БІЗ ҚАЗАҚ ОСЫНДАЙ ЕЛМІЗ!
БІЗ ҚАЗАҚ ОСЫНДАЙ ЕЛМІЗ!
5 ай бұрын 1912

Қазақ деген кім, қандай ел деген сұраққа жауап іздеп жүргеніме біраз жылдың жүзі болыпты. Осыны іздеп біраз кітап оқыдым, іздендім. 

Осы сұрақпен академик Әбдуәлі Қайдаров, академик Талас Омарбеков сынды біраз марқасқаларымызды арнайы іздеп барып, жолыққан кездерім болды! Жатқан жерлері жайлы болсын! 

Әлі де ізденумен келемін. Әйгілі актер, жыршы Сәбит Оразбаев атамыздың “ Біз қазақ деген ешкімге ұқсамайтын осындай елміз ғой, жетістігі де көп, кемшілігі де көп…” деген сөзі де есімде. 

Иә, кемшілігі бар ғой, бірақ ешкімге ұқсамайтын даралықтарымыз басым шығар деген тұжырымға келіп отырмын. Ол даралық мінезімізде, өмірлік өлшемдерімізде, тіліміздің, өнеріміздік байлығы мен тереңдігінде, дәстүрлеріміздің өміршеңдігінде, тағы сол сияқты жүздеп емес, мыңдап саналатын ерекшеліктерімізде болса керек. Бүгін сондай ұлттық көріністеріміздің бірі ойыма оралып отыр: ағайынның араздығы деген. 

Біздің түсінігімізде ағайынның азары болса да, безері болмайды. Ағайын өзекке теппейді, өлімге қимайды. Барыңды бөліс деп сұрайды, жоғыңа қарасады. Тусаң қуанады, қайтсаң, қайғырады. Қолына таяқ сүйеніп, беліне шал орамал байлап қатарда тұрып жоқтайды. Артыңнан асыңды беріп, құран бағыштап, дұға жасайды. Есіне алады. Қайғыңды бөлісіп жеңілдетеді, қуанышыңды бөлісіп көбейтеді. Адассаң ақылын айтады, жақсы болсаң мақтанады. Бірақ кейде мына жалғанда араздасып, өкпелейді де! Бірақ өкпесі тез тарқайды. Кектенбейді! 

Бірде Төле би атамыздан жастар сұрапты ғой:

- Ағайынды кісілердің өкпесі немен тарқайды? - деп. Сонда абыз қысқа ғана жауап беріпті:

- Сағынысып көрісумен тарқайды.

Не деген ғажап жауап! Не деген керемет дәлдік! Шынында да, солай ғой! 

Иә, біз қазақ деген осындай жұртпыз ағайын! Түптеп келсек, әр қазақ бір-біріне осындай ағайын! Аман болайық, ағайын! 

Құрметпен, Асылбек Әуезханұлы

 

 

0 пікір