Ілім мәжілістеріне қатысудың сауаптылығы
Ілім мәжілістеріне қатысудың сауаптылығы
7 ай бұрын 2814

Сахаба Әбу Уәәқид әл-Ләйси (радияллаһу анһ) былай әңгімелейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдармен бірге отырғанда үш адам келді. Біреуі - Пайғамбарымыздың мәжілісінен бос орын тауып отырды. Екіншісі (қыстырылыспайын деп) отырғандардың артқы жақтарынан орын алды. Үшіншісі болса, кейін бұрылып, кетіп қалды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) насихатын бөліп былай деді: «Мына келген үш топ жайында айтайын ба? Бірінші адам – Алладан пана тілеп келіп отырды. Алла Тағала оған пана болды. Екіншісі – адамдарға жапа шектіруден Алладан ұялды. Алла да одан ұялды (яғни, оған мейірімі түсті). Үшіншісі – бет бұрып кейін кетті. Алла да одан бет бұрды». («Сахих Бұхари»).

Лұқман Хәкім өзінің ұлына мынаны айтқан:

«Уа, ұлым! Егер қандайда бір қауымның Алланы айтып насихат жасап отырғанын көрсең, олардың қасына барып отыр. Сонда сен егер ғалым болсаң, саған ілімің пайдалы болады, ал білімің таяз болса, олардан ілім үйренген боласың. Мүмкін Алла Тағала ол мәжілістегілерге өзінің мейірімін төгіп қалар, сонда сен де сол Алланың мейірімінен нәсібіңді алған боласың.

Ал егер Алланы айтпай отырған, Оны еске алмай отырғандарды көрсең олардың қасына барып отырма. Өйткені, егер ғалым болсаң, сенің ілімің саған пайдасы тимей қалады. Ал білімсіз надан болсаң, топастығың артады. Және де, кім біледі, Алла Тағала оларға өзінің ашуын төксе, оның кесірі саған да тиіп кетуі ғажап емес».

Әбу Ләйс Самарқанди айтады:

«Кімде-кім бір ғалым адамды жолықтырып, онымен бірге отырған уағында, одан ешқандай ілім ала алмаса да жеті керемет нәрсеге қол жеткізген болады: 

  1. Ілім үйренуші шәкірттердің сауабын алады.
  2. Ғалымның қасынан айырылғанша қателіктер мен күнәлардан аман болады.
  3. Үйінен шыққан кезде, оған Алланың рахымы түседі.
  4. Ғалымның қасында отырғанда оның берекеті себепті, оған да Алланың рахымы түседі.
  5. Ғалымның сөзін тыңдап отырғаны үшін сауап жазылады.
  6. Ғалымның мәжілісінде отырғандарға періштерел қанаттарын жаяды.
  7. Әр қадам жасайтын кезде аяғын көтерген сайын және аяғын жерге басқан сайын күнәлары кешіріліп, дәрежесі көтеріледі, әрідесе жақсы істері артады.

Мынадай риуаят жеткен:

«Әлдебір мүміннің салиқалы бір кісінің мәжілісінде отыруы – екі мың жаман адамның мәжілісінде отыруынан артық».

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мынадай да хадис жеткен:

«Ғалымның жүзіне қарау – ғибадат. Кағба тасқа қарау – ғибадат. Құран кітапқа қарау – ғибадат».

Тағы бір хадисте былай делінеді:

«Кім бір ғалымды зиярат етсе, мені зиярат еткенмен тең. Кім бір ғалымның қолын алып амандасса, менің қолымды алып амандасқанмен тең. Кім ғалыммен бірге отырып, онымен мәжілістес болса, менімен мәжілістес болғанмен тең. Ал кім менімен бұ дүниеде мәжілістес болған болса, Алла Тағала қиямет күні пейіште оны менімен мәжілістес қылады».

 

Фиқһ білгірі Әбу Ләйс әс-Самарқанди (Алла рахымына бөлесін) айтады:

Сегіз түрлі топ адаммен отырғанның Құдай Тағала сегіз түрлі нәрсесін арттырады:

1.Кім байлармен отырса, Алла оның дүниеге деген сүйіспеншілігі мен құштарлығын арттырады.

2.Кім пақырлармен отырса, шүкірі мен Құдайдың бөліп бергеніне ризалық танытуын арттырады (қанағатшылдығын арттырады).

3.Кім патшамен отырса, тәкәппарлығы мен жүрек қаттылығын арттырады. 

4.Кім әйелдермен отырса, надандығы мен нәпсіқұмарлығын және әйелдердің ақылдарына икемділігін арттырады.

5.Кім балалармен отырса, ойын-сауықтылығы мен әпенділігін (немесе әзілкештігін) арттырады.

6.Күнәһәр пасықтармен отырғанның күнә істеуге деген батырлығы мен батылдығын арттырады және тәубе етуге деген немқұрайлылығын көбейтеді.

7.Кім салиқалы-діндар адамдармен отырса, құлшылыққа деген құлшынысы мен харамдардан қашу ерік-жігерін арттырады.

8.Кім ғұламалармен отырса, Алла оның білімі мен тақуалығын арттырады[1]. 

 

[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: Тәнбиһуль Ғафилин. 

0 пікір