Халифа Әзіреті Омардың, Әбу Мұса Әшғариді әкім қылып тағайындар кезде айтқаны
Халифа Әзіреті Омардың, Әбу Мұса Әшғариді әкім қылып тағайындар кезде айтқаны
2 жыл бұрын 2966

Дабба ибн Михсан риуаят етеді: Омар (р.а.) Әбу Мұсаға (р.а.) мынадай хат жолдайды:

«Адамдар өз басшыларынан қаймығады. Осындай жағдайдан, яғни халықтан алшақ тұратын басшы болудан Алла сақтасын. Күн ұясына батып бара жатса да, айыбы дәлелденіп, үкімі шыққан кінәліні жазалап үлгер.

Бірі Аллаға , арғы дүниеге, екіншісі мына жалғанға тән іс–әрекеттің бірін таңдауға тура келген жағдайда адамға қайырлы, Аллаға жағымды істі таңда. Өйткені бұл дүние өткінші, ал ақырет мәңгілік. Қарсы шыққандардың топтасып, күшейіп кетуіне мүмкіндік берме, оларды таратып жіберуге тырыс. Мұсылман науқастардың көңілін сұра, жаназаларына қатыс, есігің әрдайым оларға ашық болсын. Қажет болған жағдайда олардың шаруасын тындыр. Өйткені сен де солардың бірісің. Жалғыз айырмашылығың – сенің жүгіңнің олардікінен де ауыр болуында.

Естуімше, сен және сенің отбасың тұрмыс-тіршілігіңмен басқалардан ерекшеленеді екенсіңдер. Басқа мұсылмандардан жайлы өмір сүретін көрінесіңдер. Ей, Алланың құлы! Сені шөбі шүйгін жерге жайылып, семіруден басқа ойы жоқ, семірген соң сойылатын малдың күйіне енуден сақтандырамын. Біліп қой, басшылар ақиқаттан адасқанда, халық та тура жолдан алыстайды. Адамдардың ең бақытсызы – халқын жоқшылыққа сүйреген басшы»1.

Даххактың риуаяты бойынша, Омар (р.а.) Әбу Мұса әл-Әшғариға (р.а.) былай деп хат жазады:

«Адамның табысқа жетуі оның бүгінгі істі ертеңге қалдырмауына байланысты. Егер жұмыстарыңды дер кезінде орындамасаңдар, олардың қайсысынан бастауды білмей, әрі-сәрі күй кешіп, бәрін шатастырып бітесіңдер. Егер сендердің араларыңнан кімде-кім дүние мен ақыретке қатысты мәселеге кез болсаңдар, ақыретте өздеріңе септігі тиетін істі таңдаңдар. Өйткені дүние өткінші, ал ақырет мәңгі. Алланы құрметтеңдер, Оның кітабын үйреніңдер. Өйткені ол – ғылымдардың қайнар көзі»2 .

Омардың Ала ибн Әл-Хадрамиге айтқаны

Шаби (р.а.) риуаят етеді: Омар (р.а.) Бахрейндегі Ала ибн әл-Хадрамиге былай деп хат жазады:

«Утба ибн Ғазуанға барып жолық, оның қызметін саған тапсырдым. Мынаны жақсы біліп ал, сен Алла құзырында үлкен сыйлар уәде етілген алғашқы мұһажырлардың бірінің қасына бара жатырсың. Мен оның абыройын төмен санап, дінге селқостық танытқандықтан қызметтен босатқан жоқпын. Орнына сені тағайындау себебім: аталмыш аймақтағы мұсылмандарға одан гөрі, сенің пайдаң көбірек тие ме деп ойлаймын.

Сол себепті Утбаның қадірін біл, оны құрметте. Сенің алдыңда бір адамды әкім етіп тағайындаған едім, алайда қызметіне кіріспей жатып көз жұмды. Егер Алла сені осы қызметке қолай көріп, қаласа, жазмыштан озмыш жоқ, егер Утбаның әкім болып қалуын қаласа, Алланың үкіміне қарсы келе алмаймыз.

Мынаны жақсы біл. Жаратылу мақсатыңды ешқашан ұмытпа, оған айрықша мән бер, сол жолда ақтық демің үзілгенше, тырысып-тырмысып әрекет ет. Дүние өткінші, ал ақырет мәңгілік. Уақытша нығметтер жайлаған мына дүниенің сені арбап, мәңгілік азапқа салатын қауіпін ұмытпа. Алланың азабынан сақтауы үшін Аллаға сыйын. Алла қалаған құлына даналықты нәсіп етеді. Аллаһтан бізді және сені Өзіне сыйынып, азабынан сақтасын, мейірімінен шет қалдырмасын деп тілейік...»3.

"Сахабалар салған сара жол".


 1әл-Хинди, Кәнзул-уммал 5/889 (14209)
2әл-Хинди, Кәнзул-уммал 16/188 (44205)
3әл-Хинди, Кәнзул-уммал 5/889 (14207)

0 пікір