«Уа, балам! Құлшылық, тәуәкел және ықылас жайында сұраған екенсің...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (10 бөлім)
«Уа, балам! Құлшылық, тәуәкел және ықылас жайында сұраған екенсің...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (10 бөлім)
2 жыл бұрын 2239
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Менен «құлшылық» жайында сұраған екенсің.

Құлшылық деген, ол – үш нәрсе:

1) Шариғат бұйрықтарын екі етпеу.

2) Тағдыр мен жазмышқа және Алланың берген несібесіне разы болу.

3) Алланың ризалығын іздеу жолында нәпсінің ризалығын тәрк ету (яғни, Алланың қалауын орындап, нәпсінің қалауын орындамау).

Кейін менен «тәуекел» жайында сұрадың.

Тәуекел деген – Алланың уәдесіне бек сену. Яғни, тәуекел - бүкіл әлем кедергі болуға тырысса да, саған жазылған нәрсе міндетті түрде саған бұйыратынына, ал саған жазылмаған нәрсе бүкіл әлем жәрдемге келсе де бұйырмайтындығына сенуің.

Тағы «ықылас» жайында сұрадың.

Ықылас деген, ол – бүкіл амалдарыңды Алла Тағала үшін істеуің, адамдардың мақтауына қуанбауың, жамандауына қайғырмауың.

Біліп қой!

Шынында рия – халықтың қолпаштап, ұлықтауынан туындайды. Оның емін айтсам: оларды Жаратушының құдіретіне бағынышты, саған жеңілдік туғызуға да, қиындық туғызуға да құзыреті жоқ бейнебір жансыз заттар іспетті көргенің жөн, сонда сен адамдарға жағу үшін амал етуіңді доғарасың. Ал егер адамдарды құдіретті және саған қалағанын істей алатындай шексіз ерік иесі деп санасаң, риядан құтыла алмайсың! (Рия – адамдар көрсін деп, көрер көзге істеу).

Қалған кейбір сұрақтарыңның жауабы кітаптарымда бар. Сол жерлерден іздегін. Ал кейбір сауалдарыңа мүлдем жауап жазуға болмайды.

Сен білгеніңмен амал ет, сонда білмеген нәрселер саған өздігінен ашылады. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген: «Кім білген нәрсесін амалға асырса, Алла Тағала оған білмеген білімді мұра қылып береді»[1].  

УА, БАЛАМ!

Бүгіннен кейін, мазалаған сұрақтарыңды тек жүрек тілімен сұрағын: «Сен оларға өзің шыққанға дейін, олар сабыр ете тұрғанда, олар үшін ол нәрсе қайырлы болар еді». АЯТ[2].

Хызыр ғалеһиссәләмның (Қыдыр ата) мына насихатын көкейге түйші: «Саған ол жайында өзім айтпайынша, еш нәрсе сұрама!» Аят[3]

Асықпа! Уақыты келгенде саған жасырын болған нәрселер ашылып, көрсетіледі: «Белгілерімді сендерге көрсетемін, асықпаңдар!» Аят[4]

Уақыты келмей тұрып, менен бір нәрсе сұрама. Ұмытпа! Бір жерге тек жүрумен ғана жетесің: «Олар жер бетінде жүріп, қарамай ма?!» Аят[5]

УА, БАЛАМ! 

Аллаға ант етейін, егер бұл жолға шықсаң[6], әр аялдамаңда таңқаларлық ғажайып жағдайларды көресің.

Осы жолға (сопылық жолына) рухыңмен беріл. Өйткені бұл жолдың басы – рухты пида ету. Шәкірттерінің біріне Зүннун Мысри айтқан екен (рахимаһуллаһ):

«Егер рухыңды пида етуге (бүкіл ішкі жан дүниеңмен берілуге) шамаң жетсе, кел! Болмаса, сопылардың ишаралы сөздерімен мәшғұл болма»[7].


[1] Ибн Асакир: «Тәриху Димәшқ».  Әузағидің сөзінен (рихмаһуллаһ).
[2] Құран Кәрім, «Хужурат» сүресі, 5 аят.
[3] Құран Кәрім: «Кәһф» сүресі, 70 аят.
[4] Құран Кәрім: «Әнбия» сүресі, 37 аят.
[5] Құран Кәрім: «Рум» сүресі, 9 аят.
[6] Сопылық жолын айтып тұрса керек-ауд.
[7] Имам Бәйһәқи: «әз-Зуһд әл-Кәбир»; Әбу Наъим: «Хилятуль Әулия». Руәйм ибн Ахмедтің сөзінен.

0 пікір