Хадистерге қатысты көп кездесетін қате түсінік
Хадистерге қатысты көп кездесетін қате түсінік
12 ай бұрын 4668
Доктор Абдульмәлик ибн Абдуррахман әс-Сәъди

Бисмилләһир рахманир рахим

Кей кісілер әлдебір хадисті оқып, одан соң ол хадистің «сәнәдінің» (сәнәд – хадисті жеткізуші риуатшылардың есімдері орын алған тізбек) үзік екенін көрсе немесе хадисті жеткізуші риуаятшылардың біріне «әлсіз» деген мінездеме берілгені анықталса, соған қарап (тек сәнәдіндағы әлсіздік тұсына ғана қарап) ол хадиске бірден «әлсіз хадис» деп үкім беріп жатады. Негізі (хадистің тек сол жөні себепті) олай болуы міндетті емес.

1) Кейде хадис сәнәд тұрғысынан әлсіз болғанымен, мәтін тұрғысынан ол хадис - қуатты болуы мүмкін. Мысалы, хадистің басқа сахабадан жеткен нұсқасы бар болса (الشاهد) немесе сол сахабадан басқа бір сәнәдпен тараған нұсқасы бар болса (التوابع), ол хадис қуатты хадиске айналады, олай болған жағдай онымен амал ету керек болады.  

Мәселен, Имам Шәфиғидің (рахимаһуллаһ «әл-Умм» кітабында), Мәликтен, ол Абдулла ибн Динардан, ол болса Абдулла ибн Омардан жеткізген мына бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Ай – жиырма тоғыз күн. Туған айды көрмейінші ауыз бекітпеңдер. Сондай-ақ, келесі туған айды көрмей ауыз ашпаңдар (ораза айын аяқтамаңдар). Егер аспан бұлтты болса, отыз күнге толтырып ұстаңдар» - делінген.

Аталмыш хадиске қатысты Имам Бәйһақи (рахимаһуллаһ) былай деп пікір білдіреді: «Хадистің мәтініндегі «Егер аспан бұлтты болса, отыз күнге толтырып ұстаңдар» деген жерінде Имам Шәфиғи дара қалған (яғни, ондай сөз Имам Шафиғидің Имам Мәліктен жеткізген хадис нұсқасында ғана айтылған). Ал Имам Мәліктен жеткен басқа бір риуаятта: «Егер аспан бұлтты болса, соған (қосып) есептеңдер» делінген». 

Бірақ Имам Бұхари (рахимаһуллаһ) өзінің «Сахих» кітабында Абдулла әл-Қаънәби есімді хадисші арқылы, Мәликтен, Имам Шәфиғидің нұсқасындағы мәтінді келтіреді[1]... Және де, Имам Бұхари, Имам Шәфиғидің нұсқасындағы мәтінге дәлел болар Әбу Һурайрадан (радияллаһу анһ) мынадай хадис мәтінін де келтірген: «Шаъбан айының уақытын отызға тәмәмдаңдар»[2]...

Бұл – сәнәді әлсіз, бірақ мәтін тұрғысынан қуатты хадиске мысал.

2) Енді, кейде керісінше хадис - сәнәд тұрғысынан қуатты, ал мәтін тұрғысынан әлсіз болу мүмкін. Мысалы:

Имам Мүслімнің Тауыстан, ол (Тауыс) әкесінен, әкесі болса Ибн Аббастан жеткізген төмендегі хадисте былай делінеді:

«Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) уақытында, және де, Әбу Бәкірдің (радияллаһу анһ) уақытында, сондай_ақ, Омардың халифалығының екі жылында – (бір мезгілде айтылған) үш талақ бір талақ есебінде еді. (Кейіннен) Омар ибн Хаттаб айтты: «Шынында адамдар, өздеріне берілген уақытта асығыстық жасауда. (Олардың бірден айтқан үш талағын) заңды деп қабылдасақ па екен?» деп, бір мезгілде айтылған үш талақты үш талақ деп бекітті»[3].

Имам Мүслімнің келтірген аталмыш хадисін, Абдурраззақ та "Маъмардан" риуаят еткен еді. Сондай-ақ, оның (Имам Мүслімнің) Ибн Журейхтан жеткізген риуаяты да бар. Онда былай делінеді: «Әбу Саһба, Ибн Аббасқа: «Үш талақтың Пайғамбар заманында, одан кейін Әбу Бәкір заманында және Омардың басшылық кезінің алғашқы үш жылында бір талақ ретінде саналғандығын білетін бе едің?» - деп сұрайды. Ибн Аббас: «Иә», - деп жауап береді»[4].

Ондай бір хадисті Әбу Дәуід, Хаммад ибн Зәйд арқылы, Әйюб ибн Ибраһим ибн Мәйсарадан, ол Тауыстан, оның Абдулла ибн Омарға: «Алла елшісінің заманында (с.а.у.) үш талақ бір талақ ретінде есептелмейтін бе еді?» - дегендігін келтірген.[5]

Аталмыш хадис басқа бір нұсқасында мынадай сөзбен келген: «Білмейтін бе едіңіз, (бұрынғылардың) әлдекім, егер қатынасқа түспей тұрып өз әйеліне үш рет талақ айтса, оны бір талақ ретінде санағандарын?»[6].

Ендігі жерде, осы айтылған риуаят «Сахих Мүслімде» де, Әбу Дәуідтің «Сүнәнінда» да (хадистер жинағы) «сахих сәнәдпен» келтірілген. Бірақ ол хадис мәтін тұрғысынан «муздтариб» саналады. Оған хадистің мәтініндегі сөздердің әртүрлілігі себеп болып отыр. Бірінде «әйел» сөзі ешқандай шектеусіз, жалпы айтылып тұрса, басқа нұсқасында "әйел" сөзіне қосымша «қатынасқа түсілмеген» деген сөз қосылған.

3) Сәнәд тұрғысынан да, мәтін тұрғысынан да әлсіз болған хадистер де бар. Мысалы, Имам Тирмизидің Әбу Хамзадан, ол Амир Шаъбиден, ол болса Фатима бинт Қайстан, Алла елшісінің (с.а.у.) мына сөзін жеткізеді: «Шынында мал-дүниеде зекеттен басқа да ақы бар»[7].

Бұл хадисті Ибн Мәжә өзінің хадистер жинағында Әбу Хамза арқылы мынадай мәтінмен келтірген: «Мал-дүниеде зекеттен басқа ақы жоқ»[8].

Осы айтылған хадистің сәнәді әлсіз. Өйткені Әбу Хамза жайында Имам Тирмизи: «Бір көзді Мәймун. Әлсіз ретінде танылған» деген. Және ол арқылы келген хадистің мәтінінде қайшылық бар (мудтариб). Себебі, мәтіннің алғашқы нұсқасында «зекеттен басқа да ақысы бар» делінсе, екінші нұсқасында «зекеттен басқа ақысы жоқ» делінеді.

Демек, кей хадистер сәнәді тұрғысынан да, мәтіні тұрғысынан да әлсіз болып табылуы мүмкін. Ал кей хадистер тек сәнәдінда әлсіздік кездесіп, ал мәтін тұрғысынан қуатты болуы мүмкін. Кейде керісінше, мәтін тұрғысынан әлсіз, ал сәнәд тұрғысынан қуатты болады.

4) Сондай-ақ, әлдебір хадис әртүрлі жолдармен жетіп (әртүрлі сәнәпен жетіп), оның әрбірінде ақау табылса, ол хадис бірден «әлсіз хадис» болуға міндетті емес. Неге десеңіз, әлсіз де болса, бірнеше сәнәдінің болуы, ол хадисті «хасан лиғойриһи» дәрежесіне шығарады.

Ендеше, әлдебір хадиске бірден «әлсіз» деп үкім беруге асықпауымыз керек екен. Алдымен, оны қуаттар өзге нұсқалары мен басқа сәнәдпен жеткен нұсқалары бар ма, жоқ па, анықтап алуымыз керек. Өйткені, сәнәдінда әлсіздік сипатының болуы, ол хадистің абсолютті түрде әлсіз хадис екендігін көрсетпейді. 

Автордың "әл-Бидъа филь-Мәфһумиль Исләми әд-Дәқиқ" атты кітабынан.
Қазақшалаған: А. Қасым.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №1907 хадис.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №1909 хадис.
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №1472 хадис.
[4] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №1472 хадис.
[5] Әбу Дәуід: «Сүнән». №2200 хадис.
[6] Әбу Дәуід: «Сүнән». №2199 хадис.
[7] Имам Тирмизи: «Сүнән». №659 хадис.
[8] Ибн Мәжә: «Сүнән». №1789 хадис.

0 пікір