Мұсылман ғалымдарының медицина ғылымына қосқан 7 үлесі
Мұсылман ғалымдарының медицина ғылымына қосқан 7 үлесі
2 жыл бұрын 5072

Кезінде Ислам діні медицинаның дамуына серпін беріп, көптеген ғылыми салалардың өсуіне және ғылыми жаңалықтардың ашылуына зор үлес қосты. Қазірдің өзінде әлемнің түкпір-түкпірінде медицина саласына еңбегін сіңірген алдыңғы қатарлы мұсылман дәрігерлері бар. Бүгінгі жазбамызда, мұсылмандардың медицина ғылымына қосқан үлестерін көрсету мақсатында көптеген жаңалықтардың ішінен 7 жетістікті ұсынып отырмыз.  

Екпе егу

Білесіздер ме? Екпе егуді ең алғаш болып ертедегі мұсылман түрік ғалымдары ойлап тапқан. Бүгінде көпшіліктің айтып жүргенідей, екпе егуді ең алғаш рет Пастер мен Дженнер ойлап тапқан жоқ. Оны ең алғаш болып, түріктер шығарған. Олар ең алғаш шешек ауруына (оспа) қарсы бірінші болып екпе еккен болатын. Ол кездегі еккен екпе шешек ауруын біржолата жойып жіберуге қауқарсыз болса да, оның жеңіл өтуіне септігін тигізді әрі адамды шешектің аса ауыр түріне шалдығудан қорғады. Бұл - Батыс еуропа медицинасы мұны жасағанға дейін шамамен 50 жыл бұрын жүзеге асқан.

Вакцинаны 1716-1718 жылдар аралығында Ыстамбұлдағы ағылшын елшісінің әйелі Леди Монтагу ресми түрде мойындаған. Леди Монтогу өзінің хаттарында бұл екпенің жасалу процесін және дер кезінде салынған мұндай вакцинаның ұлы Эдвардты қалай қауіптен құтқарып қалғанын жазған. Осылайша, екпе егу ем түрінің негізін қалаған мұсылман әлемі болды.

Хирургия және хирургиялық құралдар

Араб Андалусиясынан (Испания) шыққан дәрігер, хирург және химик әл-Захрауи 200-ден астам хирургиялық құрал ойлап тапқанын бірі білсе, бірі білмейді. Оның көпшілігі әлі күнге дейін қолданыста. Мысалы айтар болсақ: пинцет, скальпель, хирургиялық ине, тартқыш, шприц және кетгут тігісі т.б.. Әл-Зәхрауидің «әт-Тасриф» атты өте бағалы еңбегі Еуропада 500 жылдан астам уақыт бойы анықтамалық кітап ретінде пайдаланылып келді. Бұл кітапта мұрындағы бөртпелерді алып тастаудың жолдары және шыққан иықты емдеу тәсілдері т.б. осы сияқты көптеген ота түрлерінің қалай жасалу керектігі егжей-тегжейлі түсіндірілген.

Әбу әл-Қасим әл-Захрауи көптеген жетістіктерімен танымал ғалым, өйткені ол хирургиялық операциялар кезінде қос ілмектерді қолданған алғашқы дәрігер еді және ол темір түтік арқылы сүйелдерді емдеу әдісін ойлап тапқан.

әл-Захрауи үлкен артерияларды қосу арқылы қан кетуді тоқтатудың сәтті әдісін, жатырдағы өлі ұрықты алу аппаратын ойлап тапты, жатыр мойнын кеңейтетін құрылғыларды алғаш рет қолданды.

Ғалым жатырдан тыс жүктіліктің сипатын түсіндірді, клизмалар белгіледі, тілді, ауызды және бадамша безді тексеру үшін әдеттегі шприцтер мен арнайы қасықтарды қолданды, тістерді жұлу тәсілін сипаттады, сонымен қатар осы процедура кезінде жақтың сынуының себептерін атап өткен.

Қан айналымы және анатомия 

1616 жылы қан айналымы жүйесін алғаш рет ашқан ғалым ретінде Батыстағылар Уильям Гарвидті атаса да, одан 300 жыл бұрын өкпедегі қан айналымының сипаттамасы араб дәрігері Ибн ән-Нәфис тарапынан айтылып қойған болатын. Ән-Нәфис жүректің екі жартыдан тұратынын және қанның өкпе арқылы - жүректің бір жағынан екінші жағына өтетінін білген. 

Ән-Нәфис газ алмасу процесінің өкпеде жүретінін, өкпе тамырларының өкпе артерияларына қарағанда жуан болатынын, оң және сол қарынша қуыстарының арасында саңылау болмайтынын анықтай алды. Сондай-ақ ол көз бен мидың байланысын түсіндірген.

Ибн ән-Нәфистің көптеген маңызды медициналық еңбектері мен жазбалары бар, олардың бірі «Медициналық өнер туралы толық кітап» атты еңбегі. Бұл қолжазба тарихтағы ең үлкен медициналық энциклопедия болып саналады, өйткені онда медицина мен фармацевтика туралы ең маңызды ақпараттар қамтылған. Сонымен қатар, ол (ән-Нәфис) Ибн-Синаның «Канонындағы» анатомия бөліміне жазған пікірлерімен де танымал болды. Онда ол өкпе қан айналымын мұқият сипаттаған. Осылайша, Ибн Нәфис қан айналымын егжей-тегжейлі зерттеп, оған сипаттама берген алғашқы дәрігер болды.

Бүгінгі күнге дейін медицина ғылымында қолданып жүрген көптеген маңызды медициналық жаңалықтарды оған тиесілі етіледі. Ән-Нәфис физиологияның көптеген салаларына да елеулі үлес қосқан ғалым.

Медицина саласына жазылған еңбектерді тәржімалау

Мұсылмандардың медицина ғылымында бағаланбай қалған үлкен еңбектерінің бірі - Гален мен Гиппократтың грек, сирия, санскрит және пехлави тілдерінен араб тіліне және араб тілінен латын тіліне жасаған аудармалары. Бұл мәтіндер мұсылмандардың арқасында жойылып кетуден және соңында мүлдем ұмытылып қалудан аман қалды. Медициналық трактаттарды аударумен қатар, аудармашылар өздерінің тұжырымдамалары мен бақылауларын да қосып отырды.

Ауруханалар салынып, дәрігер мамандарды дайындау ісі алғаш рет қолға алынған

Мұсылмандар арасынан шыққан ұлы дәрігер Әл-Рази Бағдат қаласындағы «Аудиди» ауруханасын басқарып, ондағы көптеген қызметкерлерді оқытып, дайындап шығарған. Ертедегі бұл ислами медициналық орталықтарды қазіргі күнгімен салыстырсақ, толыққанды аурухана болған деп сенімді түрде айтуға болады. Онда әртүрлі ауруларды емдеу бөлімдері, дәрігерлік амбулаториялар, хирургиялық сауықтыру бөлімдері және дәріханалар орналасқан болатын.

Антисептік

Антисептікті - Джозеф Листер мен Амброуз Паре еуропа медицинасына енгізбей тұрып, көптеген жылдар бұрын мұсылман ауруханаларында жараларды тазарту үшін қолданған тұғын. 

Ауруларды диагностикалау

Ауруларды диагностикалау саласына мұсылман дәрігерлері зор үлес қосты. Шешек пен қызылша ауруының айырмашылығын алғаш түсіндірген әл-Рази болды. Әл-Рази «Балалар аурулары туралы кітап» жаза отырып «педиатрия» саласының негізін қалады.

Және де ұлы мұсылман дәрігері Ибн Сина туберкулез ауруын анықтап, жұқпалы аурулардың қалай таралатынын және карантиннің қажетті әдістерін сипаттап берген.

Медицина каноны

Ибн Синаның «Медицина каноны» атты еңбегі - медицина тарихындағы ең танымал және ең ықпалды кітаптардың бірі болып табылады. Ол еңбекте жаңа препараттарды сынақтан өткізу ережелері белгіленген. Ибн Синаның бұл еңбегі әлі де жоғарғы оқу орындарындағы медициналық курстарда пайдаланылып келеді...   

Мұсылмандар өздерінің өнертабыстары мен білімдерінің арқасында көптеген ғылыми салаларда өз замандастарынан озып, басқа да жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Бұл ең алдымен медицина саласына қатысты. Шынында да, тарихшылар растағандай, араб университеттері еуропалық студенттерге есіктерін айқара ашты. Ислам әлемінде медицина ғылымы дамығаны соншалықты, батыс елдерінің корольдары мен лауазымды тұлғалары мұсылман елдеріне жергілікті ауруханаларда емделу үшін келетін болған[1].

islam.kz/


[1] Ильмира Гафиятуллина: «Топ-7 достижений мусульманской медицины». Islamisemya com; Маджд Абу Райя: «Впечатляющие достижения арабов в медицине: от катетеров до удаления зубов (NoonPost, Египет)». Inosmi ru.

0 пікір