Ұрлықшы деп танылған діні бөтен Яһуди адамды ақтап көктен аят түскен.
Ұрлықшы деп танылған діні бөтен Яһуди адамды ақтап көктен аят түскен.
6 ай бұрын 4200
Тарихтан ғибрат

Шынында әділеттілікті ту етіп, халқының құқығын қорғау – кез-келген мемлекетті өркендеуге, өміршен болуына жетелейтін бірден-бір себеп. Әділдік орнаған мемлекеттің келешегі баянды. Кәпір де болса, әділ болуға талпынған мемлекетке Алланың өзі жәрдем етеді. Керісінше, әділдік кенже қалған ел тоқырауға душар. Әділдіктің антонимы – зұлымдық. Әділетсіз адам – залым адам. «Зұлымдық (әділетсіздік) – әлдебір мемлекеттің тоқырайтындығының жаршысы» - дейді Ибн Халдун1

Әділеттілік және адам құқығын қорғау сияқты көбіне кенже қалып жататын істерді Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) үнемі алға шығарып отырды. Ешкімді ұлтына, дініне қарап алаламады. Кім болса да әділ үкім беріп, әділдік таразысынан ауытқымауды үйретті. Оған өміріндегі көптеген мысалдар дәлел. Сондай бір мысалды мына бір оқиғадан анық байқауға болады: 

Медине қаласында Туъма ибн Үбәириқ (طُعْمَةَ بنَ أُبَيْرِقَ ) есімді бір күнәһар мұсылман (мұның екі жүзді мұнафиқ болғандығы айтылады, бірақ сырт көзге мұсылманмын деп жүрген), өзінің Қатәдә есімді көршісінің сауытын ұрлайды. Сауыт ұн тұрған қаптың ішінде болған. Туъма ұнымен бірге сауытты алып кетеді, бірақ ізін жасыру үшін бір Яһуди дініндегі адамның үйіне тығады. Қаптың тесігінен төгілген ұнның ізі Яһудидің үйіне дейін барады. Сауыттың иесі алдымен Туъманың үйінен іздейді, өйткені ұнның ізі оның да үйінен табылған-ды. Алайда Туъма ант су ішіп, өлердегісін айтқаннан соң, оны қоя беріп, төгілген ұнның ізімен жүреді. Ізді қуып келіп, тура Яһуди бір адамның үйіне тіреледі. Үйін тінтиді. Тінту нәтижесінде сауыт Яһудидің үйінен табылады. Алайда Яһуди сауытты ұрламағанын, Туъма ибн Үбәйрақ деген адам әдейі тастап кеткенін айтып ақталады. Екі жақтың тумаластары арасында дау туғалы тұр. Оның арасы дінаралық қақтығысқа да ұласуы ғажап емес. 

Сонымен Туъманың руластары Алла елшісіне (с.а.у.) келіп, мұсылман Туъманның кінәсіз екендігін айтады. Алла елшісі (с.а.у.) дәлелдерге қарай отырып, сауытты Яһуди дініндегі адамның алғандығына тоқтам жасайды. Өйткені сауыт соның үйнен табылып отыр. Қатаданың үйінен бері төгілген ұнның ізі де дәл Яһудидің үйіне әкелді. Яһуди және оның туыстары қанша шырылдаса да, амал жоқ айғақтың бәрі оған қарсы болып тұр. Ақыры Яһудиді жазалауға шешім шығарады. Алайда шешім шығарғаны сол-ақ екен, Алла Тағаладан әлгі діні бөтен Яһуди адамды ақтап алар бақандай алты аят түседі. Біз соның екі аятын бере кетелік ("Ниса" сүресі, 105, 108 аят):

  • «Ей Мұхаммед! Адамдар арасында Алланың көрсеткені бойынша төрелік айтсын деп саған хақ кітапты түсірдік. Сондықтан да сатқындарды ақтаушы болма!»...
  • «Олар (қиянаттарын) адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Олар Алла разы болмайтын (қаралау) сөзді түнделетіп жоспарлаған кезде, Алла олармен бірге еді»2

Қасиетті аяттардағы «Сатқындарды ақтаушы болма» және «түнделетіп жоспарлаған кезде Алла олармен бірге еді» деген сөздер - негізгі ұрлықшы Туъма екендігін анық білдіріп тұрған еді. Осылайша Алла Тағала өзінің Пайғамбарын әдейі болмаса да әділетсіздікке барып қоюынан құтқарған болды. 

Діні бөтен Яһуди адамды ақтап көктен аят түскеннен кейін, Мұхаммед пайғамбарымыз шешімін қайтарып алады да, Яһуди адамның кінәсіз екендігін жариялайды35. Ал негізгі ұрлықты жасаған Туъма екендігін білдіреді... 

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) әділдігіне қарасаңызшы. Ертеңгі күні айналадағы жұрт «мұсылмандар ұрлықшы» деп Ислам дініне кір келетіндігіне қарамастан әділдіктен ауытқымай, ақиқатты айтып жариялады. Негізінде басында яһудидің туыстары наразы болса да айғақтарға қарап, яһуди адамды кінәлі деп тапқан болатын. Ал енді қателескенін білдірсе, тағы да адамдар алып-қашпа әңгімелерге жол беріп, пайғамбар атына кір келейін деп тұр. Осының бәрін назарға алсақ Мұхаммед пайғамбар үшін ақиқатты жасырып қалып, алғашқы шешімінде тұрып алуы - тиімдірек болар еді. Алайда, Ол (с.а.у.) олай етпеді. Өзіне және мұсылмандарға зиян болса да ақиқатты жария қылып, әділдіктің орнауын бірінші орынға қойды. 

Әділетсіздік кең тараған мына замандағы билік иелеріне Мұхаммед пайғамбардың өмірі үлкен өнеге. 

Аллаһумма салли уә сәллим уә бәрик аля Мұхаммед! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

А. Қасым.


1«Кәпір де болса әділеттілік орнаған мемлекетке Алла жәрдем етеді». А. Қасым
2Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 105-112 аят.
3Ибн Кәсир: «Тәпсір». Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы Тирмизиде келтірілген.

0 пікір