Жетімнің алдында айтылмаған "айналайын"
Жетімнің алдында айтылмаған "айналайын"
5 жыл бұрын 2897
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Бірде жырау Алмас Алматов ағамызбен әңгімелесіп қалдым. Қазақтың небір қасиеті сөз болды. Әредікте ағаның есіне бала күнгі бір оқиға түсіп, сөз ауаны солай бұрылды.

Әкесі ұстарасы қыл қауып тұрған бір жақынына үнемі шашын алдырады екен. «Мен құманға су жылтпалап, әкемнің шашын жібітуге көмектесем», - дейді Әлекең. 

Бір күні дәл әкесінің шашын алдырып жатқанда үйге көршінің екі баласы кіріпті. Он жастың ар жақ, бер жағыдағы ағайынды екі бала тұл жетім екен. Әке-шешесі қапыда жол шырғалаңынан қайтыс болған. Туыстары алып кетейін десе мына екі бала «өз үйімізде отыра береміз» деп кетпей қойған. Содан көршілері қарасады дегендей, өздері тірлішілік жалғап жатқанына да жылдан асыпты. 

Сонымен не керек, Алмас аға әңгімені ары жалғады. Әкесі «айналайын» деген сөзді өте көп айтады екен. Тіпті екі сөзінің бірі «айналайын» болса керек. Оның үстіне жаңағы жетім балаларды көргенде айналасы бір сағаттың ішінде «айналайынды» жүзге жуық қайталаса керек. Сонда шашын алып тұрған кісі әзілдеп: «Қожеке-ау, мен шашыңызды алып жатырмын, Алмас су құйып жүгіріп жүр, «айналайын, айналайын» дегенде сонша айналайыннан бізге де бір айналайын арнасаңызшы» депті. «Әкем, "ой, айналайын, «айналайыннан» артық не сөз бар, айналайын", - деді де, қойды. 

Бір кезде шаш алынып, шай ішіліп, екі бала шығып кетті. Сол кеде әкем бағаны әңгімені есіне алып, қайта жалғады: «Жетімнің көзінше өз балаңның басынан сипау – жетімнің қақысын жегендік. Жетімнің қақысының о дүниеде сұрауы қатты болады. Алмас екеуің айналайын, осындасыңдар ғой, әлі талай «айналайын» аласыңдар, қолдарыңа дерт бермесін» деп батасын берді» деп әңгімені әредік дамылдатты Алмас ағамыз. 

Арқамнан суық тер шығып кеткендей болды. Жетімнің көңілі қоңылтақсып, жасып қалмасын деп оның көзінше өз баласына "айналайын" деп айтуды күнə санаған иманды аталардың боямасыз парасатты болмысына іші-бауырым елжіреп барады.

Содан, «біз сондай халық едік қой...» деген сөз тұла бойымды кернеп тұрып алды.

0 пікір