Жүктіліктің ең аз мерзімі Құранда 6 ай делінген
Жүктіліктің ең аз мерзімі Құранда 6 ай делінген
3 жыл бұрын 7890
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бүгінде медицина ғылымы жүктіліктің ең аз мерзімі алты ай дейді, яғни, 180 күн, 26 апта. Толық алты айда туылған шақалақтың тірі қалып, адам болып кету мүмкіндігі жоғары. Ал одан аз мерзімде туылған шақалақтың тірі қалу бейімділігі төмен деседі. "Егер босану 24-25 апталарында болған болса, онда өмір сүру деңгейі 50-70% пайыз, ал 26 және 27 аптада босанған болса, өмір сүріп кету деңгейі 90% -дан астам болады" дейді дәрігер мамандар. Бұл шындықты Алла Тағала Құран Кәрімде осыдан 14 ғасыр бұрын баяндап қойған. Құранда былай баяндалады:

«Анасы оны зорға көтеріп, әрең босанады. Жүктілік пен емшектен шығару уақыты - отыз ай...»[1].

Аталмыш аятта жүктіліктің ең аз уақыты мен омыраудан шығару уақыты бірге есептеліп, «отыз ай» делініп тұр. Мұндағы «отыз айдың» 24 айы (екі жылы) – омыраудан шығару уақыты болса, одан кейінгі қалған 6 айы – жүктілік айы болмақ.

Жиырма төрт айы омыраудан шығару айы деуімнің себебі, Құран Кәрімде: «Балаларын толыққанды емізгісі келген аналар толықтай екі жыл емізеді» - делінеді[2]. Және басқа бір аятта: «Емшектен шығару уақыты - екі жыл» дейді[3]. Яғни, толыққанды емізгісі келген аналар баласын екі жыл емізіп, одан соң емшектен шығарады деген сөз.

Ендеше, жоғарыда келтірген аяттағы жүктілік пен емізу уақыты бірге есептеліп «отыз ай» делінуінің мәні сол. Оның екі жылын емізу уақыты десек, қалған алты айы - жүктіліктің ең азғы мерзіміне ишара. Бұл өз кезегінде қазіргі медицина ғылымының да белгілеген мерзімімен ұштасады.

Кезінде сахабалар да үкім берер кезде жоғарыда келтірілген аяттан "жүктіліктің ең аз мерзімі алты ай" дегенді ұғынып, соған қарай байлам жасаған. Мысалы, Әзіреті Осман заманында бір ер адам үйленеді. Үйленген әйелі алты айда босанады. Әзіреті Осман әйелдің ерте босанғанына қарап, оны зина (ойнас) жасады деп ойлайды да, оған зина жазасын беру керек деп топшылайды. Сонда басқа бір сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (р.а.) Әзіреті Османның ол шешімін қате деп тауып, ардақты сахабаға:

«Егер ол әйел Алланың кітабымен дауласатын болса, сізді жеңіп кетер еді» - дейді де жоғарыдағы «Ахқаф» сүресінің он бесінші аятын оқиды. Осылай, ғалым сахаба аятқа сүйене отырып, жүктіліктің ең аз мезгілі – алты ай екендігін білдіріп, әйелдің тапқан баласы зинадан емес, өзінің күйеуінен екендігін дәлелдеп беріпті. 


[1] Құран Кәрім: «Ахқаф» сүресі 15 аят.
[2] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 233 аят.
[3] Құран Кәрім: «Лұқман» сүресі, 14 аят.

«Құран және медицина» атты кітаптан алынды.
Авторы: Махмұд Назым. (Араб тілінде).

0 пікір