«Уа, Балам! Түнде тұрып тәһәжжуд намазын оқы»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (6)
«Уа, Балам! Түнде тұрып тәһәжжуд намазын оқы»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (6)
2 жыл бұрын 4171
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

«Түннің бір уағында тұрып, тәһәжжуд намазын оқы»[1]. Бұл – әмір.

«Таң сәріде олар истиғфар тілейді (кешірім тілейді)»[2]. Бұл – мадақ.

«Таң сәріде Алладан кешірім тілейтіндер...»[3]. Бұл – зікір (еске алу).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

«Үш дауысты Алла тағала жақсы көреді: Қораздың шақырғандағы даусын, Құран оқушының даусын және таң сәріде Алладан кешірім тілеушілердің даусын»[4].

Суфиянус Сәури де (рахимаһуллаһ) бір сөзінде былай деген:

«Алла Тағала таң сәрі уақытында бір жел жараталы. Ол жел сол сәтте жасалған зікірлер мен жалбарынуларды Жәббар Аллаға апарады»[5].

Және басқа бір сөзінде былай дейді:

«Түннің алғашқы уақыты болғанда, Арштың астынан бір дауыстаушы дауыстап: «Құлшылық етуші пенделер, тұрсын» - дейді. Алла қалаған пенделері тұрып намаз оқиды. Түннің жарымында әлгі дауыстаушы дауыстап: «Рүкуъ жасаушылар тұрсын» - дейді. Тұратындар тұрып таң сәріге дейін намаздарын оқиды. Таң сәріде дауыстаушы дауыстап: «Алладан кешірім тілеушілер тұрсын» дейді. Олар тұрып, Алладан кешірім тілейді. Күні шығып қойғаннан кейін әлгі дауыстаушы періште дауыстап: «Ғапылдар тұрсын» - дейді. Сонда (түнде тұрып намаз оқымаған ғапылдар), қабірлерінен тұрған өлілер сияқты төсектерінен тұрып жатады»[6].

УА, БАЛАМ!

Лұқман Хәкімнің өсиеттерінде өзінің баласына былай дегендігі келтіріледі:

«Уа, ұлым! Таң сәріде сен ұйықтап жатқанда, сенен бұрын қораз шақырып, ол сенен ақылды болып жүрмесін»[7].   

Мына өлең жолдарын айтқан кісі қалай әдемі айтқан:

"Түннің бір уағында көгершін зар қақты,
Бір бұтақтың үстінде тебіреніп, ол кезде мен ұйқыда едім.

Алланың үйіне ант етейін, менікі жалған, егер шынымен ғашық болғанымда,
Мені көгершіннің жылауы озып кетпес еді.

Мен өзімді Раббыма қатты ғашық болған адам ретінде санаймын,
Бірақ, неге екенін, мен жыламаймын, хайуанаттар жылайды"... 


[1] «Исра» сүресі, 79 аят.
[2] «Зүррият» сүресі, 18 аят.
[3] «Әли Имран» 17 аят.
[4] Дәйләми: «әл-Фирдәус». №2538; Сәъләби: «Тәфсир».
[5] Ибн Асакир: «Тәрихуд Димашқ»; Сәъләби: «Тәфсир».
[6] Ибн Әбуддүния: «ат-Тәһәжжуд»; әд-Динури: «Мәжәлисә».
[7] Абдурраззақ: «Мусанниф», 19539; Имам  Бәйһақи: «Шуъабуль Иман», №5306.

0 пікір