Қиямет күні төрт адамды төрт адамға дәлел қылып көрсетеді
Қиямет күні төрт адамды төрт адамға  дәлел қылып көрсетеді
2 жыл бұрын 7823

Кей мәліметтерге қарағанда Алла Тағала қиямет күні, пенделерінен есеп-қисап алып жатқан сәтінде төрт адамды төрт түрлі адамға дәлел ретінде көрсетіп, оларға үлгі қылады екен:

Біріншісі – бұ дүниеде байлығына мастанып, Құдайын ұмытқан бай Жаратушысының алдында: «Мені байлығым алдандырды, Саған мойынсұнып, құлшылық жасауыма кедергі жасады» деп сылтау айтқан кезде, оған Дәуід ұлы Сүлеймен пайғамбарды көрсетіп (ғалейһиссәләм): «Сен Сүлейменнен бай емес едің. Сүлейменнің байлығы маған құлшылық жасауына кедергі болған жоқ» - делінеді.

Екіншісі – бұ дүниеде құл болып, Жаратушысына ғибадат етпеген адам Жаратушысының алдында: «Мен құл едім. Менің құлдығым саған ғибадат етуіме кедергі жасады» деп айтады. Сонда оған Юсуф пайғамбарды көрсетіп (ғалейһиссәләм): «Юсуф та құлдыққа түскен еді, бірақ оның басына келгені маған ғибадат етуіне кедергі болған жоқ» - делінеді.

Үшіншісі – Құдайға ғибадат жасамай өткен кедей кісі. Ол Жаратушысына: «Менің тұрмысым нашар еді. Тұрмысымның нашарлығы саған құлшылық жасауыма кедергі болды» - дейді. Сонда Құдай Тағала оған Иса пайғамбарды көрсетіп (ғалейһиссәләм): «Сен Исадан да кедей ме едің? Ол сенен кедей бола тұра құлшылығын қоймады» - делінеді.

Төртіншісі – Науқас адам. Ол Жаратушысына: «Саған құлшылық қылуыма сырқатым кедергі болды» деген кезде, оған Айюб пайғамбарды дәлел көрсетіп: «Сенің сырқатың ауыр ма еді, әлде Айюбтың сырқаты ма? Оның сырқаты маған ғибадат жасауыма кедергі болмады» - делінеді екен[1].

Ендеше бұ өткінші дүниеде басқа келген түрлі келенсіздіктерге қарамай Жаратушымызға деген құлшылығымызды үзбеуіміз керек. Келенсіздіктерді де жаратқан Алла, оның шешімін де. Сондықтан бір Аллаға сыйынып, қиындыққа мойымай сабырлық танытқан абзал екен. Әр қиындық - күнәға кәффарат болады. Және әр қиындықтан соң екі есе жеңілдік болады.


[1] Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «тәнбиһуль ғофилин», №185 бет.

Абдусамат Қасым
0 пікір