Имам Шағрауи Құрандағы жердің айналуы жайында
Имам Шағрауи Құрандағы жердің айналуы жайында
2 жыл бұрын 9587

«Жер планетасының өз орбитасында айналатындығы жайында Құранда мәлімет бар ма?» деген сауалға ХХ (20) ғасырда өмір кешкен дін ғалымы және атақты Құран тәпсіршісі Имам Мүтәуәлли Шағрауи (рахимаһуллаһ) былай деп ой қозғайды:


Жер бетіндегі тауларды алсақ, таулар - жерді нық тұрғызып, жерді қимылдатпай, шайқалтпай, тепе-теңдікте ұстап тұрған бейнебір қазық іспетті. Адам баласының жердің бетінде аяғын нық басып, теңселмей жүруін қамтамасыз ететін де таулар. Таулар - жерді бекем ұстап тұрған қада іспетті. («Мүрсәләт» сүресі, 27 аят).

Ал енді, жерге қарасақ, жердің алып көлеміне қарайсыз да, оны бір адым болса да қозғалмай, бір орнында табжылмай тұр деп ойлайсыз. Бірақ сол арада Алла Тағаланың мына аяты ойға келеді:

«Сен тауларды табжылмай тұр деп есептейсің, алайда олар бұлттардың жүргенідей жүреді». («Нәмл» сүресі, 88 аят).

Не себепті Алла тағала аталмыш қасиетті аятында «есептейсің» деп тұр? Бұны Ол, адамның ақыл-ойына рахымынан білдіріп тұр. Адам баласы көз алдындағы тауларға қарайды да, оларды қозғалыссыз, бір орнында қатып тұр деп ойлайды. Алайда, Алла Тағала біз қарап, қозғалыссыз деп санайтын таулардың, шын мәнісінде бір орыннан басқа бір орынға көшетіндігінен хабардар етуде. Бірақ таулардың қозғалысын «бұлттардың жүргені тәрізді» деді аятында. Неге? Өйткені бұлттардың өз бетінше қозғала алу ерекшелігі жоқ. Бұлт өз бетінше қозғалмайды. Оны қозғайтын - жел. Жел болмаса бұлттар бір орында тұрар еді. Оларды бір орыннан екінші орынға көшуге итермелейтін - жел.

Осыдан келіп ұғынатынымыз, Алла Тағала жоғарыдағы аятында «бұлттардың жүргенідей...» деу арқылы біздерге, біріншіден - таулардың қозғалатындығын баяндап тұрса, екіншіден - олардың қозғалуы өз беттерінше емес, тура желдің бұлтты айдайтындығы сияқты, оны да қозғалтып тұрған басқа бір қозғалысқа тәуелді екендігін білдіргісі келеді.

Ал енді қараңыз, егер таулар - жерге қағылған қазық болса (аятта солай делінген), демек ол өз бетінше қозғала алмайды деген сөз (өзі қағылып тұрса, қалай өз бетінше қозғалмақ?). Олай болса, оның қозғалуын тудыратын не нәрсе? Оның қозғалуын тудыратын бөлек бір қозғалтушы бар. Ол қандай қозғалтқыш? Ол - жер болмағы ләзім. (Өйткені тау жерге қазық болып қағылған). Жердің айналуымен бірге таулар да қозғалып тұрған сыңайлы. Олай болған жағдайда, жердің өзі қимыл-әрекетте болып, айналып тұрған болуы керек. Әйтпесе, қалай тауды қимыл-қозғалысқа түсіреді? Тау өзінің қозғалысында басқа бір қозғалып тұрған нәрсеге түбегейлі тәуелді. Құдды бұлттардың қозғалуында желге тәуелді болғандары сияқты. Таулар - жердің бетінде нық тұр. Оны жерден басқа қозғайтын күш жоқ...

Міне осылайша ұлылығында шегі жоқ Жаратушы Құдай Тағала өзінің қасиетті аят-и кәримасында «жердің бір орында қатып тұрмай, айналатындығын» пенделеріне өте нәзіктікпен және астарлы түрде жеткізіп отыр. Жер планетасы өз орбитасында айналады, ал жерге қазық болып қағылған таулар болса, қозғалуында жердің айналуына тәуелді, бұл өз кезегінде жердің айналып тұратындығын көрсетеді1.


1Имам Мүтәуәлли Шағрауи (рахимаһуллаһ): «Қодаяль ъаср». 1/14-15 беттер. (Араб тілінде). 

 Аударған Абдусамат Қасым

 

0 пікір