«Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмақ емес»: Пайғамбар (с.а.у.) «нәшрах» сүресін оқып неге күлді?
«Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмақ емес»: Пайғамбар (с.а.у.) «нәшрах» сүресін оқып неге күлді?
2 жыл бұрын 7354
Абдусамат Қасым

Ислам ғұламасы Мұхаммед ибн Жәрир ат-Табари, Ибн Абдульаъләдан, Ибн Абдульаълә - Ибн Сәурдан, Ибн Сәур - Мәъмәрдан, ал Мәъмәр - Әзіреті Хасаннан жеткізген хадисінде, Хасан былай деп әңгімелейді:  

 

حدثنا ابن عبد الأعلى، قال: ثنا ابن ثور، عن معمر، عن الحسن، قال: خرج النبيّ ﷺ يوما مسرورا فَرِحا وهو يضحك، وهو يقول: "لَنْ يَغْلِبَ عُسْرٌ يُسْرَيْنَ، لَنْ يَغْلِبَ عُسْرٌ يُسْرَيْنِ ﴿فَإِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا إِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا

 

 «Бір күні Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп айтып, шаттанып, қуанышты түрде күліп шықты: «Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмақ емес. Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмақ емес» - деді де: «Күмәнсіз қиындықпен бірге, жеңілдік бар. Шынында қиындықпен бірге жеңілдік бар» деген аятты оқыды («Нәшрах» сүресінің, 5-6 аяттарын оқыды)».

Ендігі жерде, неге Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) «Нәшрах» сүресінің 5-6 аяттарын оқып: «Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмайды» - деп айтқан? Оның сыры неде?

Оның сыры аталмыш қос аяттағы араб тіліне қатысты нәзік бір ерекшелікте жатыр. Бұл ерекшелікті тәпсірші ғалым Ибн Кәсир (р.а.) былай түсіндіреді:

«Нәшрах сүресінің 5 және 6 аяттарындағы «қиындық» (الْعُسْرِ ) сөзі екі аятта да «белгілі» түрде («аль» артикльмен) келген. Ал «жеңілдік» (يُسْرًا) сөзі екі аятта да «белгісіз» түрде  («аль» артикльсіз) келіп отыр. Сондықтан да, (араб тілі ерекшелігі бойынша) екінші аяттағы «қиындық» сөзі, бірінші аяттағы «қиындық» сөзінің құр қайталауы ғана болса, қос аяттағы белгісіз түрде келген «жеңілдік» сөздері екеуі екі бөлек нәрсе екендігін білдірмек. Сол себепті, Алла елшісі (с.а.у.) «бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмақ емес» деп айтқан»[1].

Яғни, Құдай Тағала өзінің қасиетті қос аятында: «Күмәнсіз қиындықпен бірге, жеңілдік бар. Күмәнсіз қиындықпен бірге жеңілдік бар» - дей келе, әр бір ауырлықтан кейін екі есе жеңілдік барын пенделеріне сүйіншілеуде. Өйткені бір-бірінің артынан қайталанып келген екі аятта да «қиындық» сөзі «маърифа» түрінде, яғни, «белгілі» түрде айтылғандықтан, ол «бір қиындық» дегенді ұғындырса, «жеңілдік» сөзі екі аятта да «нәкрә» түрінде, яғни, «белгісіз» түрде келгендіктен «екі түрлі жеңілдік» дегенді ұғындырады. Осыдан келіп «әр бір қиындықтан кейін екі есе жеңілдік боларын» түсінеміз.

Ендеше, әлемдерге мейірім шуағы болып жіберілген ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) қуанып «Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмақ емес» деуінің төркіні осында жатыр екен.


[1] Ибн Кәсир тәпсірі, «Шәрх» сүресінің 5 аятының тәпсірі.

1 пікір