Алты кісі мына алты нәрсе себепті тозаққа кіреді
Алты кісі мына алты нәрсе себепті тозаққа кіреді
9 ай бұрын 4127

Сахаба Әбу Һурайрадан Алла елшісінің (с.а.у.) мынадай бір сөзі жеткен, онда былай делінеді:

- «Қиямет күні алты топ адам алты нәрсе себепті есеп-қисап болмай тұрып тозаққа кіреді».

- Олар кімдер және (қандай сипаттары үшін тозаққа барады), уа Расулаллаһ? – деген кезде, Алла елшісі (с.а.у) ол алтауын былай сайып береді:

1) Басшылар - зұлымдықтары себепті,

2) Арабтар - ұлтшылдығы себепті,  

3) Қауым басшылары (ел ағалары) – тәкәппарлығы себепті,

4) Саудагерлер – қиянаты себепті,

5) Ауыл жұртшылығы – надандық себепті (діни сауаттан жұрдай болушылық себепті),

6) Білімділер – көреалмаушылық, ішітарлық себепті (хәсәд себепті) тозаққа кіреді»[1].

Яғни, патша әділ болудың орнына, әділетсіздік жасап, залым болса – ол тозаққа кіреді.

Кісі – өз ұлтын өзгеден артық көріп, өзге ұлтты қор санаса, ол да тозаққа жетелейтін қылық. Мысалы, араб ұлты "бізден пайғамбар шықты, Құран араб тілінде, біз артықпыз, қалғанын төменсіңдер" десе, бұл олардың тозақы болуларына себеп екен.

Ел ағалары, зиялы қауым және бай-бағландар тәкәппарланып, өздерін бір саты жоғары қойып, ал өзгелерді төмен санап, мұрындарын шүйіріп қарайтын болса, ол үшін тозаққа барады.

Сауда жасау адал кәсіп, бірақ егер саудагер саудасында елді алдаса, елдің ақысын жесе, ол үшін тозаққа түседі.

Дін ғылымы көбіне қалалы жерлерде дамитыны рас. Ауылды жерлерде дін тәліміне ықылас танытатындар қатары аз болатындығы да рас. Ауыл жұртшылығының дін ғылымына деген осындай ықылассыздығы олардың тозаққа түсіруі мүмкін екен. Бұл өте үлкен кемшілік, ертең о дүниеге барғанда «дінді неге үйренбедің?» деп сұрағанда: «Мен ауылда тұрдым» деп айта алмайды. Ауылда тұрсаңыз да, ауыл имамынан хат танып, мұсылманшылықты тереңірек білуге тырысуыңыз керек. Кітаптар оқып, діни сауатын көтеруге тырысқаны жөн.

Білімділердің бір үлкен кемшілігі – өзге білімділерді көреалмауларында жатыр. Бұл оларды тозаққа апаратын бірден-бір себеп екен. Исламда ілімді Құдай үшін, ақыреттегі өмірі үшін үйренуді кеңес етеді. Мақсаты Құдай ризалығы болған білімдар адамда көреалмаушылық пен хәсәд болмайды. Ал дүние үшін ілім үйренген кісілерде көреалмаушылық пен ішітарлық және өзгенің білімін қызғанушылық деген әбес сипаттар пайда болады. Нағыз білімді адам, жүрегінде мұндай сипаттар болған күннің өзінде оны іс жүзіне асырмай, ондай жаман сипатын жоюға тырысады. Әйтпесе, онысы оны тозаққа түсіреді екен. Алла сақтасын. 

А. Қасым


[1] Дәйләми: «Мүснәд», әлсіз хадис; Самарқанди: "Тәнбиһуль Ғофилин".

0 пікір