ЖАРАТЫЛЫС
ЖАРАТЫЛЫС
5 ай бұрын 6344
Ғарифолла Есім, профессор, доктор.

Жаратылыс туралы таным жаратылыс жаралып болған соң ғана басталған. Жаратылысқа дейін білім болды ма? Адам-заттық өлшеммен келсек, әрине, жоқ. Діни, мифтік саналардың өзі де жаратылыс жаралғаннан кейін басталған. Бұл шешімі жоқ онтологиялық мәселе туралы философия таризында кім не айтпады. Бірақ соның бәрі іс біткен соң, яғни дүние жаралған соң айтылған. Дүниенің басы туралы нақтылы мағлұмат жоқ және де ешқашан болмақ емес, бірақ топшылаулар көп. Ғалымдардың қарастырып жатқаны - жаратылыстың жаралғаннан кейінгі халі.

Жаратылыстың мақсаты ғылымдар объектісі емес. Ол мифтік сана үлесіне қалған. Сондықтан, ғылымның жаратылыс туралы аңыздарға сүйенбеске амалы қалмайды. Сол себептен ғылымдардың өзі де мифтік санадан арылған деп қорытынды жасау қиын. Себебі, жаратылыс аңыз бен ғылымның ортақ дүниесі. Жаратылыс туралы аңызсыз әңгіме толық болмақ емес.

Жаратылыс деген не? Сөзде айтылып тұрғандай, жаратылыс - жаралған болмыс. Сонда жаратылмаған болмыс болуы мүмкін бе? Жаралған болмыс болса, онда жаратылмаған болмыстың да болғаны ғой! Осы қисынмен кетсек, жаратылмаған болмыс - Жаратушының өзінен өзге ешкім де емес. Ислам дінінде Жаратушы есімі Алла, түркілерде Тәңірі болған.

Демек, қазақтар үшін Жаратушының қос есімі бар: Тәңір және Алла. Екеуі де абсолют, сонысымен бір-бірімен ұқсас. Тегінде осы ұқсастық негізінде, олардың тегі біреу деген ой нысанасы бізге жарасымды түсінікке айналып барады, себебі біздер тегі жағымыздан - түркілер, дін жағынан мұсылманбыз. Сондықтан да Тәңір мен Алла бір Жаратушының екі түрлі тарихи-мәдени кеңістікте аталған бір есімі емес пе деген ойға келеміз. Оған тарихи, мәдение және дүниетанымдық дәлелдер жеткілікті.

Қазақтың Жаратушыны мойындауында тек Алла, Тәңірі ғана емес, үшінші Құдай деген де түсінігі бар. Тілімізге парсыдан енген «Құдай» сөзі әбден өзіміздікі болып, сіңісті болған. Сонда қазақ сөз қолданысына орай Тәңір, Алла, Құдай деп айта береді. Сонымен бірге тілімізде Жаратушы-Ие деген де түсінік бар. «Ие» деген де - Жаратушының бір есімі. Сөзімізді әрі қарай жалғастырып айтсақ, бәрі жаратылған, неліктен жаратылыс заңдылығына бағынып, Жаратушының өзі де жаратылмаған. Дін жолымен келсек, бұл сөзімізде күпіршілік бар, яғни біз жаратылысты қойып, оны Жаратушының сырына қол сұғып отырмыз, бірақ оны білу адам болмысына берілмеген. Әйтсе де, пенделікпен дүнетанымға салып, Жаратушының болмысын да білгіміз келеді. Оған алғышарт бар, ол оның бізге мәлім болған есімдері, жоғарыда айтқан: Тәңір, Алла, Құдай...1 

Автордың "Адам-зат" атты философиялық эсселер кітабынан алынды.

 

0 пікір