"Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы, Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмәт!"
"Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы, Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмәт!"
3 жыл бұрын 5756
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Арақ - ақыл, мастық - ой, жар - хақиқат, 

Жан - нәпсі, шатақ иман - дін қиянат[1].

Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп, 

Сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат. 

Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын, 

Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат. 

Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ, 

Терең ой мен ақылға айтамын дат.

Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы, 

Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат[2]. 

Шатақ дінге, әдетке не білгішке

Ноқталатпай ойымды қылам азат.

"Ақылға билетпеген пенде - айуан", 

Десем де бола қоймас сөзім ағат.

Құранның шын мағынасын шатақ ұғып, 

Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат. 

"Ақылыңа сынат, - деп, - дәлел айтқан"

Құраннан табылады талай аят. 

Тәпсір деп қасиетін талқан қылып, 

Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат. 

Жарық нұрдан жаралған Күн жоғалмас, 

Бетіне перде жапсаң неше қабат,

Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы, 

Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат.

Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,

Дін десе тұра қашты есті азамат.

Бар обалы олардың тәпсіршіде, 

Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.

Ол қатені түзеткен әлімдер көп, 

Соның сөзін оқысам, боламын шат.

Қиянатың бар болса, иманың жоқ,

Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат.

"Шәкәрім". Жинақ.
Алматы, 2008 ж. "Ел-Шежіре".


[1] «Шатақ иман – дін қиянат...»: иманның бұзылуы немесе қате сенім мен дінді дұрыс түсінбеу – дінге жасалған қиянат болмақ деген мағынада айтылып тұрса керек - islam.kz 
[2] «Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы...»: Пайғамбар айтты десе де, ақылға сыймай тұрса, рас хадис па, жалған хадис па, тексермей, басқа да хадистермен салыстырмай, одан қала берді, Құрандағы ашық аяттардың таразысына салмай қабыл етпеймін деген мағынада айтылып тұр деген ойдамыз. Әйтпесе, ақылымыз жетпейтін, бірақ Пайғамбарымыз айтқан сахих хадистер баршылық. Мысалы, қабір азабы, ақыреттегі пейіш пен тозақ, пейіштегі нығметтер – бұлардың бәрі адам ақылы жетпейтін дүниелер. Бірақ біз оның ақиқаттығына сенеміз, себебі оның бәрі Пайғамбарымыздан жеткендігіне күмән тудырмайтындай дәрежедегі нақты риуаяттармен бекітілген. Ал, әлсіз риуаяттар, яғни, Пайғамбарымыздың айтқандығы күмәнді болған риуаяттар - олар басқа. Ондай риуаяттар сенім негізіне қабыл етілмейді. islam.kz.

0 пікір