Барша ғаламды Құдай жаратты дейміз, ал сонда Құдайдың өзін кім жаратқан?
Барша ғаламды Құдай жаратты дейміз, ал сонда Құдайдың өзін кім жаратқан?
2 жыл бұрын 8900
Қайрат Жолдыбайұлы

Бәрін Құдай жаратса, Құдайдың өзін кім жаратқан? Бұндай сұрақ біздің ойлау шикілігімізден туындауда. Адам баласы не ойласа да, көбіне осы дүние заңдылықтары шеңберінен аса алмайды. Өзі көрген нәрсермен салыстыру арқылы ғана ойлайды. Мысалы, жәннәтта бір ағаш бар делінсе, дереу осы дүниеде көріп жүруге кәдуілгі ағаш елестейді. Яғни, топырақта өскен, тамыры, бұтағы, жапырағы бар ағаш елестейді. Ешқашан тамыры көкке қарап, көтеріле өсіп тұрған ағашты елестете алмаймыз. Міне, сондықтан «Құдайдың өзің кім жаратты?» деген сауалдың өзі осы дүниедегі заңдарды Жаратушыға теліп, Оны сол заңдарға тәуелділермен салыстыра ойлаудан туып отыр.

Жаратушы өзі жаратқан ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Тіпті, жай суретшінің өзі - салған суретіне ұқсамайды ғой. Өйткені, сурет – әр түрлі бояудың қосындысы. Онда суретшідегідей қасиеттер жоқ. Қысқасы, шебер мен оның қолынан шыққан туынды екі бөлек нәрсе. Ендеше, күллі кемшілік сипаттардан пәк Ұлы Жаратушыны да өзі салған мына жаратылыс суретіне, өзі жаратқан туындысына ұқсату мүлдем дұрыс емес. Жаратылысқа арнап жаратқан өз заңына Алла Тағала тәуелді емес.

Дүниеге келу үшін не нәрсенің де белгілі бір себепке мұқтаж екендігін көрудеміз. Барлығымыз туылғанбыз, бізді туғандарды да біреулер туған. Яғни, барлық нәрсенің бастауы бар. Міне, дүниедегі осы туу, туылу, бар болу үшін белгілі бір себепке мұқтаж болушылық заңын Алла Тағалаға да қатысты еткіміз келеді. Ал, Алла болса, барлық осы заңдары жоқ кезде де бар еді. Сондықтан, «Ықылас» сүресінде:

«Ол еш нәрсеге мұқтаж емес, тумады да туылмады» - делінеді.

Құдды: «Ей, құлдарым, туу, туылу, басқа бір себепке мұқтаж болу - сендерге тән, мені ол заңдарға тәуелді етіп ойламаңдар» деп тұрғандай. Алла Тағала – «әзәли», яғни, Оның бар болуының бастауы да ақыры да жоқ – мәңгі.

Алла жаратылмағандығы үшін Алла емес пе? Мысалы, әскерлер бұйрықты қолбасшыдан алады. Ал, қолбасшы бұйрықты патшадан алады делік. Ал енді «патша бұйрықты кімнен алады?» деп сауал қоя алмаймыз. Өйткені, патша да бұйырықты біреуден алса, онда ол патша бола алмайды. Тағы бір мысал, мешіттегі жамағаттың бәрі намазда бір имамға ұйыды. Ал, сол имам да басқа бір адамға ұйыса, ол имам емес, жамағаттың бірі болып қалады. Сол сияқты Құдайды да басқа бір құдай жаратса, онда жаратылған мұндай Құдай, Құдай бола алмайды. Өйткені, біз «Алла» деп о баста еш жаратылмаған, ешкімге мұқтаж емес, сипаты жаратылғандардан бөлек (ешкімге ұқсамайтын), күллі ғаламзаттың шынайы Иесін ғана айтамыз.

Егер Алла Тағаланы да басқа бір Алла жаратты десек, сол жаратқан Алланы да басқа бір Алла жаратуы тиіс. Оны да басқа бір Алла... т.б. осылайша алғашқы қойған сұрағымыз тізбектескен күйі шексіздікке дейін жауапсыз жалғаса бермек. Еш жаратылмаған, бастауы жоқ мәңгі бір Алланы күмәнсіз қабылдағанда ғана сұрағымыз қанағаттанып, көңіліміз жай табады. Нөл санынының оң жағына миллиондаған нөлдерді қанша қатар қойсақ та ешбір мән шықпайды. Алдына сан қойғанда ғана оның мағынасы болмақ. Дәл осы мысалдағы сияқты барлық жаратылыстың түп негізін бастауы жоқ, мәңгі бір Аллаға тіреген кезде ғана шынжырдың өріміндей жалғасқан сауалымызға жауап табамыз.

Бұрын-соңды мүлде көрмеген, бізге беймәлім бір нәрсе түсіндірілген уақытта: «Неге ұқсайды екен?» деп сұрақ қойып жатамыз. Демек, біз көрмеген, өзімізге таңсық нәрсені тек салыстыру арқылы ғана пайымдай аламыз. Ал, Алла Тағаланы салыстыру жолымен түсіну мүмкін бе? Әрине, жоқ. Өйткені, Оның мына дүниеде теңдесі әрі ұқсасы болмақ емес. Құранда да еш теңдесі әрі ұқсасы жоқ екендігі анық айтылады:

«Оның еш теңдесі жоқ»[1].

«Оған еш нәрсе ұқсамайды»[2].

Әсілі, Алла Тағаланы толық түсінуге біздің қабілетіміз жетпейді. Сахаба Әбу Бәкір Сыддық: «Аллаһым, Сені толық түсіне алмауымды мойындауым – сені толық түсінуім» - деген.

Абай атамыз да:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі[3],

- десе, басқа бір өлең жолдарында:

«Ақылға сыймас Ол Аллаһ,
Тағрифқа тілім қысқа-ақ»[4]

- деп, осы ақиқатты аша білген

Ал философ Декарт болса былай дейді:

«Адам – тұтастай шектеулі жаратылыс. Ал, осындай шектеулі адам шексіздікті толық түсіне алмайды».

Иә, адамның қабілеті шектеулі. Көзінің көре алатын аясы, құлағының есту шамасы – бәрі-бәрі шектеулі болғаны секілді оның ақыл-ойы да шектеулі. Ал, осындай шектеулі ақылмен шексіз Алланы қалай ғана толық түсінбекпіз?

Ол – жаратушы, біз – жаратылғанбыз. Жаратылған нәрсе жаратушысын «неге оны толық түсінбеймін», деп шағым айта ала ма? Біздегі ақыл да, жан да жаратылған. Солай бола тұра, біз жаратылған жанның өзін толық түсіне бермейміз. Енді жаратылған нәрсені жете түсіне алмай жатып, еш теңдесі жоқ Ұлы Жаратушымызды қалай толық түсінбекпіз?!

Батыстың атақты ойшылы Бергсон былай деген:

«Ақылдың ең соңғы аялдамасы – өзінің әлсіздігін мойындауы».

Осыны ұққан адам Ұлы Жаратушысын өз шамасынша ғана түсінетін болады.

Сөз түйіні, өзі жаратылған Жаратушы болмайды. Біз «Алла» деп, жаратылудан ада бастауы жоқ құдіретті айтамыз. Ал, Құдай Тағаланың өзін кім жаратты деудің қисынсыз сұрақ екендігі даусыз.


[1] Құран, «Ықылас» сүресі, 4 аят.
[2] Құран кәрім: «Шура»сүресі, 11 аят.
[3] Халиқ – Жаратушы. Махлуқ – жаратылысы. Дәһри – уақытша, пәни, кейіннен жаратылған.
[4] Тағриф – түсіндіру, таныту.

"Аңсар" журналы, 2006 ж.
.
0 пікір