"Бұл су көңіл отымен ысыған су екен..." (ғибрат-әңгіме)
"Бұл су көңіл отымен ысыған су екен..." (ғибрат-әңгіме)
1 жыл бұрын 3816

Тарихта Азиз Махмұд Һудаи деген әулие кісі өткен. Баста қазылық қызметін атқарып жүріп, кейіннен сопылық жолына түсіп, осы жолда үлкен рухани деңгейлерге жетеді. Азиз Махмұд Һудаиге байланысты көптеген ғибратты әңгімелер тараған. Сондай ғибраты оқиғаның бірі төмендегідей:


Азиз Махмұдтың сопылық мектепке түсіп, онда ұстазынан нәпсі тәрбиесі секілді рухани тәрбие алып жүрген кезі екен. Ұстазы шәкіртінің нәпсісін тәрбиелеу мақсатында, тәкәппарлық мен менмендікті жояр тапсырмалар беріп отырады. Тапсырмаларын орындап, нәпсі тәрбиесінен өтіп қалған шәкіртке бұл жолы ұстазы өзінің дәрет суын дайындап тұру ісін жүктейді. Азиз Махмұд ұстазының тапсырған бұл тапсырмасын да өте ыждыхаттылықпен, әдепен орындап жүрді. Күнде азанда ұстазынан бұрын тұрып, дәрет суын жылытып, әзірлеп қойып тұрды.

Күндердің күнінде Азиз Махмұдты ұйқы басып, күндегі оянатын уақытынан кештеу оянып қалады. Соның салдарынан, ұстазының дәрет суын ысытып үлгере алмай қалады. Қыс мезгілі. Су мұздай. Ұстаз мұздай сумен дәрет алатын болды деген оймен өзін жегідей жеп, қатты кейіген ол «енді қайттым» деп, муздай су турған құмғанды көкірегіне басып, қайғыдан көзі жасқа толған күйі «Алла, Алла..» деуден басқа еш нәрсе істей алмайды. Сол арада ұстазы да ұйқысынан тұрып, дәретхананың есігін ашып кіріп келе жатады.

Дәретханаға кіріп, сырт дәретін алмақшы болып шәкіртінен әдеттегідей қолына су құюын сұрайды. Азиз Махмұд бір сәт кідірістен кейін шарасыз күйде, іштей қайғы жұтып ұстазының қолына су құя бастайды. Шәкіртінің құйған суы Үфтәдә Хазіреттің мүбәрак қолына тиер тимес, ол басын көтеріп көңілсіз күйдегі шәкіртіне жымиып:

- «Ұлым, суын біраз қаттірек ысып кетіпті ғой» - дейді.

Ұстазының ескертуін түсінбей, бәсен дауыспен:

- «Қалайша? Бүгін суды ысытпаған едім, тақсыр!» - дейді Азиз Махмұд Һудаи.

Сонда ұстазы Үфтәдә Хәзірет:

- «Ұлым, сен сезбегенсің ғой, бұл су - ағаш отымен емес, көңіл отымен ысыған су» - деп шәкіртінің ыстық ықыласының арқасында Алла Тағала мұздай суды жылы суға айналдырғандығын ұқтырыпты.

0 пікір