Әйел тұлғаның өмірінен өнеге
Әйел тұлғаның өмірінен өнеге
9 ай бұрын 2369
Асылбек Әуезханұлы

Ислам түсінігінде отбасы жан-жақты жетілген мұсылман бала-шаға тәрбиелейтін мектеп болып саналады. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзатқа әйгілі тұлғалардың қалыптасуына ең алдымен отбасының әсері болғанын байқаймыз. Әріге бармай-ақ Абай атамыздың ұлы тұлға болып қалыптасуына әкесі Құнанбай мен анасы Ұлжанның тигізген үлесі аз болмаған. Құнанбайдың өз баласына «Ибраһим» деп әйгілі пайғамбардың атын қоюы, есін біле сала Алланы танып, дінін үйренсін деп медресеге беруі, ел билеу ісіне араластырып отыруы, қажет кездерде оңаша шақырып алып ақыл-кеңес беруі баласының келешегінен көп үміт күткендігін көрсетеді. Анасы Ұлжанның да бала тәрбиесіне қатысты әрбір мүмкіндікті қалт жібермей дұрыс пайдаланып отырғаны мәлім. Ал Құнанбайды болса, Зере әжеміз дәретсіз емізбегені мәлім. Мұның бәрі де асыл дініміз Исламның талаптары мен тәліміне немкетті қарамаудың көріністері.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін бүгінгі сұхбатта әйгілі  әйел сахабалардың бірі Үммү Сүләймнің өмірі жайлы аз-кем әңгіме қозғаймыз.

Пайғамбарлар сұлтаны (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған жәннатқа кіргенім көрсетілді. Сонда ол жерден Әбу Талханың әйелі Үммү Сүләймді көрдім» дейді. Үммү Сүләйм мұсылмандықты қабылдағанда, Ислам діні Мекке қаласында енді-енді жайыла бастаған шақ болатын. Үммү Сүләйм күйеуіне мұсылмандықты қабыл етіп, Аллаға бойсұнғанын білдіргенде, күйеуі Мәлик оның ата діннен безгеніне күйініп, бұлқан-талқан ашуланды. Исламға дейін Мекке жұртшылығы түрлі жалған құдайға табынып, бірі тасқа, бірі қасқырға, бірі отқа, енді бірі жеп отырған нанына сыйынатын. Базарларында қолдан жасалған жалған құдайлар сатылатын.

Міне, сол жолды тастап, Исламға бет бұрғаны үшін Үммі Сүләймге (р.а.) де күйеуі барынша қарсылық білдіріп бақты. Бірақ Үммү Сүләйм күйеуіне:

«Мен діннен без- ген жоқпын. Бар болғаны Мұхаммед пайғамбарға иман келтірдім» деп қысқа ғана жауап қайырды. Сөйтіп Әнас деген ұлын мұсылманша бағытта тәрбиелей бастады.

Күйеуі Мәлик әйелінің бұл ісіне де тосқауыл қоя алмады. Ақыры әбден ашуланып, Шам қаласын бетке алып кетіп қалды. Жолда бір дұшпандары тарапынан қазаға ұшырап жан тапсырды. Жесір қалған Үммү Сүләйм баласы ер жетіп, жүрген жерінде ұтымды сөз сөйлей алатындай деңгейге  еткенге дейін екінші рет тұрмысқа шықпайтын болып бекінді. Арада жылдар өтті. Сөйтіп жүргенде Мәдина қаласында тұратын мергендігімен аты шыққан Әбу Талха деген батыр бұған сөз салады. Әбу Талха қанша жер- ден дәулетті, әрі батыр болғанымен әлі мұсылмандықты қабылдамаған еді. Сонда Әбу Талханың білдірген ниетін тыңдап алған соң Үммү Сүләйм былай деді:

«Сөз салып қолқалағаныңа кет әрі емеспін. Бірақ меңіреу пұттарға табынып жүрген мүшріксің, ал мен Аллаға шүкір, мұсылманмын. Екеуміздің дәм-тұзымыз жара- са қояр ма екен? Әй, Әбу Талха, өзің ойланып көрші. Пұттардың өзіңе ешқандай пайда немесе зиян келтіре алмайтынын білесің. Сондай меңіреу, мылқау тастарға табыну сендей азаматқа жараса ма? Сен құдай санаған ағашың жерден өсіп шығады. Оны бір ағаш шебері балтамен шауып пұт жасайды. Қайдағы бір қу тақтайға тәңірім деп сыйынғаның ұят емес пе?» Үммү Сүләймнің жүректен шыққан тебіреністі сөздері Әбу Талханың жүрегіне үлкен ой салып, тұрған жерінде қатты да қалды. Үммү Сүләйм сөзін жалғастырып: «Әй, Әбу Талха, сен Алладан өзге ешбір тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі екеніне иман келтіріп, содан соң мен саған тұрмысқа шықсам болмас па еді? Тіпті ол үшін сенен қалың мал (мәһр) да сұрамайын» деп мәселені бір-ақ түйді.

Әбу Талха айтылған сөздер мен ұсынысты ой елегіне салып саралау үшін уақыт сұрады да кері бұрылып кетіп қалды. Аз уақыттан соң қайта келіп:

«Сенің айтқаныңды қабыл еттім: «Әшһәду әллә иләһа иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уа расулуһу» деп мұсылмандық куәлігін айтты. Осылайша олар шаңырақ көтерді. Әбу Талхадан Әбу Умайр деген ұл туды. Бірде перзенттері қатты науқасқа ұшырып, ақырында қайтыс болды. Үйде күйеуі жоқ еді. Анасы баласын жуындырып, кебіндеп үйдің бір шетіне жатқызып қойды. Күйеуі келіп: «Бала қалай болды?» деп еді: «Бұрынғыдан жақсырақ» деп жауап қайырды.

Сөйтіп Үммү Сүләйм ораза ұстаған күйеуіне ас дайындады. Жақсылап сәнденіп, күйеуіне барынша әдемі көрінуге тырысты. Түн қараңғысы болғанда, екеуі төсектеріне жатты. Түннің соңына таяғанда, күйеуі мешітке барайын деп тұра бергенде, әйелі:

«Әбу Талха, мына көршілеріміз бізден аманат деп бір нәрсе алып еді, соны қайтып алсам, жылап қоя берді. Сонысы қалай?» деп сұрады. Әбу Талха: «Ол жарамайды ғой, онысы несі?» дегені сол екен әйелі сөз орайынан пайдаланып: «Ендеше, Алла тағала да бізге берген аманатын қайтып алды» деді. Күйеуі: «Бәріміз Алладан келдік, түбінде Аллаға қайтамыз » деп дұға етті. Сөйтіп мешітке барып таң намазын оқыды да, ардақты пайғамбарымызға келіп болған жағдайлардың бәрін түп-түгел жеткізді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Бұл түн сендер үшін мүбәрак болғай» деп дұға жасады.

Бір күні Үммү Сүләйм пайғамбарымызбен бірге Хунейн соғысына қатысып, қолынан келгенше жәрдем беріп жүргенінде толғақ қысып, әлгі берекелі түні көтерген Абдулла деген ұлын босанады. Әбу Талханың тоғыз ұлы болып, тоғызы да Құран кәрімді жатқа білетін ғалым боп өседі. Әрине, бұл істе де Үммү Сүләймнің еңбегі аз емес еді. Ел үлкен ұлдары Әнас 12 жасқа толғанда, Әбу Тал-ха мен Үммү Сүләйм оны сүйікті пайғамбарымыздың тәрбиесіне береді: «Уа, Алланың елшісі, біздің ұлымыз Әнас өте тәрбиелі, зерек бала. Ол енді бізге ұл, сізге қызметші болсын» дейді. Осылайша, Әнас ибн Мәлик пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден озғанша қасында жүріп қызмет етеді. Бірде Алла елшісі оны бір жерге жұмсайды да, үйіне тым кеш оралады. Сонда анасы: «Балам, неге тым кеш келдің?» деп сұраулы жүзбен қарағанда: «Алла елшісі бір жерге жұмсап еді» деді де қойды. «Қайда» деп сұрап еді, «Ол жағы сыр» деп жауап қайырды. Сонда анасы: «Расулалланың сырларына өте бекем бол! Тіс жарып қойып жүрме» деп пысықтап қойды.

Міне, қарап отырсақ, Үммү Сүләймнің өмірі тұнып тұрған ғибрат. Бұл айтылғандардан әркім өзіне керек маржанды теріп алды деп ойлаймыз. Сонда да кейбір маңызды тұстарына тоқтала кетпекпіз.  

Біріншіден, Үммү Сүләйм хақ дін Исламды дұрыс түсініп, оған жан-тәнімен берілді. Сол кездегі қоғамдық кеселдерден бойын аулақ ұстады.

Екіншіден, сөз сала келген Әбу Талхаға қысқа ғана тіл қатып, екі дүниелік мәні бар сабақ берді. Күйеуге шығатын адамының мұсылман болуы өте маңызды екендігін ісімен дәлелдеді. Бұл бүгінгі таңда өмірлік серігінің дініне де, иманына да, тегіне де қарамай үйлене салам дейтіндерге де үлкен өнеге.

Үшіншіден, Аллаға және ақырет әлеміне деген иманының кәмілдігі сонша өзінің бауыр еті баласы жан тапсырғанда, оның белгісіз бір жаққа емес, Жаратушысының құзырына кеткендігіне кәміл иманын ісімен дәлелдеп берді.

Төртіншіден, баласы дүниеден озып отырған ауыр жағдайға қарамай, күйеуінің тамағын дайындап, оның бар қызметін атқарды.

Бесіншіден, босанар шағы таяп тұрғанына қарамай, Алла елшісімен бірге соғысқа шықты.

Алтыншыдан, отбасында бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Тоғыз баласының Құран хафызы болуына мол септігін тигізді.

Жетіншіден, баланы тәрбиелегенде, қара басының қамын ойлауға емес, Алланың дініне бекем, Пайғамбардың сырына берік болуды тапсырды. Осынау үлгілі өмірдің өнегесі барша нәзікжанды аруларымызға ғибрат болғай!

"Даналық ойдан дән ізде". 

0 пікір