Түсінде Пайғамбарды көрген түрік ұлтты күңнің оқиғасы
Түсінде Пайғамбарды көрген түрік ұлтты күңнің оқиғасы
1 жыл бұрын 6537

әл-Мақридің мына бір әңгімесін атақты түс жорушысы, сахаба көрген табиғин дін ғалымы Ибн Сирин риуаят еткен. Ибн Сирин мұны Ахмед ибн Хусейн ибн Мәһрден естіген.

Әл-Мақри былай әңгімелейді:

«Мен бір күң сатып алған тұғым. Ұлты түрік болса керек. Біздің тілде сөйлемейді екен. Мен де оның тілін білмеймін. Көршілес жолдастарымның күңдері оның сөзін тәржімалап беріп тұратын.

Күндердің күнінде әлгі күң ұйықтап жатып, шошып оянды. Оянғаннан кейін өкіріп жылай бастады. «Не болды екен» деп, қасына барғанымда ол маған араб тілінде:

- Тақсыр, маған «Фатиха» сүресін үйретіңізші! - деп өтінді. Мен түсінбей өз-өзіме: «Мынаны қара! Біздің тілді біле тұра, маған өзге тілде сөйлеп жүр екен ғой» дедім. Сол арада, жолдастарымның күңдері де келіп қалып, таңдана:

- Сен қожайыныңның тілін білмеуші едің ғой, бір сәтте қалайша ол тілде сөйлеп кеттің? – деп сұрақтың астына алды.

Сонда әлгі күң былай деді:

- Мен бір түс көрдім. Түсімде ашулы бір ер адамды көрдім. Жүріп барады екен. Және артынан ілескен көп халықты көрдім. «Мынау кім?» деп сұрадым. Маған біреулер: «Ол – Мұса пайғамбар (ғалейһиссәләм)» - деп жауап берді. Кейіннен басқа бір ер адамды көрдім. Көркем жүзді екен. Ол да жүріп бара жатты. Қасында бірге кетіп бара жатқан қауым бар. Мен: «Мынау кім?» деп сұрадым. «Ол – Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)» - деді біреулер. «Мен сол кісімен барамын» дедім де, артынан жүрдім. Ол үлкен бір қақпаға келді. Пейіштің қақпасы екен. Қақпаны қақты. Қақпа ашылды. Ол және оның қасындағылар түгел кірді. Ал, мен және тағы екі әйел қалып қойдық. Қақпаны қақтық. Қақпа ашылып, бізге: «Кім Фатиха сүресін әдемілеп оқып берсе, соған кіруге рұқсат беріледі» делінді. Қасымдағы екі әйел Фатиханы оқыды. Ол екеуіне кіруге рұқсат берілді. Мен болса тағы қалып қойдым. Оянсам түсім екен»,- деді де, маған жөнеліп:  

- Мырзам, маған Фатиха сүресін үйретіңізші! – деді. Мен келістім. Фатиха сүресінің оқылуын үйретіп, жаттаттым. Оған үйрену оңайға соқпады. Соңында әйтеуір жаттады. Алайда жаттап аяқтағаны сол екен, жерге сұлық түсіп құлады. Бақсам, бақилық болыпты» - деп, әл-Мәқри әңгімесін аяқтапты[1].

А. Қасым


[1] Ибн Сирин: «Тәфсируль Ахләмиль Кәбир». (Түстердің үлкен тәпсірі) атты кітабынан.

0 пікір