіне Ибн Хажар әл-Асқалани: «Алланың әулиесі деп бұл жерде – Алланы танитын, Оның бұйрықтары мен тыйымдарын екі етпейтін, Оған ықыласпен құлшылық қылатын пендесі айтылып тұр» - деп түсіндірме жасаған.

«Әулие»ұғымына Имам Тафтазани былай деп анықтама береді:

«Әулие деген, ол - өзінің мүмкіндігінің шеңберінде Алланы жақсы білетін Ариф, тағат-итағатты үзбейтін Муаазыйб, күнәлардан ұзақ тұратын Мүжтәниб, құмарлық пен нәпсіге берілуден бас тартатын Муърид пенде».

Ал, «уәли» сөзі Аллаға қолданылғанда: «бүкіл ісін жүргізуші», «қамқоршы», «жанашыр» деген ұғымдарда болмақ. Құранда «Алла Тағала иман еткендердің уәлисі» - делінген («Бақара», 257). Осындағы "уәли" - қамқоршы, досы, жақыны деген ұғымда. Яғни, Алла Тағала иман еткендерге, жәрдемімен, көмегімен, тағат-ғибадатқа тауфиқ беріп, оны өзі разы болатын іске бастап отыруымен жақындығын көрсетеді...

Ендігі жерде, Имам Тахауидің: "Алланың құзырында олардың ең қадірлілері – Құдайға ең көп итағатшылдары..." дегені мына қасиетті аятқа ишара:

"Алланың құзырында сендердің ең қадірлілерің – ең тақуаларың". («Хужурат» сүресі, 13).

Ғұламаның «Құранды ең жақсы ұстанатыңдары...» деген сөзін сахаба Абдулла ибн Аббастың мына бір мәліметі аша түспек. Ардақты сахаба Құранмен амал етушілер жайында: «Алла Тағала Құранды оқып, ондағы нәрселермен амал етуші кісіні бұ дүниеде адастырмайтындығына және ақыретте бақытсыздықа ұшыратпайтындығына кепілдік берген» - дейді де,артынан мына аятты оқиды:

«Кім менің Һудама (һидаятыма) ерсе, ол – адаспайды да, бақытсыздыққа ұшырамайды». («Тоһа» сүресі, 123 аят).

Пайдаланған әдебиеттер:
«әш-Шархуль Кәбир аляль Ақидатит Тахауия». Сайид Фуда.
«Шәрхаль Ақидатит Тахауия». Мұхаммед әл-Бәбирти.
«Шархуль Ақидәтит  Тахауия». Абдульғани әл-Ғоними әл-Мәйдәни әл-Ханафи.

0 пікір