Дәреттің медициналық пайдалары анықталды
Дәреттің медициналық пайдалары анықталды
3 ай бұрын 8025

Дағыстан мемлекеттік медицина академиясының «жалпы гигиена және адам экологиясы» факультетінің ғылыми қызметкері, доктор Магомед Магомедов «Мұсылмандық рәсімдер мен олардың адам денсаулығына әсері» атты мақаласында дәрет дененің биологиялық ырғақтары мен биоактивті нүктелерін (биоактивные точки, БАТ) ынталандыратынын жазады. Дәрет те, қытай рефлексологиясында қолданылатын принцип бойынша жұмыс жасайтын көрінеді.

Доктор Магомедов өзінің тамаша мақаласында дәрет пен қытай рефлексологиясының әсерлерінің ұқсастығын көрсете отырып, олардың айырмашылықтарын да тізіп береді. Бір айырмашылығы - Рефлексология саласының маманы болу үшін 15-20 жыл оқу керек, ал дәрет алу техникасын кез келген адам қысға мерзімде меңгере алады.

Сонымен қатар, рефлексология саласы бастапқыда аурудың алдын алу үшін ғана емес, ауруларды емдеу үшін де қолданылған, ал дәреттің көптеген профилактикалық пайдасы бар. Рефлексологияның теріс әсері бар, ал дәретте теріс әсер жоқ.

«Мұсылмандық дәрет алу рәсімі кезінде ең күшті биоактивті нүктелердің көпшілігі жуылады. Ал мұны көп жыл бойы оқыған дәрігер жасамайды – әрбір мұсылман өз бетінше жасай алады. Сонымен қатар, бес уақыт намаз оқу міндеттілігі – мұсылман адамды түрлі аурулардың алдын алу шараларын күннен бұрын жасауға мәжбүрлейді», - деп жазады доктор Магомедов.

Қытай медицинасының айтуы бойынша, теріде 700-ден астам рефлексогендік нүктелер бар екен, олардың 66-сы жылдам рефлексотерапевтік әсерге ие, сондықтан оларды күшті және бастапқы элементтермен байланысты деп санайды. Осы 66 нүктенің 61-і дәретте жуылатын ағзаларда орналасса, қалған бесеуі сирақта орналасқан екен, кейбір хадистер бойынша сирақты да жуған абзал. Осылайша, дәрет - БАТ гидромассажынан және олардың термиялық әрі физикалық ынталандыруынан тұратын емдік процедураның бірі ретінде саналып отыр.

Беттегі БАТ (бет - дәретте жуылатын жер) ішек, асқазан, қуық сияқты органдарды «қайта қалпына келтіруге» жауап береді, сонымен қатар орталық жүйке және ұрпақты болу жүйелеріне де оң әсерін тигізеді. 

Оң аяқта тірек-қимыл жүйесімен, ішек, жүйке жүйесі, төменгі арқа, асқазан, ұйқы безі, өт қабы, қалқанша безі, күн өрімі және басқа да маңызды мүшелер мен аймақтармен тығыз байланысты БАТ бар (БАТ – биоктивті нүкте, биоктивная точка). Оң аяқты біз дәретте жуамыз.

Сол аяқта гипофиздің жұмысына жауапты БАТ бар, яғни, мидың ішкі секреция бездерінің жұмысын реттейтін және өсуді бақылайтын аймақ.

Құлақтың қалқанында «барлық дерлік мүшелердің жұмысын үйлестіретін жүздеген БАТ-тар" бар. Олар жоғары қан қысымын төмендетуге көмектеседі, тіс ауруы мен тамақ ауруын азайтады. Ал дәретте құлақ та жуылады (мәсих тартылып, сүртіледі). 

Доктор Магомедовтың айтуынша, зерттеулері оны - бес күндік намаздың рухани азық қана емес, сонымен қатар «таза физикалық ем» екендігіне де көзін жеткізген. 

Өзге де пайдалары

Баламалы медицинаға қатысы жоқ тағы бір көзқарас Мұхтар Сәлемнің «Намаз - дене мен жанға арналған спорт» кітабында дәрет алудың жан-жақты емдік пайдасы туралы баяндалған.

Автордың айтуынша, дәрет алу теріде кездесетін «қатерлі ісіктің» болмауына көмектесетін бірден бір тәсіл. Оның айтуынша, дәрет кезінде жуылатын ағзалар, өзге ағзаларға қарағанда көбірек ішкі және сыртқы ластануға бейім келеді.  Ал, күніне бес мезгіл жуып отыру – ластануға бейім ағзалардағы ластықты кетіріп, тері бетінің максималды тазалығын қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде өзге жасушалардың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді 

Сонымен қатар, сумен дәрет алу қан тамырларын, сондай-ақ терінің бетіне жақын орналасқан жүйке ұштары мен бездерін ынталандырады және осылайша олардың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді, - дейді Салем. 

Ғылыми зерттеулердің дәлелдегенідей, терінің қатерлі ісігінің пайда болуының негізгі себептерінің бірі - терінің әртүрлі зиянды химиялық заттардың әсерінен болады екен. Ал тері ісігінің алдын алудың ең жақсы жолы – теріні осы заттардан үнемі тазартып отыру екендігі сөзсіз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жиі дәрет алу.

Дәрет алған кезде ауызды шаюдың басты мәні – тіс аурулары мен қызыл иек ауруларына әкеліп соғатын тамақ қалдықтарын жою екендігі даусыз, деп жалғастырады М.Сәлем. Сондықтан дәрет алмас бұрын мисуак (тіс тазалау таяқшасы) қолдану кеңес етілген. 

Мұрынды шаю да тамаша профилактикалық шара болып табылады, өйткені ол - мұрын қуысында тұрып қалған микробтарды жойып, олардың тыныс алу жүйесіне өтуіне жол бермейді. 

Дәрет аларда бетті қайта-қайта жуу тері жасушаларының жаңаруына ықпал етеді, бұл өз кезегінде әжімдердің ерте пайда болуын алдын алады, сонымен қатар көздің шырышты қабығын тазартады, яғни оларды инфекциялардан қорғайды, - дейді М.Салем. 

Міне байқап тұрғандарыңыздай, Алла Тағаланың пенделері үшін бұйырған әрбір ісінің ең алдымен адамның жеке басы үшін пайдалы екендігіне тағыда көзіміз жетіп отыр. Мұсылман адам әуелі Алла ризалығы үшін дәретін алу арқылы, бір шеті сауапқа кенеледі, бір шеті денсаулығын жақсартады. Жаратушы Иеміздің әрбір бұйрығы мен тыйымының терең мән-мағынасы мен пайдаларын ұққан сайын, «мұсылман болып туылғаныма сансыз шүкірлер болсын» дегіңіз келеді еріксіз!


Islam plus: «Омовение: чудо оздоровления и профилактики болезней» атты мақаладан ықшамдап алынды.

 

 

 

 

 

0 пікір