Әлеуметтік ғылымдардағы дағдарыстың себебі неде?
Әлеуметтік ғылымдардағы дағдарыстың себебі неде?
10 жыл бұрын 3887
Рахманқұл Жеңіс

Қазіргі таңда әлеуметтік ғылымдардың терең күйзелісте екендігін Батыстағы көптеген ойшылдар ашықтан-ашық айта бастады. Мәселен Мишель Фуколт, Зигмунт Бауман, Журген Хабермас секілді белгілі ғалым-ойшылдар мұны өте қатаң сынаумен көзге түсуде. Бұл ғалымдар капитализмнің адамзатты «тұтынушы малғұнға» айналдырған нақұрыстығымен бірге әлеуметтік ғылымдарды да аяусыз сынауда. Алайда, олар әлеуметтік ғылымдардағы дағдарысты сынаумен қатар терең бір қайшылыққа да ұрынуда.

ХVІІІ-ші ғасырдан басталған батыс елдеріндегі модернизация құбылысы, жаратылыстану ғылымдарының қарыштап дамуына әкелді. Жаратылысты тану, табиғатты тұтастай бағындыру тек қана тәжірибе арқылы байқалып, адам ақылы (рацио) арқылы расталатын және адамзат баласына жалғыз ғана жол көрсететін бағыт делінді. Бұл – ғылым дейтін позитивизм осы кезеңнің жемісі болатын. Позитивизм батыстағы ғылыми ортада әліге дейін ықпалын жалғастыруда. Позитивизмнің күшейуіне әсер еткен факторлардың ең маңыздысы Дарвиннің «табиғи сұрыпталу» теориясы болатын. Әуелде жаратылыстану ғылымдарында белең алған Дарвинизм келе-келе әлеуметтік ғылымдарда да «әлеуметтік сұрыпталу» немесе «әлеуметтік эволюция» ретінде кеңінен қолданыла бастады. ХІХ ғасырда капитализмнің жайылуы, империялық қанаушылық, дамушы елдерді бодандыққа салып езу құбылыстары батыста сол кезеңдерде «әлеуметтік сұрыпталу» теориясының экономика, саясат және халықаралық құқыққа қаншалықты ықпалды болғандығының бұлтартпас тарихи дәлелі емес пе? Кейіннен Гитлер бұл теорияны фашистік идеологияның ең негізгі тірегі етіп алды. Халықтарды қолдан сұрыптап адамзат тарихының ең қорқынышты қанды қырғынын жасады.

ХІХ-шы ғасырда жаратылыстану ғылымдарындағы үлкен өзгерістер бұл ғылымдардағы дәлдік сенімін күшейтті. Ғылымның ашқан жаңалықтары адамзатқа айнымас жол көрсетуші ретінде дәріптелді. Шынында да осы рас па еді? Әрине, қате болатын, кейіннен ХХ ғасырда Эйнштейннің «салыстырмалы» теориясы ғылыми ортада үлкен төңкеріс жасады. Жаратылыстану ғылымдарында «дәлме-дәлдік» және «туралық» болуы мүмкін еместігін, барлығы «салыстырмалы» негізінде екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Мәселен, кванттық физика ғылымда ашылған бұрынғы дәйектердің барлығын түбірлі өзгерістерге ұшыратты. Нәтижесінде өткен ғасырдың ғылыми жаңалықтары ашылуымен бірге қайтадан терістеле бастады.

Әлеуметтік ғылымдар Батыс Еуропада әрдайым жаратылыстану ғылымдарының ізінен жүріп отырды. Жаратылыстану ғылымдарындағы секілді әлеуметтік ғылымдарда «дәлме-дәлдік» немесе «туралық» бар екендігі алға тартылды. Яғни, табиғаттың өзгермейтін заңдылықтары бар, дәл осылайша бұл заңдылықтарды әлеуметтік ғылымдар да ашады деп есептелді. Егер назар аударған болсаңыз мұнда табиғатпен адамзат қоғамын біртұтас органикалық құбылыс ретінде есептеуде. Яғни табиғаттағы сұрыпталу адам қоғамына да қатысты талдануы нағыз масқара болатын.

Осылайша әлеуметтік ғылымдар қоғамда қатаң себеп-салдар негізіндегі заңдылықтарды іздестіру үшін белсене кірісті. Сонымен қатар жаратылыстанудағы секілді «заңдылықтарды» барынша абсолюттендірді. Кейіннен Маркс бұл мәселені «қоғамдық-формациялық» жүйесінде «жаратушы» секілді әбден нақтылады. Капиталистік қоғамынан кейін коммунистік қоғам орнайтындығын тарихи-материалистік заңдылықтарымен екі қосу екі төрт етерліктей сәуегейлікпен дәлелдеуге тырысып бақты.

Қорыта келгенде әлеуметтік ғылымдар жаратылыстану ғылымдары секілді абсолютті заңдылықтар ашу қиялымен дағдарысқа кірді. Жаратылыстану бұл дағдарысты аз да болса жеңді, себебі салыстырмалы теориясын мойындаған болатын. Алайда әлеуметтік ғылымдар мұны жасай алмады. Себебі, оның қателіктері иделогиялардың кәдесіне асты. Тәубаға келуіне де мүмкіндік бермеді. Капитализмнің жаңа құбылысы «жаһандану» рухы бұл қателікті керісінше тарихи тағдыр ретінде біздерге күштеп қабылдатқысы келеді.

Осылайша қазіргі әлеуметтік ғылымдардарғы дағдарысқа қатысты жалпылама шолу жасадық. Қазіргі заманғы ғылымның бастауы Еуропа болғаны үшін біз мәселені Еуропаға байланыстырып талдау қажеттігін сезіндік. Батыс өз құндылықтарын әлемдік дәрежеге жеткізді. Сонымен қатар барлық «мәселелерін» де әлемдік қылып бағуда. Әлеуметтік ғылымдардағы дағдарысты да барша адазаттың тағдыры ретінде бағалауда.

Исламда Аллаһ Тағаланың бір сипаты Кадири Мутлак, яғни абсолютті жаратушы күш.

Ислам батыстағы секілді ғылымды пұтқа айналдырмайды. Өйткені, Ислам діні Аллаһ Тағала табиғат пен қоғамға өз заңдылықтарын орнатқанын ашық айтады. Табиғат пен қоғамда себеп-салдар негізінде құрылған детерменистік Илаһи жүйе бар екендігі рас, алайда бұл ғылымды абсолютті мағынаға келтірмейді. Абсолютті шындық әрі жаратушы күш Алланың нақ өзі. Алла Тағала қаласа қоғам мен табиғаттағы заңдылықтарды кез-келген замат өзгерте салу құдыретіне де ие. Алайда, қоғам мен табиғаттағы заңдылықтарды ашықтан-ашық өзгертер болса бұл мұғжиза немесе ғажайып болар еді және Аллаһтың адам баласын өзіне иман етуі үшін орнатқан емтихан хикметінің мағынасы да қалмаған болар еді. Дегенмен адамзат тарихында әлеуметтік-қоғамдық мұғжизалар немесе ғажайыптар да болғандығы белгілі. Мәселен Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың 23 жылдық пайғамбарлық кезеңінде араб шөлдеріндегі жартылай жабайы қоғамда кейіннен «ислам өркениеті» ретінде тарихқа кіретін үлкен төңкерісті бетбұрыстар жасалды. Егер қазіргі социология ғылымынан сұрасаңыз бұл нағыз мұғжиза немесе ғажайып екендігін мойындар еді.

Қазіргі қалыптасқан әлеуметтік ғылымдардағы дағдарыстың ең түйінді тұсы да Илаһи уаһиді (Алланың сөзі) теріске шығаруында. Позитивизмнің тек қана тәжрибеде расталған және ақылмен құпталған ғылым ғана адам баласына айнымас жолбасшы болады деген сыңаржақ ұстанымы – ХХІ-ғасырда адамзат баласын кедейлік, қанаушылық, қантөгіс, соғыстар, диктаторлық озбырлықтар және т.б. секілді қасіреттерге душар еткендігіне көз жеткіздік. Және осы аталған қасіреттердің жүзеге асуына әрдайым әлеуметтік ғылымдар жөн сілтеп отырғандығы, сол батыстың көптеген ойшылдарын толғандырмай қоймайды. Және ғылымдағы дағдарысты көріп ғылымды тұтастай теріске шығарған батыстағы нигилистік бағыттағы ойшылдар да қателеседі.

Қазіргі заманғы әлеуметтік ғылымдардағы жетістіктер де жоқ емес және бұл жерде батыстың рөлін көрмеген сыңай таныту үлкен қателік екендігі анық. Ислам тарихында да әлеуметтік ғылымдардың дағдарысы болды. Бірақ бұл дағдарыс та дәл осы батыстың әлеуметтік ғылымдарындағы жетістіктерге көрсоқыр еліктеуден басталғандығын ұмытпаған жөн.

2 пікір