«Әйеліңнің қандай кемшілігі бар?»
«Әйеліңнің қандай кемшілігі бар?»
2 жыл бұрын 4133

Бір мұсылман жігіт өзінің жақсы араласатын жолдастарымен бірге отырғанда, бұл әйелімен ажырасатынын, оған талақ беретінін айтады. Онысын естіген жолдастары:

- Неге ондай шешімге келдің? Мүмкін бәрі дұрысталар. Асығыс шешім қабылдамағаның жөн. Өзің де білесің, дінімізде ажырасу ең соңғы шешім. «Рұқсат етілген амалдың ішінде Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу» делінген хадисте. Сол себепті, он ойланып, жүз толғанып барып бір шешімге келгенің дұрыс, - деп ақылдарын айтып жатты. Алайда жігіт:

- Бұл кеше қабылданған шешім емес. Бұрыннан ойланып жүрген нәрсе. Және де, әйелімдегі кемшілік сондай қадамға баруыма итермеледі, - деді.

- Ол қандай кемшілік өзі, сені талақ беруге шешім қабылдадып жатқан? – деп сұрайды жолдастары білгілері келіп. Жігіт болса айтудан бас тартады. Жолдастары қоймай: 

- Айтсаңшы, бізге де сабақ болсын, - деп қоймайды. Жігіт болса: 

- Достар, жарымның кемшілігіні сендерге қалай айтпақпын?  – деп үзілді, кесілді бас тартады.

Көп ұзамай жігіт әйелімен жақсылықпен ажырасып, айырылысады. Содан күндердің бірінде жолдастары үйіне жағдайын сұрап келіпті. Дастархан басында жолдастары екеуіне де өмірде өз орнын тауып кетулерін, өмір жалғаса беретіндігін айтып, ниеттерін білдіріп жатады. Кейін қайтар кезде жолдастары одан:

- Ажырасу себебін өткенде «жарымның кемшілігін қалай айтамын» деп, айтудан бас тарттың. Енді бұл жолы ажырасуға итермелеген кемшіліктерін айтатын шығарсың. Некеңді бұзып ажырасуыңа не себеп болды? – деп сұрайды олар.

Әлгі жігіт бұл жолы:

- Достар, бөтен әйелдің кемшілігін сендерге қалай айтпақпын?! – деген екен...

Ерлі-зайыптылар өздерінің араларындағы келеңсіз жағдайларды лаж болса, сыртқа айтпағандары абзал. Мына оқиғадағы жігіт «жарының кемшілігін» жасыру арқылы, оған деген адалдығын танытып, сыйын көрсетсе, ажырасқаннан кейін де кемшілігін паш етуден бас тарту арқылы, бөтен кісінің артынан ғайбат айтудан тартынған. Өкінішке орай, қазіргі таңда мұндай қырағылық әркезде сақтала бермейтіні мәлім. Тіпті кей жағдайларда ажырасқан әйелдің немесе еркектің артынан шын-өтірігі аралас неше түрлі әңгімелер өрбіп, бүкіл елге жайылып жатады. Негізінде ол екеуінің арасындағы түсініспеушілік - екі жастың арасындағы нәрсе. Құран Кәрімде Алла Тағала ажырасуға түбегейлі шешім шығарған мұсылманның, егер шешімінде табанды болса ешқандай зұлымдыққа бармай, өсек-аяндар жаймай «жақсылықпен ажырасуды» бұйырады: «Талақ айту – екі рет. (Одан кейін) Не әділдікпен ұстау керек немесе (үшінші талағын айтып) жақсылықпен ажырасу керек»[1].

А. Қасым


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 229 аят.

0 пікір