Ата-ананың қабіріне жиі барып тұрасыз ба?
Ата-ананың қабіріне жиі барып тұрасыз ба?
2 жыл бұрын 11114
Әкім Алымуддинұлы

Ата-анамыз қайтыс болғаннан кейінгі ақысы – жиі-жиі қабірлерінің басына бару. Кез-келген жерде біз оларға Құран оқып бағыштап, дұға арнай аламыз. Дегенмен қабірлерінің басына бару олар үшін де, біз үшін де үлкен ізгілік. Себебі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм:

«Қабірлердің басына барыңдар. Қабір сендерге өлімді еске түсіреді», – деген[1].

Қабірлердің басына бару – бізге де қабірге кіретінімізді еске салып, етек-жеңімізді жиюға, ішкі жан дүние мен ой-пікірімізді електен өткізуге жол ашады әрі баратын жеріміздің қара жердің қойнауы екенін, бұл дүниенің өткінші екенін еске салады.

Бұрынғы аталарымыз өлімді әрдайым естен шығармаған. Сондықтан Шортанбай ақын:

Жалаңаш болып жауға шап,

Ажалдан бұрын өлер ме?

Ноқталы басқа бір өлім,

Өлмей де адам жүре ме? – деп өлеңіне қосқан[2].

Ал Әріп Тәңірбергенұлы:

Өлімнің жанды затқа болмағы хақ,

Өлімге өлшеулі дем арналған шақ.

Тірлікті босқа өткізбей ғапылатпен,

Өлімді ойлау керек осынан-ақ...

Өлімнен бұрын, өлмек қамын ойла,

Санаулы аз өмірді босқа жойма, – деп ой түйген[3].

Қазіргі таңда адамдар өлімді көп ойлай бермейді. Тіпті өлімді өзіне жақындатқысы келмейді. Дегенмен өлім – хақ. Бізге де бір күні кезек келеді. Бұл дүниедегі арман-тілектеріміз бітпесе де Әзірейілдің тырнағына ілінеміз. Сонда өзімізбен бірге байлық ретінде тек қана жүрегімізде, рухымызда, ниеттерімізде бар нәрселерді ғана алып кете аламыз. Жамбыл атамыз осы ақиқатты әсем тілмен жырында былай деп төккен екен:

Дос-жаранға, кемтарға

Қайырлы бол делінген!

Қылған қайыр болмаса,

Не әкетесің өмірден?

Дәулетіңнен не пайда

Таусылмайтын көрінген!

Жалғыз мұраң сол болар

Қол қайырым берілген.

Басқа дүние бәрі де

Көмілмейді кебінмен[4].

Сахаба Әбу Һурәйрә Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) анасының мазарына барып, жылағанын және қасына еріп барғандардың да Оған қосылып жылағанын баяндайды. Қалайша жыламасын! Пайғамбарымыздың саңлақ сахабалары Ол қуанса, жүректері жарылып кете жаздайтын, ол қайғырса, олардың да көңілін мұң шалып қайғыратын. Тіпті ғаламның өзі Ол қуанғанда қуанып, көзінен жас тамса, қосылып жылайтын. Себебі Ол болмаса әлем Ұлы Жаратушысын тани алмас, өмірлері салтанатқа айналмас еді ғой. Сондықтан көктегі періштелерден бастап, теңіздегі балыққа дейін Онымен тығыз байланыста болатын.

Хазірет Айша анамыз әкесі Әбу Бәкірден (р.а.) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына хадисін естігенін баяндайды:

«Ата-анасының немесе біреуінің қабірінің басына жұма күні барып, Ясин сүресін оқыған адамның кіші күнәлары кешіріледі»[5].

Сахаба Абдуллаһ ибн Омар Пайғамбарымыздан естіген сүйінші хабарын былай деп жеткізеді:

«Анасының немесе туысқандарының біреуінің қабіріне барған адамға хажж мәбрур (анасынан жаңа туғандай күнәсіз халге келтіретін қажылық) жасағандай сауап жазылады. Өмірінің соңына дейін өлгендерінің басына барып тұрған адам қайтыс болғаннан кейін періштелер оның қабіріне барып тұрады»[6].

Осман ибн Сәудәнің анасы өте діндар, тақуа кісі болатын. Айналасындағылар оны осы қасиетіне байланысты «Рахибә» деп атайтын. Осман ибн Сәудә анасы қайтыс болғаннан кейін әр жұма күні қабіріне баратын. Анасы мен сол мазардағы өлілердің рухтарына арнап дұға жасап, Алла тағаладан олар үшін кешірім тілейтін. Бір күні түсінде анасын көреді. Анасына:

«Анашым, жағдайың қалай?» – деп сұрайды. Анасы: «Балам, қабір әлемінің өзіне тән қиыншылығы бар. Алайда Аллаға  шүкір, мен бәрзах өлкесінің (қабірге енген сәттен ақыретке дейін жалғасатын кезең) әсемдігін тамашалаудамын. Ақыретке дейін райхан гүлдің иісін иіскеп, жібек төсекте отыратын болдым», – дейді. Осман анасынан: «Маған айтар тілегіңіз бар ма?» - деп сұрайды. Анасы: «Әр жұма бізге келіп тұратын әдетіңді тастама. Себебі мен жұма күні қабіріме келуге бел байлаған кезіңде сүйінші хабар аламын. Маған ол жерде былай дейді: «Ей, Рахибә, жанұясын үйінде тастап, саған қарай ұлың келе жатыр». Мен де, басқа қабірдегілер де бұған қатты қуанамыз», – дейді.

Қазіргі кезде адамдардың көпшілігі жұмысбасты, шаруалары тығыз. Осындай қарбалас дүниеде күйбең тіршіліктен аналарымыздың, әкелеріміздің және жақын туыстарымыздың қабірлеріне баруға уақыт таппай жатамыз. Кейбіріміз жұмыс бабымен ауылдан ұзап, алысжерлерге қоныстандық. Осыған қарамастан, ата-аналарымыздың қабіріне бара алмасақ та, Құран хатымын жасап, ізгі істер істеп, осылардың сауабын рухтарына бағыштасақ, соның өзі оларға үлкен қуаныш.

Фадл ибн Мәуқыф басынан өткен мына оқиғаны баяндайды:

«Әкемнің қабіріне жиі-жиі барып тұратын едім. Бір ретінде солай қарай жол алғанымда жаназа көріп қалдым. Жаназа намазына қатысайын дедім. Ары қарай басқа істеріммен шұғылданып кетіп, әкемнің қабіріне баруды ұмытып кетіппін. Бір күні түс көрдім. Түсімде әкем қабіріне неге  келмегенімді сұрады. Болған жайды баяндап бердім. Сонда әкем: «Алланы ң атымен ант етейін, сен көпірден өтіп, қабірімнің басына келіп отырғанға дейін жолыңды тосамын. Сен кетіп бара жатқанда да көпірден өтіп кеткенге дейін артыңнан қимай қарап тұрамын», – деді».

Адамның түсі ақиқатқа дәлел бола алмаса да, дегенмен ақиқатқа қарай ашылған қақпа іспеттес. Негізінен түстер көбінесе шындыққа жанаса бермейді. Тек қана таңға жақын көрілген түс қана ақиқатты білдіреді. Әсіресе ақырзаман таяп қалған қазіргі кезде адамдардың көрген түстерінің көбісі ақиқатқа жақын болады. Мұны бізге Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәлімдеген. Бұл түстер кейде тура сол көрілгендей шықса, кейде жору керек болады. Фадлдың түсі де ақиқатты білдіретін, бізге сабақ болатын түстердің бірі десек қателесе қоймаспыз иншалла.

«Жұмақтың кілті жаныңда».


[1] Муслим. Жәнайз. 105; Ибн Мажә. Жәнайз. 47.
[2] Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан. 46-бет, (құр: Қ. Мәдібаева, К. Жүністегі), Алматы, 1993.
[3] Ай, заман-ай, заман-ай. II, 224-бет.
[4] Ө. Күмісбаев. Жамбыл және Шығыс әдебиеті. ҚазҰУ хабаршсы. Шығыстану сериясы. №3 (28), 2004.
[5] әл-Мунауи. Фәйзул-Қадир. VI, 141-бет.
[6] әл-Хаким әт-Тирмизи. Нәуадирул-Усул. I, 126-бет.

0 пікір