Парыз деген не?
Парыз деген не?
9 жыл бұрын 23515

«Парыз» сөзі сөздікте «бір нәрсені нақтылау, белгілеу, бөлшектерге бөлу, белгіленген нәрсе және үлес» деген мағынаны береді. Ал терминдік мағынасы «жасалуы нақты әрі анық дәлелдермен бұйырылған амалдар мен міндеттер». Бұлар – Құран кәрімде бекітілген діннің бес діңгегі, яғни иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, шамасы жеткен адамның қажылыққа баруы.

Амалдардың парыздығын айқындайтын дәлелдер төмендегідей:

1)   Алла Тағала бір істің орындалуын бұйрық райында білдіріп, оның орындалмауына қатысты ешқандай себептің (қаринә) болмауы. Мысалы:  وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَ ارْكَعُوا مَعَ الرَّاكِعِينَ «Намаз оқып, зекет беріңдер, рукуғ жасаушылармен иіліңдер»[1], يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَوْفُوا بِالْعُقُودِ «Әй, иман келтіргендер, уәделеріңді орындаңдар...»[2] деген аяттар. Бірінші аятта «намаз оқы» сөзі бұйрық райында айтылған. Ал оны оқымау үшін ешбір себеп тілге тиек етілмеген.

2) Етістіктің «парыз етілді», «сендерге әмір етілді» деген сарында қолданылуы. Мысалы:  كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ  «Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгені сияқты сендерге де парыз етілді»[3]деген аят.

3)   Бұйрық раймен айтылған кейбір хабарлы сөйлемдер. Мысалы: «Ажырасқан әйелдер үш етеккір кезеңін күтеді»[4], وَالَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنْكُمْ وَ يَذَرُونَ أَزْوَاجًا يَتَرَبَّصْنَ بِأَنْفُسِهِنَّ أَرْبَعَةَ أَشْهُرٍ وَعَشْرًا «Күйеулері қайтыс болған әйелдер күйеуге шықпастан төрт ай, он күн күтеді»[5].

4)   Үкімнің белгілі бір топқа немесе бүкіл адамдарға міндеттелгенін білдіретін аяттар. Мысалы:  وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا «Шамасы келгендердің ол үйге (Қағбаға) қажылық жасауы Алла Тағала алдындағы міндеті»[6]деген аят қажылықтың парыздығын білдіреді.

5)   Жаратушы ие қандай да бір амалдың сауапты екенін білдіріп, мұның қарымы ретінде жақсылық, ал оны орындамаған жағдайда ауыр азапқа ұшырайтынын ескертсе, бұл оның парыз екенін білдіреді[7]. Парыздар екіге бөлінеді:

а) Парыз-айын

Әрбір мұсылман үшін орындауы тиісті парыздар. Парыз-айынды бір мұсылман орындағанымен басқа мұсылмандардың мойнынан жауапкершілік түспейді. Мысалы, намаз, ораза сияқты құлшылықтарды әр мұсылман өзі орындауы тиіс.

ә) Парыз-кифая

Әр мұсылманға жеке-жеке міндеттелмеген, мұсылмандардың арасынан бір топ атқарған жағдайда басқа мұсылмандардың жауапкершілігінен тыс қалатын міндеттер. Мұндай амалдарды ешкім орындамаса, онда  мұны естіген және орындауға шамасы келген мұсылмандардың барлығы жауапты әрі күнәһар болады. Мысалы, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, ілім іздеу, өнермен айналысу, куәлік ету, жаназа намазы т.б. амалдар. Егер бір мұсылманның жаназа намазына бірнеше мұсылман ғана қатысса, ол міндет көпшіліктің мойнынан түседі. Ал қайтыс болған мұсылманның жаназа намазына ешкім қатыспаса, онда мұны естіп,  біле тұра орындамаған баша мұсылмандар күнәһар болады. Парыз-кифаяның сауабы орындаған адамдарға ғана тиесілі, ал оны тәрк етудің күнәсі біле тұра, мүмкіншілігі бола тұра орындамаған  мұсылмандарға жүктеледі. 

 

Парыздың үкімі

Орындалуында үлкен сауап болғандықтан, парызды себепсіз орындамағандар дүниеде қайғы-мұңнан көз ашпайды, ақиретте де ауыр азапқа душар болмақ. Парызды парыз деп мойындамау мұсылманды діннен шығарады. Мысалы, «Намаз оқу парыз емес, арақ ішу харам емес» деп Құранда нақты әмір етілген нәрселерді мойындамау т.с.с. Алайда парыздың парыз екенін мойындаса, бірақ түрлі себептермен орындамаса, діннен шықпайды, бірақ күнәһар болады.

Ислам ғылымхалы

[1] «Бақара» сүресі, 43- аят.
[2] «Мәидә» сүресі, 1-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 183- аят.
[4] «Бақара» сүресі, 228- аят.
[5] «Бақара» сүресі, 234- аят.
[6] «Әли Имран» сүресі, 97-аят.
[7] Илмихал, Дианет ишлери башканлығы, Анкара 2006, 1-т. 165-166-б.

0 пікір