Зина жасаушыларға Алланың жазасы қандай?
Зина жасаушыларға Алланың жазасы қандай?
5 жыл бұрын 7483
Ержан ҚАЛМАХАН

Алла тағала адам баласын жаратқаннан кейін оларды қараусыз қалдырмаған. Өзінің таңдаулы құлдары болған пайғамбарларды жіберіп, тура жолды нұсқап отырған. Солар арқылы жақсы мен жаманды, әділдік пен әділетсіздікті, обал мен сауаптың не екенін ажыратуды үйреткен. Алайда, адам баласы үнемі пайғамбарларына бойсұнып, солар көрсеткен жолмен жүрді дей алмаймыз. Пайғамбарымыздың көзін көріп жүрсе де, түрлі зұлымдықтар мен ұятсыз істерге бой алдырғандар болды. Ал пайғамбарлар өткеннен кейін жаман әрекеттерге беріліп кеткендер тіпті көбейіп кетті.

Құранда бұл жайлы: «Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (қияметте) адасуларының сазайын тартады» делінген («Мәриям» сүресі 59-аят). 

Алла тағала жақсы көрмейтін абыройсыз істердің бірі – зина. Қазіргі қоғамда осы бір жексұрын қылыққа тоқтам болмай, көбейіп бара жатқаны белгілі. «Зина» ер не әйелдің некесіз бөгде біреумен төсек қатынасына түсу дегенді білдіреді.

Қасиетті Құран Кәрімде айтылған Алланың үкімі мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері және барлық Ислам ғұламалары зина жасауды бірауыздан ең ауыр күнәға жатқызады. Ол Ислам дінінде ғана емес, сондай-ақ өзге діндерде де тыйым салынған кеселді істер қатарына жатады.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл күнәнің ауырлығына қатысты: «Алла тағала үшін серік қосудан кейін, зинадан асқан ауыр күнә жоқ» деген (Ахмәд ибн Ханбәл).

Зина – жеке адам мен бүкіл қоғамның бақытына балта шабатын, қасиетті жанұя отауының керегесін шайқалтып, отын өшіретін ең жиіркенішті күнәлардың бірі. Мейрімі шексіз Жаратушы Иеміз өзінің сүйікті құлдарын осындай кесапатты дерттен сақтануды ескертіп, қасиетті Құран Кәрімде: «Зинаға жақындамаңдар» деген («Исра» сүресі, 132-аят). Аяттың мәніне үңілер болсақ, бұл жерде Алла тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы осы арсыз, ауыр күнәны жасау былай тұрсын оған жақындамауды, тіпті соған соқтыратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырған. Түптеп келгенде, зина – тек екі күнәһардың ғана жасаған қылмысы емес, отбасының тамырына балта шабу және келешек қоғамның ыдырауына жол ашатын, халықты іштен ірітетін қоғамдық індет. Сондықтан да кез-келген мұсылман баласы осы аса қауіпті дерт – зинақорлыққа және зинаға итермелейтін қандай да бір әрекеттен аулақ болуы шарт.

Құран зина жасау мақсатында көңілдес, ашына табуды харам санаған. Бұған қоса Құрандағы: «Жамандықтардың (фауахиш) ашық, жасырын болғанына да жақындамаңдар» деген аят күллі күнәларды қамтумен қатар зинадан да аулақ болыңдар деген мағынаны береді («Әнғам» сүресі, 151-аят).

Негізінен, құмарлық сезім әу бастан адамның табиғи болмысында бар. Бұл сезімді Алла тағала құлдарына ұрпақ жалғастыру үшін сыйға тартқан. Аталмыш сезімдерді жақсы не жаман жолға жұмсау адамдардың өз еркінде. Егер дұрыс қолданса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үмбетінің көбеюіне үлес қосып, сауап алады. Ал дұрыс қолданбаса, Ібілістің ойыншығына айналады. Ібіліске жолдас болғандар Алланың рақымынан қуылады.

Әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.): «Ең қорқынышты жайт – нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету – адамды ақиқаттан аластатып, ақыретті ұмыттырады», – деген екен. Сол сияқты, Ислам қағидасымен қарағанда, ең бақытты адам деп – өз нәпсісіне ие адамды айтады. Міне, рухани тұрғыдан адамның адамнан артықшылығы өз нәпсісін тізгіндей алуымен өлшенеді.

Ислам діні зинақорлық індеттің алдын алу үшін мұсылман баласына отбасылық өмірін ақ некемен бастауды әмір еткен. Алла тағаланың адал жолымен қосылып, перзент сүйіп, киелі шаңырақ көтеру арқылы өз ар-намыстарын сақтап қалмақ. Ал үйленуге шамасы келмегендерді қасиетті Құран Кәрімде: «Үйлене алмағандар, Алла Өз кеңшілігімен байытқанға дейін, (күнәлі істерден) өздерін таза ұстасын...», – деп оларды ар-намысын сақтауға шақырған («Нұр» сүресі, 33-аят).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) да: «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан», – деп өсиет еткен. Иә, ораза арқылы нәпсіні тәрбиелеуге болады. Аш адамдардың мұндай ар- сыз қылықтарды жасамасы анық. Тағы бірде: "Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін» деген. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұнда азғындыққа бой алдырып, қара көбейткендерді емес, жүрегі иманға толы, адамгершілігі мол жандардың көптігімен мақтанатынын меңзеген. Демек, ақ некеде көзделген ең ізгі мақсат – адамзат ұрпағын адал жолмен сақтап, көбейту. Және көбейтіп қана қоймай, пайғамбарымызға үмбет болатын- дай етіп тәрбиелеу де ата-анаға жүктеліп тұрғанын байқаймыз.

Ислам діні зинаны тыйып қана қоймай, оған бастайтын жолдарды да харам еткен. Мұны шариғатта «сәдду-зәрәи» деп атайды. Сондықтан бөгде ер мен әйелдің арасындағы қатынасқа белгілі бір шек қойған.

Бұл жайлы қасиетті Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) Мүміндерге айт: бөгде әйелдерге сұқтанып көз сүзбесін, абұйырларын (ұятты жерлерін) ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында, Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт: жат еркектерге көз сүзбесін, абыройларын жапсын...», – деп бұйырады («Нұр» сүресі, 30-31-аяттар). Осы аяттан Алла тағала еркектерге де, әйелдерге де харамға көз салмауды, ұятты жерлерін арсыздықтан сақтауды бұйырғанын байқаймыз. Басқа да аяттарда Жаратқан Жаббар ие зинаны харам қылумен қатар, ақыреттегі азабын есімізге салып:ِ «Олар Алламен қатар басқа тәңірге жалбарынбайды және Алланың өлтірілуіне тыйым салған адамды өлтірмейді әрі зина жасамайды. Кімде-кім осылардың біреуін істесе, ауыр жазаға тап болады. Қияметте оның жазасы еселене түседі әрі олар онда мәңгі қор болып қала береді», – деп жан түршігерлік азаптан сақтануды ескертуде («Фұрқан» сүресі, 68-69-аяттар).

Бөтен еркектердің бөтен әйелдерге, бөтен әйелдердің басқа еркектерге құмарта қарауы – харам. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әлиге: «Ей, Әли! Қайта-қайта артыңа тесіліп қарама. Өйткені, бір рет қарау – сенің хақың, ал екінші рет қарауға хақың жоқ», – деп өсиет айтты. Бұл харамға бойлау сатылы түрде жүзеге асатынын, яғни көз салумен, құлақ түрумен, тіл қатысумен, қол ұстасумен басталып, жүзеге асатынын көрсетеді. Ал ақыры зина әрекетіне апарып соқтыратынын меңзейді.

Адам кейде харам нәрсеге немесе ашық денеге еркінен тыс көз салып қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден, сол сәтте көзін тайдырып әкетуі тиіс. Оның жөні бөлек. Алайда одан соң екінші рет қайта қарамауға күш жұмсауымыз керек. Ол оңай шаруа емес. Бірақ күш-қуатты тек Алла береді. Адам тек ниет етсе болғаны. Сөйтсе де адам бұл дүниеде шайтанның құрығынан құтылу үшін Алланы еске алуы керек. Сонда ғана адам кесепаттан бойын таза ұстай алады.

Ардақты елші (с.а.у.) өзіне әлдебір мәселе бойынша келген жас әйелге көз алмай қарап қалған жанындағы жас сахабаның бетін қолымен басқа жаққа көлегейлеп, оны күнәдан қақпайлады. Бір құдси хадисте: «Харамға қарау – Ібілістің улы оғы, кім одан Менен қорқып бас тартатын болса, мен оған терең иман беремін, оның дәмін жүрегінде сезеді» делінген. Демек, ер не әйелдің бөгде біреуге құмарта қарауы көз зинасы болып саналады.

Ислам діні бөгде әйел мен еркектің жеке қалуына да тыйым салған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Бөтен әйелмен жеке қалушы болмаңдар. Өйткені, оңаша қалған еркек пен әйелдің үшіншілері шайтан болмақ», – делінген.

Ардақты елші (с.а.у.): «Егер де әйелдеріңіздің арлы, намысты болғанын қаласаңыз, бөгде әйелге құмарта қарамаңыз» деп өсиет ету арқылы қоғамдағы індеттің алдын алуға шақырады. Ар- намысын ойлаған жан өз шаңырағындағы қызына, әйеліне, әпке- қарындасына, басқа да жақындарына, бейтаныс кісіге де мұндай жамандықты тілемейтіні анық.

«Көз көрмесе, көңілің де тілемес, көзің көрсе, көңіл құлауы түк емес» демекші, улы жебенің нысанасы болғысы келмеген мұсылман баласы көздерін харамнан сақтауы тиіс.

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жаннат адамға ұнамсыз көрінген нәрселермен, жаһаннам (нәпсіге) ұнамды нәрселермен бүркемеленген» деген.Расында, кейде адамдар көбіне дүниенің болмашы жылтырағына алданып жатады. Нәпсімізге майдай жаққан тән құмарлықтары зерлеп тоқылған жібек кілем секілді су- сылдап, сылаң қағып, өз ұйығына тартып әкетеді. Ол у қосылған бал іспетті. Ал оның емі мына хадисте айтылғандай: «Ләзәттардың дәмін ащыландыратын (өлімді) көп еске алыңдар» дегендей өлімді бір сәтке де қаперімізден шығармау.

Қазіргі таңда жастарымыз заман талабы осы екен деп, жар- тылай жалаңаштанып жүруді сәнге айналдырып алған. Бұл да зинақорлыққа бастайтын жолдардың бірі. Өйткені, «көзің көрсе – көңіл ауып қалады, көңіл ауса – кімдер ұстай алады!?» дегендей нәтижесінде, бөгде ер не әйел адамдардың күнә жасауына жол ашылады.

0 пікір