"Қазір сендердің қастарыңа жәннәт иелерінен болған бір кісі келеді"
"Қазір сендердің қастарыңа жәннәт иелерінен болған бір кісі келеді"
2 жыл бұрын 4501
А. Қасым

Сахаба Әнәс ибн Мәлик (радияллаһу анһ) былай деп әңгімелейді:

«Пайғамбарымызбен (ғалейһиссаләту уә сәлләм) бірге отырған едік. Бір кезде Алла елшісі (с.а.у.):

- Қазір сендердің қастарыңа жәннәт иелерінен болған бір кісі келеді, - деп айтты. Сол мезетте Аңсарлық бір ер адам келді - cақалынан дәрет суы тамшылаған, сол қолына сандал тәпішкесін іліп алған.

Ертесі күні тағы солай айтты. Ол кезде де әлгі кісі тура кешегідей келді. Үшінші күн болғанда Алла елшісі (с.а.у.) алдыңғы сөзін қайталап айтты. Бұл жолы да әлгі кісі әуелгі халінше келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан тұрып кеткеннен кейін, әлгі адамның соңынан (жас сахаба) Амр ибн Ас (радияллаһу анһ) ілесті. (Ондағы мақсаты ол адамды пейіштік еткен қандай іс, соны білгісі келді).  Абдулла ибн Ас әлгі пейіштік деген адамға:

- Мен әкеммен араздасып қалдым, сосын үш күн үйде қонбаймын деп ант еткен едім. Сол үш күн уақыт өткенше сенің үйіңді паналай тұрсам қалай қарайсың? Рұқсат бересің бе? – деді.

Әлгі кісі:

- Иә, - деп жауап берді.

Кейіннен Абдулла ибн Ас үш күнгі көрген-білгенін былай әңгімелеп берді:

«Үш түнді оның қасында өткіздім. Оның түнде тұрып намаз оқығанын көрмедім. Бірақ бір байқағаным ол ара-сыра ұйқысынан оянып, төсегінде бір жағынан екінші жағына ауысып жатқан кезінде Алланы зікір етеді екен және Алланы ұлықтайды екен, таң намазына тұрғанша солай жалғасты. Және де айта кететін нәрсе, сол үш күнгі уақыт ішінде одан тек жақсы нәрселерді ғана естідім, еш жаман сөз сөйлемеді.

Содан, үшінші түн өткенде оның істерін түкке тұрғысыз деп ойлаған мен, оған былай дедім:

- Уа Абдуллаһ! Әкем екеуміздің арамызда ешқандай ұрыс та, реніш те болған жоқ. Алла елшісі үш рет "қазір сендердің жандарыңа жәннәт иелерінен болған бір адам келеді" деп айтқан еді. Үшеуінде де сен кіріп келдің. Сол себепті, сенің үйіңде қонып, сені пейіштік еткен амалды білгім келді. Оны біліп өзім де соны жасайын дедім. Алайда айтарлықтай амалдарың жоқ екен. Алла елшісінің сен жайында олай деуінің сыры неде?  - деп сұрадым.  

Әлгі адам:

- Өзің көргендей. Одан басқа артық амалым жоқ, - деп жауап берді.  Мен бұрылып кетіп бара жатқанымда ол мені шақырып алып:

- Өзің көргендерінен өзге пәлендей амалым жоқ. Бірақ менің ішкі-жан дүниемде ешбір мұсылманға қарсы ыза-кек жоқ. Және де ешкімге Алланың бергенін қызғанып, көреалмаушылық жасамаймын, - деді.

Мен:

- Міне сол нәрсе сенің дәрежеңді көтерген. Міне сол нәрсе біздің қолымыздан келмей жатқаны, - дедім»[1].

Ғибрат:

«Жүрегіңде ешкімке ыза-кек сақтама. Күндестік жасама. Көреалмаушылықтан арыл. Сонда пейішке кіресің».

islam.kz/


[1] Абдурраззақ: «әл-Мусаннаф», №20559; ән-Нәсәи: «әл-Кубра», №10699; әл-Бәйһақи: «әш-Шуъаб».

0 пікір