Ақыл мен жүректің азығы - ілім мен тәрбие
Ақыл мен жүректің азығы - ілім мен тәрбие
8 ай бұрын 1749
Осман Нұри Топбаш

Түркиялық сопылық мектебінің өкілдерінің бірі Осман Нұри Топпаш әзіреттің «Махаббат және Мағрифат» атты кітабынан ықшамдалып алынды.


Хақ Тағала өзінің мына бір қасиетті аятында:

«(Расулым!) Раббым! Білімді арттыр!» де!» - дейді.

Өйткені бұл жердегі білімнің артуы – адамның қадір-қасиетінің артуы. Бұл қадір-қасиет кісіні екі дүниеде де абыройға бөлейді. Себебі білім – адамның өзін, айналасындағыларды және Раббысын тануына жол ашатын құрал. Сондай-ақ, о дүниелік болғаннан кейін де кісінің мәртебесінің артуына себеп болатын сарқылмас қазына. Хадис шәрифте былай делінеді: «Адам өлгенне соң үш амалынан басқа барлық амалдары тоқтайды. Олар: жария садақа, пайдасы тиетін ғылымы, артынан дұға жасап жарылқау тілейтін ізгі перзенті». (Мүслім, «Уасият», 14).

Пайдалы ілім

...Бұл фәнилік (өткінші) тән кемесі өлім дауылына ұшырағанда, яғни, ажал келген сәтте негізгі қажеттілікті қанағаттандырмайтын, іске аспайтын, рухсыз, бос әрі тек нәпсінің құмарлықтарын ғана қанағаттандыратын мағлұматтар пайдаға аспай қалады.

Пайдалы ғылымнан құр алақан адам құқық саласын оқитын болса, ақиқат пен әділетті орнатудың орнына қанішер болуы мүмкін. Ондай адам медицина ғылымын оқыған болса, емдеудің орнына кісі өмірін қатерге тігуі әбден мүмкін. Ғылымы мен қабілеті бола тұра басшысы - мейірімділік, пен рақымдылық болмайтын болса, ол қол астындағыларды жаншып билеп төстейді.

Мұндай адамдар ғылымды жеке бастарының пайдасы үшін қолданып, оқымаған кісі жасай алмайтын зияндар келтіруі мүмкін. Шын мәнінде, адамды тәкәппарлыққа, дөрекілікке жетелеп, соңында опық жегізетін ғылым - сырт көзге керемет, пайдалы болып көрінгенімен, шын мәнінде, обалдан басқа еш нәрсе емес. Міне, сондықтан Алла расулы саллаллаһу алейһи уә сәлләм Жаратушы Хақтан үнемі пайдалы ғылым сұрап, үнемі:

«Аллаһым! Пайда бермейтін ғылымнан, қорықпайтын жүректен, тоймайтын нәпсіден және қабыл болмайтын дұғадан Саған сыйнамын!» - дейтін.

Осыған орай, ғылым (ілім) дегеніміз – хикметке терең бойлай білу деген. Жұмбақтың шешімін табу; барлық нәрсеге қарап Хақ Тағаланың құдіретін тани білу. Мысалы, медицина ғылымы Алланың адам денесіне қойған керемет заңдылықтарымен айналысады. Бұндай ғылыммен айналысқан кісі тек осымен ғана қалып қоймай, оданәрі ілгерілеп, адам денесіндегі заңдылықтарда жасырын жатқан иләһи сырларды көре алуы тиіс. Өйткені ғылым – тамашалау емес, сырларды ашу...

Ғылымдағы мақсат

Данышпан Юнус Әміре ілім алудағы негізгі мақсатты былай деп жырлайды:

Ғылым-білім білгенің,
Ғылым – өзіңді білгенің.
Сен өзіңді білмесең,
Оқу сенің не теңің!

Оқудағы мақсат не?
Адамның Раббысын тануы.
Неге оқыдың, білмесең,
Босқа кеткен еңбек – сол!

Оқыдым деп мақтанба,
Тағатым көп деп даттанба.
Егер Хақты білмесең,
Мұның бәрі бос нәрсе.

Ал, Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, Алладан тек ғалым құлдары ғана қорқады» - деп айтылған. Демек, Алланың құдіреті мен ұлылығын толық ұға білу де білімнің арқасында іске асады екен. (Фатыр, 28).

Қысқасы, ғылымдағы ең өзекті мәселе, ондағы басты мақсат - алдымен Алланы танып, кейін дүние мен ахірет бақыты үшін қажетті мағлұматтарды игеріп, екі дүниеде бақытқа жету. Әйтпегенде ғылым дегеніміз сырат көпірінде аяқтан шалып, тозаққа терең бойлауымызға себеп болады. Хадис шарифте бұл жайлы айтылған:

«Қиямет күнінде ғылым үйреніп оны үйреткен және Құран оқыған кісіні Алланың құзырына алып келеді. Алла Тағала оған берген нығметтерін есіне салады. Ол да есіне түсіріп, растайды. Одан:

-  Ал бұл нығметтерімді қалай қолдандың? – деп сұрайды. Ол:

- Ғылым үйрендім, үйреттім және сенің ризашылығың үшін Құран оқыдым, - деп жауап береді. Алла Тағала оған:

- Өтірік айтасың. Сен жұрт ғалым екен десін деп ғылым үйрендің, өте керемет оқиды екен десін деп Құран оқыдың. Расында, сен үшін осылай да айтылды, - дейді. Сонан соң әмір беріледі де, ол адам етбетімен тозаққа тасталады». («Сахих Мүслім», Имара, 152).

Ғылымда парасаттылық

Егер де кісі білгенін амалға асырып, оны парасаттылықпен, мағрифатуллаһпен безендіретін болса, ол - ілім иесінің жүрегіне орнығады да оны мәңгіліктің жолаушысы қылады. Оның жүрегі залым Хажжаждың қатігездігінен арылып, Юнус Әміренің жұмсақ шапанын жамылады.

Осы тұрғыдан алғанда ілім алдымен кісіге өзін-өзі танытуы үшін керек екен. Жаратылыстың мақсатын білдіріп, мағрифатуллаһқа есік ашуы тиіс. Яғни, ілім парасаттылық пен даналыққа жетелеуі қажет.

Ілімдегі парасаттылық (ирфан) дегенміз – мағлұматтың пәк сана-сезімге терең бойлап, мықтап орнығуы дегенді білдіреді. Ариф деп, алған мағлұматтарының сырын, хикметін және иләһи (тәңірлік) сырларды игерген, яғни, парасатты кісіні айтамыз. Мұндай жетістікке жете алмаған ілім иелері үшін: «Ғалым, бірақ ариф емес» - деп айтылады. Мұндай кісілердің мағлұматтары кітаптағы секілді сенімді әрі нақты. Бұл жағдай қоймада тұрған тұқымқа ұқсайды. Ол тұқым топыраққа түскенде ғана өніп-өсіп, көбейеді. Әйтпесе, ондай мағлұматтар жаңа пікірлер тудыруға, санадан жүрекке еніп, сезімдерді арттыруға жарамай қалады. Сондықтан мұндай мағлұматтарды «китәби мағлұмат» дейді.

Мұсылман данышпандары ғылым жайында былай деген:

«Ғылым (ілім) дегеніміз – сезіне білу. Сезім пайда болмайынша ілім орнықпайды. Ал бұл сезімнің соңы мағрифатуллаһқа алып барады. Сол себепті мағрифатуллаһ – бүкіл ілімнің негізі. Ғылымдар осы ілімге жақындау арқылы қадір-қасиетке ие болады...».

Әзіреті Мәуләнә былай дейді:

«Кісінің өнерлі, білімді болғаны жақсы. Бірақ, ібілістен ғибрат алып, оған (өнер мен білімге) онша мән бере берме (сенім арта берме). Себебі ібіліс те білімді болатын. Ол Адамның топырақтан жаралғанына, яғни, сырт көрінісіне қарап, оның ақиқатын көре алмады».

Тағы бір сөзінде:

«Ей, ғапыл адам! Тәкәппарлықтан, менмендіктен арылып қажетсіз нәрселерді доғар. Сонда барып саған Тәңірдің рахымы жауады».

Ілім мен парасат – өте қымбат қазына әрі жарық нұр. Бұларды қолға түсіру үшін, ең алдымен, олардың мекенін, яғни, жүрекке қажетсіз, зарарлы нәрселерден арылту қажет. Сондықтан, пайғамбарлар әң әуелі аяттарды оқитын. Кейін, бұл аяттарға сеніп, ден қойған кісілердің нәпсілерін (ЭГОларын) қыңырлықтан, астамшылықтан арындырып, жүректерін рухани кірлерден тазартқан. Артынан тазарып, арылған кісілерге кітап пен хикметті үйреткен. Мына әлемдегі құдірет пен сырларға тәнті болған ғашықтарға тек осындай данышпан кісілер ғана ұстаздық ете алады...

Ілім – тәлім, тәрбие үшін қажет

Туылғаннан бастап білімге мұқтаж адам баласы үшін ілім – негізінде өмір бойы адамды тәрбиелеуден тұрады. Құран Кәрімнің айтқаныдай «шынында да білгендер мен білмегендер еш уақытта тең болмаған». Бұл аятта айтылып тұрған білімділер мыналар:

  • Қиямда және сәждеде Алламен бірге болғандар.
  • Ахіретті уайымдайтындар.
  • Алланы паналайтындар.

Ал бұлардан басқа адамдар шын мәнінде, ілімді адамдар қатарына қосыла алмайды. Өйткені, ілімді адамның бойында аталмыш үш ерекшелік болмаса, көзімен көрген нәрсесін жүрегі көрмейді деген сөз...

«Зұлымдықтың» антонимы «әділдік», яғни, құлдың ізгі амал жасауы. «Надандықтың» антонимі болса «білімділік». Нағыз ғалым болу үшін зәһири (сыртқы, беткі) ғылыммен (іліммен) қатар, батыйни (рухани, ішкі) ілімді де игеру қажет. Дүние есігін сауатсыз болып ашқан адам баласы ғылыммен тәрбиеленіп, ғалым және кәміл сипаттарымен пікір мен сезім қалыптастырып, періштелерден жоғары, пайғамбар мұрегері бола алады. Имам Ғазали (рахматуллаһи алейһи) бұл тұрғыда былай деген: «Пайғамбарлардың нағыз мұрагерлері – заһири (беткі) әрі рухани (батыйни) ілімдерді игерге ғалымдар» деген... 


 

Осман Нұри Топпаш: "Маххаб және Мағрифат", "Хикмет" баспа үйі. (Түрік тілінен қазақшаға аударылған кітап).  

0 пікір