Құдайшыл студент пен атеист студенттің таласы және физика пәні мұғалімінің жасаған төрелігі (әңгіме)
Құдайшыл студент пен атеист студенттің таласы және физика пәні мұғалімінің жасаған төрелігі (әңгіме)
2 жыл бұрын 3950

Берік философия факультетінің студенті. Материалист. Атеистік бағыттағы философия саласының маманы болуды армандайды. Оның досы Ермек. Ол құдайға сенеді. Діндар. Мұсылман.

Күндердің бірінде Берік пен Ермек құдай жайында пікір таласып қалады. Ермек құдайдың барын айтып, оған әр түрлі ақли (логикалық) дәлелдер келтіріп, Құдайдың бар екенін дәлелдеуге тырысады. Берік болса досының айтқан дәлелдерін місе тұтпай, сол жөнінде өзінің уәждерін көлденең тартып, құдайды жоққа шығарады. Талас-тартыс ұзап, екі дос ортақ бір пікірге келе алмайды. Ақырында құдайшыл Ермек атеист досы Берікке:

- Екеуміз көршім, физика пәні мұғаліміне барайық, соның төрелігін тыңдайық, - деп ұсыныс білдіріпті. Берік келіседі.

Екеуі физика пәні мұғалімінің үйіне барады. Аман-саулық сұрасқаннан кейін, негізгі келу себебін айтып сөзді құдайға сенбейтін Берік бастайды:

- Ермек досым екеуміз құдайдың барлығы жайында пікір таластық. Мен оның келтірген дәлелдеріне қанағаттана алмадым. Айтыңызшы, менікі дұрыс па, досымдікі дұрыс па? Бірақ, бірден айтайын, анша-мұнша құрғақ сөздерге иланбаймын. Маған анық, нақты дәлелдер керек дейді.

Беріктің өтінішіне физика пәні мұғалімі:

-  Саған, еш алып-қашпасыз, қарапайым дәлел айтайын, қанағаттанар ма едің? – дейді.

- Қандай дәлел? Бар болса, айтыңыз! Қанша уақыт сондай бір қанағаттанарлық дәлел күтіп жүрмін, - дейді Берік.

Сонда физика пәні мұғалімі оған:

- Мен саған үш түрлі сұрақ сұраймын, үшеуінің бірін таңдау еркіндігін өзіңе қалдырамын, үшеуінің бірін таңдағын, - дейді де үш сауалды қояды: Сен қазыр барсың, құдайға шүкір дейік. Енді саған сұрақ:  

  1. Сені бар еткен өзің бе? (Сен өз-өзіңді бар еттің бе?)
  2. Әлде ешкім және ешнәрсе жаратпай, осы бар күйінше табыла қалдың ба?
  3. Не болмаса, сені таңғажайып құдірет күші бар бір құдай жасады ма? – дейді мұғалім.

Берік физика пәнінің қойған үш түрлі сұрақ түріндегі уәждің қайсысын таңдарын білмей дел-сал болады. Бірінші мен екінші сұраққа «иә» деп жауап берейін десе, шындыққа жанаспайды. Адам өз-өзін жаратушы ма еді!? Өздігінен пайда бола салды десе де ақылға қонымсыз. Өйткені, осыншалықты керемет бейнеде, бүге-шүгесіне дейін ойланып, шеберлікпен жасалған адам ағзасын өздігінен бола салды деу де ақылға қонымсыз. 

«Өзімді өзім жараттым» десін бе, әлде «мені еш нәрсе жаратпады, осы күйімше табыла салдым» десе ме екен? Не болмаса, құдіреті күшті және білгір бейнебір Ұлы Жаратушының барын мойындаса ма екен? Мойындайын десе, құдай жоқ делінетін тезіс төңірегіне құрған дәлелдерінің бәрін тас-талқанын шығарады. Не істесе екен?

Олай ойланып, бұлай ойланып, басы қатқан Берік, ақырында төмен түсіп кеткен басын көтереді де физика пәні мұғаліміне қарап:

- Мойындаудан басқа шара жоқ сияқты. Мен - жаратылғанмын. Және мені жаратқан бір жаратушының болуы міндетті! – дейді.

Сол арада, досы Ермек тосыннан:

- Ондай бір жаратушы кім болуы мүмкін? Ол кім деп ойлайсың? – деп сұрайды.

- Кім екенін білмедім, - дейді Берік.

- Ақылға салсақ, жауабын табу оңай. Жаратылыстардың ішіндегі ең ақылды болып саналатын адам баласы өз-өзін жаратпаған болса, сенің ойыңша, одан өзге оны кім жаратқан болуы мүмкін? – дейді досы Ерік. Алайда диалогты одан әрі жалғастырғысы келмеген Берік, ол мәселені келесі отырысқа қалдырайық дейді де орнынан тұрып кете барады...

Арабшадан аударылды, адам есімдері қазақшаға ауыстырылды. 
Аударған: А. Қасым.

0 пікір