Тәкаппарлық – отбасын шайқалтатын кесір
Тәкаппарлық – отбасын шайқалтатын кесір
10 ай бұрын 1736
Асылбек Әуезханұлы

Иә, ерлі-зайыптылардың отбасылық жағдайлары бүгінгі қоғамда өткір тұрған маңызды мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, шаңырағы шайқалған бақытсыз жандардың саны күн өткен сайын азайып отырған жоқ. Көбейіп отыр. Кез келген қоғам отбасылардан құралады деген қағида баршамызға мәлім. Отбасылар жақсы болмаса, қоғам да жақсы болмайды. Отбасылар бақытты болмаса, қоғам да бақытты бола алмайды. Ресми статистика бойынша құрылған әрбір жүз отбасының отызы үйленгендеріне бір жыл толмай жатып ажырасуда. Шынын айту керек, бүгінгі қоғамның көп бөлігін асыраушысыз қалған жесірлер, әйел жылылығынан айырылған күйеулер, көздері жәутеңдеген тірі жетімдер құрап жатыр ма деп алаңдаймыз. Енді не істеу керек? Қайтсек, ажырасу кесепатының алдын аламыз? Міне, бұл сұрақ бәрімізді мазалауы керек, түн ұйқымызды қашыруы қажет? Бәріміз де соған мүдделіміз.

Өйткені әр адамның өзі де, бала-шағасы да, туған-туыс, ағайындары да бәрімізге ортақ қоғамның мүшесі. Өз отбасым аман болса, қалғаны күл болмаса, бүл болсын деген өзімшілдік тұжырым түбегейлі қате. Мысалы, біздің бала-шағамызды оқытатын мұғалімдер, ауыра қалса емдейтін дәрігерлер, олармен бірге доп ойнайтын достары белгілі бір отбасының мүшелері. Қалай дегенде де, бір отбасының күнделікті тіршілігі екінші бір отбасының мүшелерімен тамырласып жатыр. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та бүгінгі отбасылық түйткілдерге қарсы бүкіл жұрт болып жұмылуға тиіспіз.

Ал енді бүгін шаңырақтың шайқалуына көп жағдайда себеп болатын бір мінез төңірегінде әңгіме қозғауға тырысайық. Ол – менмендік, тәкаппарлық. Ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей менмендік мінезіне ие болса, ондай шаңырақтың ұзаққа бармасы анық. Себебі, адам бойындағы ең қатерлі мінез – осы тәкаппарлық. Адам түгіл шайтанның шайтан болуына да осы кесірлі мінез себеп болған. «Мен, мен, өзгелердің бәрінен мен артықпын», «менікі дұрыс, басқаныкі қате» деген пікір адамды тәкаппар етеді. Негізінде, өзін өзгелерден артық санайтын, өзімшіл мінезден арыла алмаған адам тек отбасын ғана емес, дүниедегі барлық нәрсені бүлдіріп бұзады. Тіпті өзге түгіл өз өмірін де быт-шыт етіп күйретеді. Сол үшін Алла тағала өз құлдарын жаратқан соң, не істесе соны істесін деп өз бетіне жібере салмай, оларға Құран, пайғамбар, ұждан деген секілді ұлы құндылықтарды сыйлады. Сондықтан Құранда хабар берілгендей, жер де, көк те, түн де, күндіз де, Ай да, Күн де – бұл дүниедегі барлық жаратылыс адамның қол астына, билігіне берілген. Бірақ адамның өзі Алланың билігінде болуға тиіс. Алла тағала адамнан өзге ешбір жаратылысқа Құран түсірген жоқ, пайғамбар жіберген жоқ. Тек адам баласын ғана сондай ұлы артықшылыққа бөледі.

Ендеше, Алланың құлы бола тұрып мен, мен деп кеуде керуге ешбір адамның ақысы жоқ. Тіпті өзіміздің кім болып жаратыларымызды білмейтін кезімізде біздің кім болып пайда боларымызды Алла білген. Ал тәкаппарлық деген мінез – сондай ұлы Жаратушымыздың бізге шариғат етіп бекіткен дініне тиісті көңіл бөлмей теріс қарау деген сөз. Сол үшін Алла тағала «Инфитар» сүресінде: «Әй, адам баласы, сені осыншалықты жомарт Раббың туралы алдаған, аздырған, адастырған не нәрсе? » деп бұйырады.

Ендеше, қасиетті дінімізде тәкаппарлыққа салынудың жөні жоқ. Шариғаттың ұсынатыны кішіпейілділік пен сыпайылық. Отбасында әйел де, еркек те кішіпейіл болса, қарапайым болса, онда отбасы да оңайлықпен бұзылмайды. Алла тағала барлық отбасылардың тәкаппарлық кесірінен сақтасын.

"Жанұя жарасымы".

0 пікір