Әзіреті Хасанның пысық құлы (оқиға)
Әзіреті Хасанның пысық құлы (оқиға)
2 жыл бұрын 3871

Әзіреті Әлидің ұлы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті немересі Хасанның (радияллаһу анһ) бір пысық құлы болыпты. Бір күні әлгі құлы жазаға лайықты бір оғаш қылық жасап қояды. Әзіреті Хасан (р.а.) оны жазалауды бұйырады. Алайда пысық құл сол арада:

- Уа, Мырзам! Алла Тағала Құран Кәрімде мүміндерді сипаттай келе: «олар ... ашуларын жеңе білгендер...» («уәл Кәзыйминаль ғойза») деп бұйырмап па еді?! – дейді.

Аятты естігеннен кейін Әзіреті Хасан:

- Оны жазаламаңдар, - дейді.

Құл жазадан аман қалғанына қуанады, бірақ қожайынының кешірімін де алғысы келіп:

- Уа, мырзам! Алла Тағала мүміндер жайында «... адамдарды кешіре білетіндер...» («уалъафина анин нас») деп бұйырмап па еді? -  дейді тағы.

Әзіреті Хасан болса:

- Ей, қызметшім! Сені кешірдім! – дейді.

Құлы мұнымен шектелгісі келмей және былай дейді:

- Уа, мырзам! Алла Тағала: «Алла жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» деген емес пе еді? – дейді.

Сонда Әзіреті Хасан:

-  Сені Алла ризалығы үшін азат еттім. Оған қоса, саған берген дүниеме бірнеше есе қосып бердім» - деп, құлына азаттық сыйлаған, онымен қоймай қомақты дүние де қосып берген екен (Радияллаһу анһ).

0 пікір