ҚАЗАҚ ТАҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ƏЙЕЛ ТҰҒЫРЫ
ҚАЗАҚ ТАҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ƏЙЕЛ ТҰҒЫРЫ
1 жыл бұрын 4946

Халқымыз  жас  ұрпақты  оқытып  –  тəрбиелеу  жайында  небір сындарлы пікірлер айтқан. «Баланы сүйсең, тəрбиесін сүй», «Баланы мақтау  жетілдірмейді,  баптау  жетілдіреді»  –  дейтін  мақал-мəтелдер баланы құр «айналайын» дей бермей, оны адамгершілікке, имандылыққа, мəдениеттілікке баулуға ой тастайтын нақыл сөздер.

Қазақ  тағылымының  ұстанған  негізгі  бағыты  –  ата-бабалардың үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі, дүниеге шынайы көзқарасы, бостандыққа, еркіндікке, тəуелсіздік – дербестікке ұмтылысы. Бұл – алдан күткен арманы,  ойға  алған  негізгі  мақсаты.  Тəрбие  –  ұрпақ  үшін  күрес құралы.

Қыз-келіншек,  əйел-ана,  əже-кейуана  тағылымы  өшпес  із қалдырды. Ол – қазақ тілінің ана тілі деп аталуы. Мұндай жағдай қазақ əйелінің өзіндік қасиетін де, басқалардан айырмашылығын да танытады. Бұл – əйел қауымына көрсетілген зор құрмет! Әйелдер тек  қана  ерге  ие  емес,  жерге  де,  елге  де  ие,  олардың  жасаған  ісі, қалдырған ізі ақсақалдық мектептен ешбір кем емес, оның əманда тазалығына,  жаңарып-жаңғыруына  орасан  жағдай  жасады.  Бұл тағылымды жоққа шығаруға немесе елемеуге болмайды!

М.  Әуезов  «Адамдық  негізі  –  əйел»  деген  тұңғыш  туындысын (1917)  əйел  тақырбына  арнапты.  Ғалым:  «Адам  баласы  –  тағы болып,  еркегі  хайуандық  дəрежесінде  жүргенде  əйелден  бала туып, ол балаларының бəрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын адамшылыққа кіргізген – əйел» – депті /1/.

Ұлы  ойшыл  осы  сөзімен  əйел  –  қоғамның  ұйытқысы  екенін əйел еркіндікке жетпесе, адамшылық та күрмеулі болатынын қадап айтып,  егер,  қазақ,  мешел  болып  қалмайын  десең,  бесігіңді  түзе, əйелдің халін түзе! – деп сол тұстың да, қазіргі біздің заманымыздың да ең зəру идеясын ұсынып еді.

Қазақ  елі  ел  болғалы,  қазақ  қазақ  болғалы  өмірбақи  анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатан наным-сенімдердің түп тамыры да – ана. Аспанда Тəңірі, жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар. Ұмай ана – қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, əулет, отбасының пірі.

Мұсылман  дінінде  бүкіл  адамзаттың  анасы  деп,  аналардың  анасы деп  Хауа  ананы  құрмет  тұтады. Хауа  ана  –  Адам  атаның  зайыбы. Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымыз əйел затын аса биік бағалап: «Əуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақылық жаса», – деп өсиет айтып кеткен.

Бүкіл түркі халықтарына ортақ «Құтты білікте» Жүсіп Баласағұн былай деп кеткен:

Əйел алмақ болсаң егер, қарарсың,

Жіті бағып таңдаулысын аларсың.

Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы,

Пəк ұлтты болсын жанның тұнығы.

Дұрыс үйдің қызы ол, қол тимеген,

Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.

Сені сүйіп басқа жанды білмеген,

Жаман, тексіз қылық істеп жүрмесін

– деген екен /2/.

Қазақ əйелдері ерін, күйеуін бəрінен де биік санап, сыйлап өткен. Өйткені, ол – мал табарың, ол – айбат-қорғаның, ол – төбеңдегі – шаңырақ.

Осындай  тəрбие,  иман-адамгершілік,  иба-көрегенділік,  көрік-сымбат бар ма қазір? Бар əрине. Сырты сымбаттылар көп те, ибалы-имандылар  аз.  Себеп?  Себебі,  жат  тəрбие,  жат  əдет-ғұрып,  кірме қылық  қазақ  қоғамын  өрмекшідей  торлаған.  «Қызға  қырық  үйден тыю» деген сөз бүгінде өз мəнін жоғалтып бара жатқан сияқты.

Қазақ  тағылымының  ортасы  үй  іші,  аулы,  руы,  аймағы  бүкіл атырабы. Осы ортаның бел ортасынан табылатын аналар мен əжейлер еді.  Ана-əже-кейуаналардың  қимыл-ісі,  əрекеттері,  ой-қиялы,  бар арман  тілегі,  мақсат-үміттері,  елжіреу-еміренулері  келешек  ұрпақ еді, сол ұрпақ жолында өлімге де басын байлайтын еді, адам төзбес қиындықтарды басынан кешіруге де даяр еді /3/.

Есімін  мəңгіге  қалдырған  аналар  қаншама!  Олар  сұлулықтың символы  болды,  оларды  ерекше  қастарлеген  тұспалдар  мен поэтикалық  портреттер  қаншама!  Талай-талай  ерлер  сүйген қызының намысы үшін құрбан болмады ма? Қазақ та ақын қыз да, ақылгөй де, батыр қыз да көп болған ғой.

Білек  күшімен,  шешен  тілімен,  ақыл  парасатымен  үлгі  болатын батыр қыздарымызға тоқтала кеткенді жөн көрдік:

Томирис – Тұран патшасы Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.

Зарина – Сақ патшасының қыз. Ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан  етеді.  «Жеке  басымның  бақытын  елімнің  еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нəрсе бар, ол – менің елім», – дейді Зарина.

Бөрте  ханым  –  Шыңғыс  ханның  əйелі.  Қоңырат  тайпасының қызы.  Жат  елдікке  пенде  болғанмен  ұрпақ  тəрбиесінде  өз  елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.

Гауһар – Қабанбай батырдың жары, арғын – бəсентин Малайсары батырдың қарындасы.

Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.

Назым – Қабанбай батырдың қызы.

Айтолқын – Абылай ханның қызы. Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.

Бопай – Кенесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей  отаршылдарына  қарсы  соғыста  ерен  ерлік  көрсеткен  батыр қыз.

Мамыр  –  Байқазы  арғынның  қызы.  Шəкəрімнің  «Қалқаман-

Мамыр» дастанындағы өжет қыз. Өз махаббаты үшін құрбан болған

батыл қыз.

Еңлік – Қарабатыр-Ықан деген кісінің қызы. Шəкəрімнің «Еңлік-Кебек» дастанындағы батыл қыз. Нағыз махаббаттың мəңгі символы ретінде танылған өжет қыз.

Айбике  –  Бұланбай  батырдың  жары,  барлаушы  сарбаздардың  басшысы  болған  қыз.  Талай  шайқастарда  жауынгерлердің  ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шақырған батыр қыз.

Домалақ  ана  (Нүрила)  –  Бəйдібек  бидің  əйелі.  Нүрила  барлық адамдарға  өте  мейірімді,  ақылды,  əулие  əйел  болған.  Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.

Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы С.Мұқанов «Балуан  Шолақ»  романындағы  аналар  бейнесін  қызықты  етіп сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар бейнесі көркем өнерде жас ұрпаққа ғибрат берерліктей тəрбиелік маңызы зор.

Айша  Қобыланқызы  –  атақты  Қожаберген  жыраудың  жары. Халқымыздың тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезең  боп  таңбалаған  зұлмат  замандағы  қазақтың  мұңы  мен зарын,  арманы  мен  аңсарын  ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізіп,  дəуірдің дауылпазындай дабыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген, елге ұран болған əндер шығарған батыл қыз. Халықтың басына түскен осынау қайғылы оқиға тұсында шыққан «Елім-ай» жырын қалың жұрт қарт Қаратаудың қанталапай болған өңірінде  тұңғыш  рет  əуелетті.  Бұл  əн  ел  аналарының  ауызымен айтылып, халықтың ата жұртты аңсаған мұңлы əуені ретінде қазақ жерін  шарлап  кетті.  Қазақ  нəрестесін  бесік  жырымен  тербетсе, «Елім-ай»  əнімен  батырлыққа,  намысқойлық  пен  бірлікке  үндеді.

Осы қаралы əн орындалғанда сай сүйегі сырқырамайтын қазақ жоқ. Соны бозторғайдай шырылдай шырқап, артта қалған келесі ұрпаққа ел ұранындай етіп қалдырған аналар есімі – тəуелсіз елімізде мəңгі ұмытылмас бейне. Елімізге  қауіп  төнген  кешегі  екінші  дүниежүзілік  соғыста  «ер апаларының»  ерліктерін  жасаған  қазақтың  Мəншүк  пен  Әлиясы, Хиуаз бен Шағиласы – шығыс халықтарының мақтаны. Ел басына қиындық түскенде батыр қыздарымыздың ерлігі ерекшелене көзге түсетінін тарих та, өмір де дəлелдеп келеді.

Алашорда үкіметінің іргетасын қалауға өзіндік үлестерін қосқан əйелдер қауымынан А. Досжанова, Н. Құлжанова, Г. Асфендиярова, М.  Шəпенова,  Г.  Тынышбаева,  Ш.Шонанова,  Е.  Бөкейханова,  М. Төгісова,  Б.  Байбосынова  сияқты  қазақтың  күрескер  əйелдерінің есімін үлкен құрметпен атап мақтан тұту – бүгінгі ұрпақ, əсіресе, қыз бала тəрбиесінде маңызы зор демекпіз.

Желтоқсан оқиғасының батыл қыздары Лəззат Асанова, Сəбира Мұқаметжанова  сияқты  ұлттық  намысты  берік  ұстаған,  ерлік  пен елдікті ұран қылған ұлтжанды қыздарымыз қаншама! Ақын-жазушылар – халық тағылымының, халық өнегесінің қайнар көзі,  халық  кеңесшісі,  ой  елегі,  аспандағы  қыраны,  саңқылдаған сұңқарлары:  Шолпан  Иманбаева,  Мəриям  Хакімжанова,  Күлəш Ахметова,  Марфуға  Айтқожина,  Фариза  Оңғарсынова,  Қанипа Бұғыбаева, Ақұштап Бақтыгереевалар сөз өнерінің зергерлері. Олар – сөз шеберлері, талант иелері, талапты, ынталы халық пікірін жөнге салып, соны заман талабына сай да, орайлы да, түсінікті болу үшін, тер төккен, ой еңбегінің тарланбоздары /4/.

Ақын-жазушыларымыз  өзіндік  қолтаңбасы  бар,  актриса-əртіс апайларымыз – туған халқымыздың көзі мен құлағы, ішкі сезімдерінің айнасы, дүниеге көзқарасы, тағылымы, əдемілігі. Олардың сөзлдері мен  айтқандары  –  қазақ  халқының  тағылымы,  намыс  пен  жігер  – қайрат тағылымы.

Осыған орай, ұмытуға болмайтын халық ескертпесі есте жүрсе: «Қыздарымызға  нəзіктік,  сұлулық,  ұяңдық,  ибалық,  сыпайылық, əдемілік,  инабаттылық,  өнерлілік,  іскерлік,  шеберлік,  пəктік, сүйіспеншілік, рухани байлық, адалдық, қайрат-жігері бəрінен де ар тазалығы – осындай қасиеттермен қыздар зор тағылым иесі!»

М.  Әуезовтің  «Абай  жолы»  романында  Зере,  Ұлжан  бастаған барлық  келіндерін  жинап:  «Байлауын  байладық.  Енді  түге,  жат жиынның  алдында  жас  балаларыңның  жақсы  талабын  жер қылмаңдар. Өліге жасаған қызметтеріңнен бастарын кішіреймес. Араз-құраздарыңды  ұмытыңдар...  Балаларым  мен  келіндерім, сендер төбеңмен жүріңдер. Отымен кіріп, күлімен шық қонағының... Шалдықсаң да, қабақ шытпа. Қуанып, жарқырап жүріп, күтіңдер! – дейді елжіреп /5/.

Бұл  келтірілген  деректер  бүкіл  қазақ  əйелінің  қажыр-қайратын танытады. Үлкендерді тыңдауының өзі – тағылым қазақ қыздарының жөргегінен  үйренген  мəдениеті.  Сол  мəдениеті  кейіннен  қайратқа айналды.

Қыз бала қай халықта болсын əдемілік пен əдептіліктің, сұлулық пен  іңкəрліктің  рəмізі.  Қыз  абыройы  –  болашақ  отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мəселе. Қазақ халқы «Қыздың жолы жіңішке» деп, оның абырой сақтауын қатаң қадағалап отырған /6/. Қыз  баланың  абыройы  оның  ақыл-парасатына,  инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты. Әр  ата-ана,  туған-туысқан,  бауыр  өз  қыздарының  абыройлы болуына ерекше мəн беріп, қадағалайды. Қыз абыройлы болу үшін оның  мінез-құлқы  ибалы,  инабатты  болу  керек.  «Қыз  қылығымен жағады» деген мақал содан қалған. Әрбір  үйдің  тірегі,  жүрегі  бола  білген  əйел  қоғамда  да  осы сипатқа ие. Қазақ ананы – нарға балаған. Кез келген ананың мақсаты ұрпағын  ұлттық  рухта  тəрбиелеу.  Ал  мемлекетті  қорғайтындар  – ұлтын  сүйген  рухты  ұлдар  мен  қыздар.  Ана  осы  рухты  сіңірумен де қоғамда басты орын алады. Жас ұрпақтың сана-сезімін ата-ана имандылық,  инабаттылық  арқылы  тəрбиелейді.  Жаман  əдеттерге тосқауыл  қоятын  –  дін  мен  ана  тілі.  Аналар  осы  екі  құндылықты отбасында əрқашан ,аласының санасына сіңіріп айтуға міндетті.

Болатхан САРБАСОВ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетініңпрофессор м.а., филология ғылымдарының кандидаты. 

Индира САРБАСОВА, ШҚО Көкпекті ауданы, Көкжота орта мектебінің мұғалімі. 

("Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар").

 Əдебиеттер:

1.  Қоңырбаева С. Отбасы: бала мен ата-ана. – Алматы, 2006.
2.  Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тəлім-тəрбиесі. – Алматы, 1995.
3.  Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы, 1994.
4.  Тілеужанов Т. Халық тағылымы. – Алматы, 1996.
5.  Әуезов М. Абай жолы. – Алматы, 1996.
6.  Өмешұлы Ә. Шаңырақ шаттығы мен лəззаты. – Алматы, 1994.

0 пікір