Қабір нығметі
Қабір нығметі
23 күн бұрын 2432

Адам қайтыс болғаннан кейін ауыр күнә жасап жүріп тәубе етпей өлгендер мен бұл дүниеде Құдай Тағаланы мойындамай, хақ дінге қарсы боп өткен адамдар қабірге барғаннан кейін қабір азабын татады. Ал кісі ақысын жемей, Құдайды мойындап, оның тыйғанынан тыйылып жүрген мүмін-мұсылманның о дүниеде қабірі жарық болып, белгілі нығметтерге де бөленеді екен. Бұған қатысты бірнеше риуаяттар жеткен. 

Қабір нығметтеріне Аллаһ тағаланың мына сөзі дәлел:

"Ал егер (өлген кісі) Аллаһқа жақындардан болса, сонда оған рахатты шаттық әрі нығметті жұмақ бар"1.

Сондай-ақ алдыңғы тақырыптарда Бара ибн Азибтен және басқалардан жеткен хадистерде қабір нығметтерінің біразы айтылды. Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

«Расында, өлер алдында мүмінге періштелер әтір және райхан иісі сіңген жібек алып келеді. Оның жаны қамырдан суырылған талшықтай (жеңіл) шығады. Оған: "Уа, жақсы рух, өзіңнің қалауыңмен, ризашылығыңмен Аллаһтың ризашылығына, кереметтеріне шық!" – делінеді. Жаны шыққан бетте жаңағы миск, әтір сіңген жібекке оралады, онымен Ғиллийнге (жаннаттағы орын) жіберіледі», – деген2.

Әнәс ибн Мәликтен (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

«Екі періштенің қабірдегі сынағынан сүрінбей өткеннің қабірі жетпіс білекке кеңейтіліп, жасыл желекке толтырылады», – деген3. 

Пайғамбарлар мен шәһидтердің қабірдегі жағдайы 

Кейбір ерек тұлғалы адамдар болады. Қабір өмірінде олардың рухтарының арнайы орындары бар. Бұлардың қатарына пайғамбарлар кіреді, оларға сәлем болсын! Айша (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (с.а.с.) өмірінің соңғы сәттерінде:

«Бәлкім, жаннаттан жоғары серік", – деп айтқанын жеткізген4. Пайғамбарлардың рухтары көкте жоғары серікпен (дос, жолдас) бірге құрметті орында болады. Аспандардың ең жоғарысында Аллаһ тағала сый-құрметке бөлеген пайғамбарлармен және періштелермен бірге болмақ. Бұл жайлы Миғраж туралы әңгімелеген сахих хадистерде келтірілген. Миғражда Пайғамбарымыз (с.а.с.) әртүрлі аспанда пайғамбарлармен кездескен. Яғни, олар дүние салғаннан кейін сол жақта өмір сүреді.

Сол сияқты шәһидтердің де арнайы орындары бар. Аллаһ тағала Құранда шәһидтер туралы: «Аллаһ жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине, олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөленеді»5, – деген. Олардың өлгеннен кейінгі жағдайы басқалардікіндей емес, біршама ерекшеленеді. Шәһидтер пайғамбарлар мен шыншылдар сияқты тірі болады, денелері де бұзылмайды. Ал рухтары арнайы бір орындарды иемденеді. Аллаһ тағала: «Әрине, олар тірі. Раббыларының алдында ризыққа бөленеді», – дейді. Яғни, олар тірі, біз сияқты Аллаһтың алдында ризық алып жатыр. Бірақ қайда?! Масруқ біз әңгіме етіп отырған аяттың мәнін Абдуллаһ ибн Масғудтан (Аллаһ оған разы болсын) сұрағанда, ол: «Біз де бұл жайлы Пайғамбардан (с.а.с.) сұрағанбыз. Ол (с.а.с.): «(Шәһидтердің) рухтары, аршыға ілінген шырақтары бар жасыл құстардың кеуде қуысында. Ертемен жаннаттың қалаған жеріне барып, сосын әлгі шырақтарға қайтады», – деп айтты», – деп жауап берген6. Яғни, шәһидтердің рухтары жасыл құстардың ішінде, ал ол құстардың мекені Аллаһ тағаланың аршына ілінген құс ұясы тәрізді шырақтарда болмақ.

Міне, бұл – Аллаһ тағаланың шәһидтерге әзірлеген құрмет орны. Сондықтан да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары және бұрынғы өткен ізгі кісілер шәһидтікті қалайтын болған. Өйткені олар Құран аяттарынан және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінен шәһидтерге дайындалған сый-құрметтің қаншалықты жоғарғы дәрежеде екендігін біліп, оны қалап және осы мәртебеге жету үшін қатты ұмтылатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Кімде-кім шын жүрегімен Аллаһтан шәһидтікті сұраса Аллаһ оны, егер ол төсекте өлсе де, шәһидтердің мәртебесіне жеткізеді», – деген7. 

Мәжди Мұхаммед әш-Шиһәуи, «Қабір азабы».
Арабшадан аударған: 
А.Зулай


1  "Уақиға" сүресі, 88-89 аяттар.
2  Ахмад, Ибн Хиббан.
3  Муслим.
4  Әл-Бұхари.
5  "Әлі Имран" сүресі, 169-аят.
6  Муслим
7  Әт-Тирмизи.

0 пікір