"Құл һуалла" сүресінің артықшылықтары жайында
"Құл һуалла" сүресінің артықшылықтары жайында
2 жыл бұрын 9446

«Ықылас» сүресі –Мекке қаласында түскен. Реттік саны бойынша Құранның 112-ші сүресі. Ықылас сүресі – 4 аяттан, 47 әріптен және 15 сөзден тұрады.

Бұл сүренің түсу себебіне байланысты түрлі риуаяттар келген. Соның бірінде, табиғин Даххак, тәбиғин Қатәдә және тәбиғин Мұқатил Ықылас сүресінің түсу себебін былай деп әңгімелейді: «Йудаизм дін адамдары Пайғамбарға келіп (с.а.у.): «Ей, Мұхаммед! Құдайыңды бізге сипаттап берші! Мүмкін естіп, иман келтіріп қалармыз. Алла Тағала өзін «Тәурат» кітабында сипаттаған болатын. Сен айтшы! Құдай қандай материялдан: алтыннан ба, мыстан ба немесе жезден бе, әлде темірден бе, не күмістен бе? Ол су іше ме, тамақ жей ме? Мұрагері бар ма? Өзі біреуге мұрагер бола ма?» - деп сұрады. Сонда Алла Тағала «Ықылас» сүресін түсірді». Басқа бір риуаятта Мекке мүшріктері Мұхаммед пайғамбардан «Құдайыңды түсіндірші» дегенде, аталмыш сүре түсті делінеді[1].

Енді қасиетті сүренің қасиеті жайында бір-екі ауыз айтар болсақ. «Ықылас» сүресінің артықшылықтары мен оқыған кісіге тигізер пайдаларын баяндаған хадистер баршылық. Олардың бәрі аталмыш сүренің қасиетін айрықша дәріптеп, қысқалығына қарамастан ұлық сүре болғандығын білдіреді. Ықылас сүресінің артықшылықтары төмендегінше: 

1) Құранның үштен біріне татиды. Бұл дегеніміз, Ықылас сүресін үш қайтара оқыған кісіге Құранның бәрін оқығанның сауабы беріледі деген сөз. Бұған байланысты сахаба Әбу Дәрда (радияллаһу анһ) былай әңгімелейді: «Алла елшісі: «Құранның үште бірін бір түнде оқу сендерге қиын ба?» - деп сұрады. Мен: «Оған кімнің күші жетеді, уа Расулалла?» - дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Құл һуалланы оқыңдар!» - деп айтты», - дейді сахаба (р.а.)[2].

2) Кедейліктен қорғайды. Бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігі айтылған: «Кім үйіне кірерде Ықылас сүресін оқыса, сол үйдегі жанұясынан және көршілерінен кедейлікті ұзақтатады»[3]. Үйіне кірген кісі, егер үйде адам болса, сәлем беріп, одан соң «Ықылас» сүресін бір рет оқысын. Ал үйде ешкім болмаса Пайғамбарға салауат айтып, «Ықылас» сүресін бір рет оқысын. «Солай еткен жағдайда ризық-несібесі асып-тасып көршілеріне дейін жетеді» дейді тәпсірші ғалымдар.

3) Адамның пейішке кіруіне себепкер. Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта, ол былай деп әңгімелейді: «Алла елшісі (с.а.у.) бір ер адамның Құл һуалланы оқып отырғанын естиді. Естіп «Міндет болды» деп айтты. Сонда қасындағылар: «Уа, Расулалла! Не міндет болды?» - деп сұрады. Ол (с.а.у.): «Оған пейіш міндет болды!» деп жауап берді»[4]. Сахаба Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) айтысына қарағанда, «Аңсарлардан бір ер адам Құба мешітінде жамағатқа имам болады екен. Ол имамдыққа шыққан сайын «Ықылас» сүресін және оған қосымша тағы бір сүре оқиды екен. Осылай барлық рәкәғаттарында Ықыласты қайталап оқитын болған. Күндердің бірінде Алла елшісі (с.а.у.) одан: «Уа, пәленше! Әр рәкәғатта тек осы сүрені оқуға сені итермелейтін не нәрсе?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Мен ол сүрені жақсы көремін» - деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Сенің оған деген махаббатың, сені пейішке кіргізеді!» - деген екен[5].

4) Оны оқыған адамның дұғасы қабыл болады. Бірде Алла елшісі бір кісінің Ықылас сүресінің аяттарын дұғасына араластырып оқып, былай дегенін естиді: «Аллаһуммә инни әс’әлукә, биәнни әшһәдү әннәкә әнтә Аллаһ. Лә иләһә иллә әнтәл Ахаду, ас-Самаду әлләзи ләм ялид уә ләм юләд, уә ләм якун ләһу куфуан ахад». Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған:« Күмәнсіз сен Алладан оның ұлық есімімен сұрап отырсың. Ол есімді айта отырып сұраған кісіге сұрағаны беріледі, тілеген дұғасы қабыл болады» - дейді.[6].

5) Түрлі жын-шайтандардың кесірінен сақтайды. Айша анамыз былай деген: «Пайғамбар (с.а.у.) төсегіне жатқан кезде Ықылас сүресін және «Фәләқ» пен «Нас» сүрелерін оқып, денесінің қол жеткен жерлерін сипап шығатын[7].

6) Құранның ең абзал сүресі. Сахаба Ұқба ибн Амир былай әңгімелейді: «Маған Алла елшісі (с.а.у.): «Саған тәурат, інжіл, забур және Құран кітабындағы сүрелердің ең қайырлы сүресін айтайын ба?» - деді. Мен: «Айтыңыз» - дедім. Сонда Ол (с.а.у.) маған «Құл һуаллаһу ахадты», «Құл әъузу бироббиль Фәләқты» және «Құл әъузу бироббиннәсті» оқыды. Кейін артынан: «Уа, Ұқба! Бұл үш сүрені ұмытпағын және түнде осы үш сүрені оқымай жатпа!» - деді"- дейді ардақты сахаба.

Алла осы сүрені оқыған жандарға екі дүние бақытын сыйласын!


[1] Ахмед ибн Мұхаммәд әс-Сәъләбий: «Тәфсиру әс-Сәъләби» (әл-Кәшфу уәл баяну ъан тәфсириль Құран» - Ықылас сүресінің тәпсірі.
[2] Имам Ахмед: «Мүснәд». 6/442.
[3] Һәйсәми: «Мәжмәъуз-Зәуәид».
[4] Имам Ахмед: «Мүснәд». 2/302.
[5] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[6] Әбу Дәуід; Тирмизи; Ибн Мәжә; Ахмәд ибн Ханбәл.
[7] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым
0 пікір