Ерлі-зайыптылардың өзара түсініспеушілік кездерінде жіберетін 10 қателік
Ерлі-зайыптылардың өзара түсініспеушілік кездерінде жіберетін 10 қателік
1 жыл бұрын 7384

Өкінішке орай дейміз бе, әлде ерлі-зайыптылар арасындағы болып тұратын ұрыс-жанжалдардың да пайдасы бар дейміз бе, ол жөні - отбасы психологы мамандарының бас қатырар нәрсесі. Қалай болғанда да жанжал - қашанда берекені қашырар ұнамсыз нәрсе екені талассыз уәж.

Әйткенмен, отбасы-ошақ қасында ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайтындығы да өмірдің шындығы. Бірақ, ұрыссыз тату-тәтті өмір кешкенге не жетсін! Сондықтан да, ортадағы келіспеушілікті ұрыс-керіске айналдырмас үшін, ұстанымдылықты ұмытпаған жақсы. Ондай да сөз ұстамдылығы маңызды.

Адамдар арасындағы қарым-қатынас жөніндегі кеңесші маман, американдық Джон Грей, ерлі-зайыптылардың түсініспеушілік кезінде жіберетін қателіктерді топтастырған. Соның ішінде сөз жүзінде жіберілетін он қателікті білдіріп өткен. Соны сіздермен бөлісіп отырмыз және бұл айтылғандардың көбі отаналарға көбірек қатысы барын айта кетелік, өйткені «еркек – бас, әйел – мойын» дегендей, ерлі-зайыптылар арасындағы туындаған келіспеушілік пен түсініспеушіліктің арты ұрыс-керіске айналуын болдырмауда - әйелдің рөлі орасан. Ендеше, Джон Грей айтқан он қателікке кезек берелік:

1) Дауыс көтеру және эмоция. Әйел кісілер күйеулерімен сөзге келіп қалған жағдайда дауыс көтермей, эмоцияларын барынша тізгіндеуге тырысқандары абзал. Ондай кезде байыптылық – ең жақын досыңыз болсын. Ондайда эмоциядан пайда жоқ. Өйткені ондай сәтте эмоция ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілікті жанжалға айналдыруы мүмкін.

2) Келіспеушілікті тудырған негізгі тақырыптан ауытқып, басқа нәрселерді ойлап табу және сол нәрселерді келіспеушіліктің нысанасына айналдыру. Бұл – қате. Ондай кезінде келіспеушілікті тудырған нақты мәселеге шоғырланған жөн.

3) Не қалап тұрғанын нақты білмеу. Еріңіздың дұрыс реакция жасауы үшін нақты не қалап тұрғаныңызды және одан не қалайтыныңызды айқындап алуыңыз керек. Күйеуіңіздің жалпылама кемшіліктерін айтып шағым білдіруіңіздің пайдасы жоқ. Оның орнына, күйеуіңізден сіз үшін дәл не керек, соған шоғырланғаныңыз жөн.

4) Таластың мақсатын белгілей алмау. Мақсат - құр шағым ба, әлде күйеуіңізге одан қалайтын белгілі бір нәрсені жеткізу ме?

5) Әйелдің реакциясы мен еркектің реакциясы арасындағы айырмашылықтың барын ұқпау. Әйелді – әйел түсінгендей, еріңізден де сіздің ішкі жан дүниеңізді және не қалап тұрғаныңызды бірден түсіне қоюын күту қате болады. Марс планетасы мен Шолпан жұлдызының айырмашылығы сияқты, ер мен әйелдің түйсігінде де айырмашылықтардың барын есте сақтаған жақсы.

6) Салыстыру принципін іске қосу. Бұл да қателік. Келіспеушілік кезінде күйеуіңізді өзге еркекпен салыстыру қате болады. Және де оның өткен шақтағы халімен, қазіргі мінезін салыстыру да оңтайлы қадам бола бермейді. Оның өткен шақтағы жағымды әрекеттерін есіне салудың орнына, мысалы былай айтқан абзал: «Егер сен былай, не былай істесең, мен қуанышты болар едім...» деген сияқты сөздерді айту - әлде қайда нәтижелі болмақ.

7) Көп уақыттан бері жиналған іштегі өкпе, реніштердің сыртқа шығуына рұқсат беру. Бұл да қате. Өткен шақта орын алған жағдаяттардан іште қалып кеткен өкпе, реніштерді шығару ұрыстың одан бетер өршуіне алып келеді. Өткеннен қалып кеткен сезімдердің келіспеушілік сәтінде шығарудың қажеті шамалы. 

8) Күйеуіне өз көзқарасын білдіруге мұрсат бермеу. Әйел кісілер келіспеушілік сәтінде - күйеуіне өзін қорғануға немесе өзінің көзқарасын түсіндіруге мүмкіндік берместен және оған сөз сөйлеу құқығын танымастан, өзінің ойын, пікірін, жалғасымды түрде жаңбырша жаудырып жататын кездер болады. Бұл да мәселенің одан бетер насырға шабуына алып келетін қателік.

9) Өткенді айту. Әйел кісілер ұнамаса да, көніп істеген істерін ұмытпайтындығы рас. Алайда, бұл дегеніміз, ол нәрселерді әр келіспеушілік кезінде еске салып тұру керек деген сөз емес. Құр босқа уақыт құрту. Ондай нәрселерді еске салу ұрысты одан бетер өршітуі мүмкін.

10) Бұйрық рай қалыбымен сөйлеу (бұйырып сөйлеу). Бұл қате. Өзіңіздің қалаған нәрсеңізді айтар кезде, жұмсақ болыңыз. Тіке бетіне бұйыра сөйлемеген жақсы. Оның орнына, қалауыңыздың орындалуына алып келер лайықты сөздерді таңдап сөйлеген абзал.

Абдусамат Қасым
(Араб тілді интернет ресурстарынан алынды)

0 пікір