Құран мен хадиске сәйкес психикалық денсаулыққа арналған ең маңызды 10 кеңес (2 бөлім)
Құран мен хадиске сәйкес психикалық денсаулыққа арналған ең маңызды 10 кеңес (2 бөлім)
3 жыл бұрын 5520

Құран мен хадиске сәйкес психикалық денсаулыққа арналған ең маңызды 10 кеңес (2 бөлім)

(1 бөлім: Құран мен хадиске сәйкес психикалық денсаулыққа арналған ең маңызды 10 кеңес)

7. Болашаққа инвестиция салу. Болашақ туралы алаңдамау маңызды болғанымен, өмірдегі басты мақсатымыз - Алланың разылығын алу екенін ұмытпауымыз қажет әрі біздің таңдауымыз, жасаған әрбір іс-әрекетіміз оны айқындауы тиіс. Сіздің болашақ өміріңізге инвестиция салуыңыздың ең жақсы тәсілдерінің бірі - жария садақа беру. «Мүмінге ол қайтыс болғаннан кейін жететін жақсылықтар: оның алған әрі елге таратқан білімі; әділ, тура жолдағы ұлы; мұра ретінде қалдырған Құран көшірмесі; ол салған мешіт; жолаушылар үшін салған үйі; ол қазған су көзі; денсаулығы болған кезде берген садақасы - бұл жұмыстар оған қайтыс болғаннан кейін де оған жетеді» (Ибн Мәжә).

Жария садақа дегеніміз - қайталанатын пайда әкелетін үздіксіз қайырымдылық жұмысы. Біздің күнделікті жылдам және қарбалас тіршілігімізде әрбір іс-әрекеттің маңызды болатынын есте сақтау күрделі. Біздің игі амалдарымыз  айналамызға күннің сәулесіндей позитивтің толқынын тудырады әрі күн сайын бұл жайында есте ұстаған жөн. Садақа шынымен де сіздің психикалық денсаулығыңызға пайдалы өзгерістер жасап жатқаныңызды сездіреді. Шамалы болып көрінетін әрекет сансыз сауап пен марапаттарға әкелуі мүмкін.

8. Өзіңізді позитивті адамдармен қоршаңыз. Тағы бір практикалық кеңес. Сіздің жейтін тамағыңыз психикалық денсаулығыңызға қалай ықпал ететіні тәрізді айналаңыздағы адамдар сізге жағымды және жағымсыз түрде әсер ете алады. Сондықтан, біріншіден, сіз теріс ойлы жағымсыз адамдардың сөздерін, яки әрекеттерін өз есебіңізге қабылдаудың ешбір  қажеттілігі жоқ.

Айтқаннан гөрі оңай! Сіздің қасыңызда зиянды, тез ашуланшақ және жалпы жағымсыз, теріс пиғылды адамдар болса, олар сіздің көңіл-күйіңізге жайсыз ықпал етеді. Олардың кейбір тұспалдап сөйлеуінен жаныңыз жабырқап, көңіліңіз күңіреніп, өзіңізді қораш сезінуіңіз мүмкін, сөздері арқылы күйзеліске түсуге мәжбүр ететіндері де болады.  Көбінесе мұндай  адамдар сіз оларға қаншалықты қарсы тұрсаңыз да, кеңес берсеңіз де өзгермейді. Сіз жасай алатын жалғыз нәрсе-оларды елемеу, сөздерін жүректің қақпасына жеткізбеу және олардың деңгейіне түспейтіндігіңізге көз жеткізу. «Рахманның құлдары жерде сыпайы түрде жүріп, оларға білместер тіл тигізсе де: «Сәлеметшілік» деп, дұрыс жауап береді»  (Құран, 25: 63). Жағымсыз адамдарды әрдайым біздің өмірімізден алып тастау мүмкін емес: олар әріптестер, таныстар, ескі таныстар, тіпті отбасы мүшелері де  бола алады. Бұл жағдайда біз олармен қарым-қатынасымызды басқаруымыз керек. Өзімізді олардың жағымсыз толқынында жоғалтып алмауымыз- ең маңыздысы болып табылады.    

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жағымсыз көзқарастармен күресудің ең үздік үлгісі бола білді. Оны туыстары мен көршілері жиі мазақ етіп, қорлап, шабуылдаған. Алайда жүрегі жұмсақ, мінезі көркем, сөздері мейірімге тұнған Алла Елшісінің (с.а.у.) Аллаға деген сенімі ешқашан әлсіреген жоқ. Екінші жағынан, өзімізді позитивті адамдармен қоршау да маңызды: олар бізді бақытты сезінуге және өз-өзімізбен болуға көмектеседі.

«Жақсы дос мускус сатушысына ұқсайды: мускус сатып алмасаңыз да, хош иістен аулақ бола алмайсыз. Жаман дос темір ұстасына ұқсайды: күйемен кірлемесе де, түтіннен қашып құтыла алмайсың» (Бұхари).

Жағымды, қамқор және өзіңді қабылдаған жайлы атмосферада болу сіздің психикалық денсаулығыңызды тепе-теңдікке әкеледі. Осы жағдайда сіз өзіңізді тыныштықтың саясында, сабырлы және бақытты сезінесіз. Өз-өзіңізді бағалауыңыз артады, нәтижесінде осындай қарым-қатынастан денсаулыққа  әлдеқайда жағымды күй туындайды.

9. Күйзеліспен күресу қабілетіңізге сеніңіз. Өмірлік жағдайда денсаулық, жұмыс, ақша немесе отбасы мәселесінде болсын, әркім күйзелісті бастан кешіреді. Міндеттеріңіз бен мәселелеріңіз тым көп болған кезде үш нәрсе жасауыңыз керек. Алдымен бәрін жиі ойлап, басыңызда айналдыра бермей, барлығын тоқтататындай етіп жазыңыз.

Осы жазылған дүниені ​​қайталап қарау сізге барлық мәселенің қалай тиімді басқаруға болатындығын түсінуге көмектеседі немесе тіпті олардың кейбіреулерін жай ғана жоюға, ұмытуға, шешімін табуға, болмаса біреуге беруге болатындығын айқындауға мүмкіндік береді. Екіншіден, сіздің уақытыңыз тым қарбалас болғанның өзінде де, күйзелістен құтылуға уақытыңыз, күшіңіз бар екеніне көз жеткізесіз.

Алайда біз материалдық тұрғыдан "өнімділік" пен "табысты" анықтауға бейімбіз, бірақ бұл оң пікір емес, барлық құндылықтарды тек материалық тұрғыдан ғана өлшеу  сіздің психикалық денсаулығыңызға үлкен зиян тигізеді. Күйзелістен арылу, өз уақытында серпілу сізге барлығынан үзіліс жасап, қуаттануға жәрдемдеседі.

Сіз қандай-да бір пайдалы жаттығу немесе йога жасайсыз ба,  тағылымды фильм көресіз бе,  өнімді іспен айналысасыз ба немесе жай ғана диванда жатасыз - демалуға көмектесетін нәрсе тауып, оны күн сайын жасаңыз. Үшіншіден, ең бастысы, сіздің бір басыңызға тым көп нәрсе үйілгендей сезінсеңіз де, олай емес екенін ұмытпаңыз, миыңызды қуаттандырыңыз.

Сізде көп нәрсе болуы ықтимал, алайда сіздің сабырыңыз, шамаңыз оған жетеді. «Алла Тағала  кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына» (Құран, 2:286).

Сізде өмірде кездесетін кез келген қиындықтар мен ауыртпалықтарға төтеп беруге болатындай күш пен қабілет бар. Өз қабілетіңізге сеніңіз, әрқашан Ұлы Жаратушының  сізге қамқор болатындығына кәміл сеніңіз. Алла-бәрін естуші әрі білуші, ерекше қамқор. Қиын-қыстау кезеңде де Алладан ауыртпалығыңызға көмектесуін әрі оны жеңілдетуін сұраңыз: «Я, Алла! Расында, мен саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сарандық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығы мен адамдардың қыспағынан Өзіңе сиынамын!» (Бұхари).

Өзіңіздің жағдайыңызға арналған және бірқатар мәселелерді қамтитын арнайы дұғаларды және мына дұғаны оқыңыз. Осыдан біздің соңғы оныншы кеңесіміз шығады.

10. Көмек сұраңыз, жалғыз азап шекпеңіз! Сіздің психикалық денсаулығыңызға қамқорлық жасаудың бір бөлігі - басқалардан сізге қашан көмек сұрау керектігін білу. Яғни, ең бастысы, Жаратушыдан жәрдем сұрау, Аллаға дұғамен жалбарыну, отбасыңыз бен  жанашырларыңызға бастан кешіп жатқан жағдайды айтып, кеңес сұраңыз. Егер сіз олармен сөйлесе алмайтын болсаңыз немесе психикалық денсаулығыңыз өте төмен болса, дәрігеріңізбен кеңесіңіз, яки мазасыздықты жеңілдетуге себепкер болатын психологтан кеңес алыңыз.

Сіздің жағдайыңызда көмек сұрауыңыздың ешбір әбестігі жоқ. Тек күйзеліспен күресуге қаншалықты сену қиын болса да, көп қажыр, қайратты жұмсауды қажет етеді. Сіздің мәселеңізді бөлуге, түсіндіруге немесе түсінуге болмайтынын сезінбеңіз. Сондай-ақ сіз оларға қиын уақытта жәрдемдескеніңіз сияқты сізді жақсы көретін адамдар сізге күрделі кезеңде көмек қолын созғысы келеді. Біз бұл мақаланы  тірліктің түрлі кезеңдерінде әрқайсымыз жадымызда сақтауымыз үшін Құранның хикметке тұнған терең мағыналы аятымен тәмамдаймыз: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар» (Құран, 94: 5-6). 

Аударған: Меруерт Мухамадиева
Дереккөз: islam.plus

0 пікір