Майлықожа: «Зор сүйінші айтайын, мұсылман болып туғанға..»
Майлықожа: «Зор сүйінші айтайын, мұсылман болып туғанға..»
6 сағаттан соң 230
Майлықожа ақын (1835-1898)

Майлықожа Сұлтанқожаұлы Сырдария өзенінің оң жақ бойында, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының (қазіргі Арасы ауданы) Қожатоғай ауылында 1835 жылы туылып, 1898 жылы осы күнгі Арыс ауданының Ақбұлақ өзенінің Бадам ауылында қайтыс болған.


 «Зор сүйінші айтайын, мұсылман болып туғанға..»

Зор сүйінші айтайын, мұсылман болып туғанға,
Ислам жолын қуғанға,
Ләбәйкә деп, рухым Хаққа да мойынсұнғанға.
Шүкірлік қылғын жарандар,
Жақсы мал шалып құрбанға.
Дәрет алып намаз қыл, суыңды құйып құманға,
Зекет беріп хажға бар, айналмаңыз құр малға,
Бұл дүниеге айналып, Хақ берген асыл-дәулеттен
Махшар да күні құр қалма.
Бір мүсәфир боларсың соңғы да демің шыққанда,
Кеудеңнен жаның ұшқанда,
Жансыз қалған денеңді үш құман сумен жуғанда,
Үш жеріңнен буғанда, көлкитіп алып жүргенде,
Қабірдің аузын жапқанда, қырық та қадам асқанда,
Нәкир мен мункар келгенде: Құдайың кім? - дегенде,
Дұрыс та жауап қатпасаң, күрзісіменен ұрғанда
Боларсың сонда арманда.
Айналайын ағайын,
Шеберді шебер дегенше, Аллаһты шебер десеңші,
Қар жаудырып қыс қылған, жұмыртқаны құс қылған.
Құрсақта жатқан балаға ризығымен дем беріп,
Құдіретімен жаратқан.
Айналайын ағайын,
Көңілге иман бекітіп, үйретіңіз туғанға,
Исламдағы бес парыз жанған оттан құтқарар,
Хақ таразы құрғанда.
Шапағат етер бес намаз,
Әзірейіл жетісіп жаныңды қабір қылғанда.
Бұл дүниенің қызығы
Білсеңіздер, жарандар, білсеңіздер, ағайын,
Ұқсайды-ау, көзді де ашып-жұмғанға!

0 пікір