«Мен, ақ бұқа желінген күні желіндім!...»
«Мен, ақ бұқа желінген күні желіндім!...»
5 ай бұрын 3813
(Арыстан мен үш бұқаның хикаясы)

Бір күні аш арыстан жемтік іздеп орманды кезіп жүріпті. Жол-жөнекей оған қара, қызыл және ақ түсті үлкен әрі қуатты үш бұқа кезігеді. Үшеуі де шөп жеп жатады. Аш арыстан жемтіктерін кезіктіргеніне қуанып кетеді де, үшеуіне шабуыл жасайды. Алайда, үш бұқа ұйымшыл боп шықты. Ол үшеуі бір жұдырық болып, ақырған арыстанға қарсы соққы жасайды. Осылайша өздерін қорғап қалады. Үш қуатты әрі еңгезердей бұқаға арыстанның күші жетпей, қаша жөнеледі.

Аш арыстан анадай жерге барып, орманның көк шөбін күтір-күтір жеп жатқан үш бұқаға тамсана қарап жатады. - «Бұларды қалай жесем екен?!» деп ойланады. - «Оларды бірден жеу мүмкін емес. Үшеуі біріксе, алынбас қамал. Енді не істемек керек?» дейді өз-өзіне. Сөйтіп ойлана келе, "әуелі екі бұқамен келісейін, оларды өзіме дос тұтайын, сосын үшіншісін жеу қиынға соқпайды" деген тоқтамға келеді. Осы оймен ол қара бұқа мен қызыл бұқаға барады. Барып ол екеуіне:

- «Менің сендерға ешқандай дұшпандығым жоқ. Сендер менің досымсыңдар. Мен сендерді жақсы көремін. Бірақ, аштықтан өлмес үшін ақ түсті бұқаны жесем деген едім. Оны жесем де сен екеуіңе тимеймін» - дейді. Екі аңқау бұқа арыстанның ұсынысына келісіп, ақ түсті бұқаны жеуіне мүмкіндік береді. Арыстан бірден ақ түсті бұқаға атылып, оны жеп қояды.

Содан кейін біраз күн өтеді. Арыстанның қарны қайта аша бастайды. Түнеу күні жеген ақ бұқаның етінің дәмі қайта-қайта аузына келе береді. Енді қалған екі бұқаны жейін деп, ол екеуі жайылып жүрген жерге барады. Екеуіне бірдей шабуылдап көріп еді, екі бұқаға шамасы келмеді. Біріне ұмтылса, екіншісі сүзгілеп, құтын қашырады. Ақыры қашып зорға құтылады. Амалсыздан аш күйі апанына оралуға тура келеді. Апанында жатып «ол екеуі біріксе - күш, сондықтан да, бөлек-бөлек жеуім керек» деп, өткендегі айласын қолдануды дұрыс көреді. Сөйтіп ол қызыл бұқаны шақырып алады, оған:

- «Уа, қымбатты достым! Сен неге маған тап бересің. Мен сені жақсы көремін ғой. Сені жеу, мүлдем ойымда жоқ. Мен қара түсті бұқаны жегім келген. Сен кедергі болмай, оны жеуіме мүмкіндік бер. Оны ғана жеймін, саған тимеймін» - деп сендіреді. Аңқау бұқа расында да арыстанның сөзіне иланып, былай кетіп қалады. Ал арыстан болса, жайылып жүрген қара бұқаға атылып, оны жеп қояды.

Содан не керек, күндер өтеді. Арыстан қайта ашығады. Сол кезде есіне қызыл түсті бұқа түседі. Ол қызыл түсті бұқа жайылып жүрген жеріне барады да оған:

- «Енді сені жеймін», - дейді де оны шап беріп ұстап, астына басып алады. Өтірік дос боп көрінген арыстанның айласын кеш түсінген аңқау бұқа арыстанның азуында жатып:

- «Мен, негізі, ақ бұқа желінген күні желінген екенмін!» - дейді1.

Осындайда қазақтың "бөлінгенді бөрі жейді" деген аталы сөзі ойға оралады..

А. Қасым


1Арабша хикая.

 

0 пікір